Жасыл карта немесе ағылшынша Permanent Resident Card – шетелдік азаматтарға АҚШ-та тұрақты негізде тұру және жұмыс істеу құқығын беретін құжат. Тарихқа көз жүгіртер болсақ жасыл карта тұжырымдамасы 1940 жылы АҚШ конгресі отбасылық иммиграцияны қолдау заңнамасына бағыттала отырып қабылданған. Ал, жасыл түс картаға 1943 жылы қосылды. Содан бері жасыл карта Америка Құрама Штаттарында тұрақты резидент мәртебесінің символына айналды.
Гринн карта иегері атану аса оңай жұмыс емес. Ол үшін сіз белгілі бір талаптар мен міндеттемелерден өтуіңіз керек. Бұл картаны алудың бірнеше жолы бар. Ең көп таралған жолдардың бірі – отбасылық иммиграция. АҚШ азамматтары немесе тұрақты тұрғындары өз отбасы мүшелеріне жасыл картаны алу үшін өтініш бере алады. Бұл санатқа жұбайлары, ата-анасы және басқа да туыстары кіреді.
Тағы бір жолы – Америка Құрама Штаттарында жұмысқа орналасу арқылы жасыл карта алу. Яғни, жұмыс беруші сіздің АҚШ-та талап етілетін дағдылармен тәжірибесі бар екенін дәлелдейтін өтініш бере алады, сол арқылы сіз картаның иегері атанасыз. Сондай-ақ, жасыл картаның алу жолының көп тараған түрі лотерея арқылы қол жеткізу. Бұл ойынға кез келген адам қатыса алады. Ең бастысы сіз 11 жылдық оқуды аяқтаған болуыңыз керек немесе 2 жылдық жұмыс тәжірибеңіз болуы қажет. Лотереяның мақсаты – иммигранттарды ынталандыру. Себебі, Америка Құрама Штаттарына соңғы 5 жылда, 50 мыңға жуық иммигранттар келген. Жыл сайын бөлінетін 55 000 иммигрантқа арналған виза иегері атану үшін лотерея ойнатылып жатқан ресми сайтқа кіріп, кішігірім форманы толтырасыз. Айта кететін болсақ, ойын қазан айының алғашқы күндерінен бастап қараша айына дейін өткізіледі. Құжат тапсыру, сайттағы форманы толтыру, лотереяға қатысу тегін. Жеңімпаздар кездейсоқ сандар арқылы таңдалады.
Жасыл картаны алу шетелдіктерге бірқатар артықшылықтар береді. Біріншіден, сіз АҚШ-та визасыз біраз уақыт жүре аласыз және еркін жұмыс жасай аласыз. Жасыл картаны АҚШ-та несие алу, банктік шоттарды ашу және медициналық қызметтерді қолдану үшін де пайдалануға болады.
Жасыл картаның қолдану мерзімі – 10 жыл. Сіз осы қолдану мерзімі өткеннен кейін уақытын ұзарта аласыз немесе АҚШ азаматы болуға өтініш беру мүмкіндігіңіз бар.
Дегенмен, жасыл картаға ие болу кейбір жауапкершіліктерді де талап етеді. Жасыл карта иесі АҚШ-та тұруға және өзінің резиденттік мәртебесін сақтауға міндетті. Сонымен қатар, жасыл карта иелері американдық заңға бағынуы тиіс.
Көптеген шетелдіктер үшін Грин карта жаңа өмірдің бастауы болып табылады. Ол сізге АҚШ-тағы керемет мүмкіндіктерге, білімге, бизнес бастауға және армандарыңыздың орындалуына жол ашады.
Шолпан Сейнасипова,
А.Ясауи атындағы ХҚТУ, 4-курс студенті.