АЯЛДАМАЛАР САНЫ АРТУДА

282 көрілім

Қаламыз күн өте қарқынды дамып жатыр. Сөзімізге дәлел бола алатын біршама мекемелер мен көпқабатты үйлерді тізбектесек те болады. Жыл басында Түркістан облыстық полиция басқармасы, спортшыларға арналған «Мұз айдыны» және EXED секілді жаңа нысандар бой көтерді. Сондай-ақ, қаламыздың дамығанының тағы бір белгісі қаладағы адам санының өсуі. Адам саны көбейген сайын қаланың көлемі де ұлғаяры сөзсіз. Қаланың үлкейгені тұрғындар тарапынан да бірнеше мәселеге әкеп тірейді. Мәселен, қала тұрғындарының бірі шаһарымыздың шетіне қоныстанғандықтан ол жаққа қоғамдық көліктің араға сағат салып келетінін алға тартса, енді бірі аялдама жырын жырлайды.  Автобус мәселесі мен аялдама мәселесін тілге тиек етер болсақ осы тақырыпты кеңінен тарқатайық. Жуырда шаһарымызға жаяу жүргіншілерді тасымалдауға су жаңа 29 қоғамдық көлік өз қызметін бастаған болатын. Жаңа дегенде құлағымыз елең етері сөзсіз. Дегенмен, осы қоғамдық көліктер аялдайтын аялдамалар көңілімізден шыға алады ма?

​- Қаламыз дамып жатыр, өсіп жатыр, көркейіп жатыр. Дегенмен, қала ішінде жүретін қоғамдық көліктер мен аялдамаларды бір жаңарту керек деп ойлаймын. Жақында ғана қаламызға жаңадан қоғамдық көліктер келді ғой солардың қатарын толтырып, санын арттырса нұр үстіне нұр болушы еді. Ал енді аялдамаларға келер болсақ. Салыстырмалы түрде бұрынғыға қарағанда әлде қайда жақсы әрі қолайлы. Жаз кезінде көлеңкелейтін орын таппай тұрушы едік, ал қазір мүлдем бөлек әңгіме. Қыста қара суықта қоғамдық көлік келгенге дейін паналайтын жылы орын таппай тұрушы едік ол мәселе де өз шешімін тапты! – дейді, Әсем Өмірбай.

​Қала тұрғындарының ойы осындай. Ендігі бағытымызды Түркістан қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне бұрдық. Жауапты мамандардың мәліметінше:

2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін қала аумағына 212 аялдама нысаны орнатылып (2022 жылы 150 орынға, 2023 жылы 62 орынға), қоғамдық көліктер қатынайтын басты көшелер аялдама нысандарымен қамтылған десек те болады. Қаламызға соңғы орнатылып жатқан аялдама нысандары жаңа үлгіде, стандарттарға сәйкес (закаленное стекло) жабдықталған. 1 аялдама комплексінде – аялдама қалташасы, нысан аумағындағы аяқжол құрылысы, аялдама павильоні қарастырылған.

Түркістан қаласы аумағының ұлғаюына, сондай-ақ, жаңа қоғамдық көлік бағыттары қосылып, қолданыстағы бағыттардың жол жүру сызбалары тұрғындардың өтінімдеріне сондай-ақ өзгеруіне байланысты қаламызда қазіргі уақытта қосымша 244 аялдама нысанын орнату қажеттілігі бар. Түркістан қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі тарапынан алдағы уақытта қажетті орындарға кезең-кезеңімен құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Міне, жауапты мекеменің қазіргі жүргізіп жатқан жұмыстары осындай.

Бүгінгі мен кешегіге салыстырмалы түрде көз жүгіртсек қаланың дамуына көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны бәрімізге мәлім. Егерде дәл қоғамдық көлік пен аялдамаларға көз салсақ ескі қоғамдық көліктердің бірте-бірте кеміп жатқанын көруге болады. Сондай-ақ, туристтік қаланың ескі аялдамалары мен жаңаларын салыстыруға мүлдем келмесі де сөзсіз. Жазы ыстық қалада көлеңкелеуге арналған аялдамалардың өзі жоқтың қасы болатын. Ал қыс мезгілінде қара суықтың денеге өткенінде ықтайтын да жер таппай қалатынбыз. Бұл бұрын болды десек те болады.  Ал қазіргі кезде де шаһарымыздың жағдайы жақсарды. Тіпті, бүгінде аялдамалардың әр қайсысында аялдаушыларға тегін WI-FI құрылғысы да қарастырылған. Бұл аз десеңіз кей аялдамаларда арнайы тамақатанатын орындар да кездеседі. Жоғарыда айтылғандай жаз мезгілінде көлеңкелемек тұрмақ қазіргі аялдамаларда тіпті салқындататын да арнайы құрылғылар орнатылған. Ал қара суық қыс мезгілінде керісінше жылынып алуға жағдай бар.

Зағипа ӘБЕН

ХҚТУ 4 курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы