- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
«Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау, мемлекет тарапынан көмек беру бойынша облыс әкімдігі мен прокуротура басшылығы және бизнес өкілдерінің кездесуі өтті.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Н.Көшеров, облыс прокурорының орынбасары С.Келдібеков, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысы Е.Балғабаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Н.Арынбаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар және қаржылық ұйым басшылары, 100-ге жуық бизнес өкілдері қатысты.
Басқосудың негізгі мақсаты – билік пен бизнестің арасында сындарлы диалогты арттыру, бизнес өкілдерімен бірге өңірдегі бизнес климатты және инвестициялық ахуалды талқылау.
«Шағын және орта бизнес кез келген ел экономикасының негізгі драйвері. Бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы арта беретін болады. 11 айдың қорытындысымен өңір экономикасының негізгі көрсеткіштері бойынша оң өсім динамикасы сақталды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,3%-ға ұлғайып, 864 млрд. теңгені құраса, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 6%-ға артып, 394 млрд. теңгеге жетті. Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 268 млрд. теңгеге артып, 848 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 10 айында кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28 мыңға артып, 213 мыңды құрады. Экономиканың оң өсімінде түрлі салаларында қызмет ететін өңір кәсіпорындарының айрықша үлесін атап өткен жөн» – деді облыс әкімінің орынбасары Н.Көшеров.
Облыс прокурорының орынбасары С.Келдібеков «Кәсіпкерлікті қорғау – прокуратураның қадағалау қызметінің басым бағыты» екендігін атап өтіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөнінде атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов бизнесті және инвестицияны қолдау бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, инвестициялық мүмкіндіктер туралы кеңінен презентация жасады. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысы Е.Балғабаев «Бизнесті қорғау» жобасының жүзеге асырылу барысын бизнес өкілдеріне кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті «Бизнеске жол» жобасының жүзеге асырылу барысын, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнесті қолдау және қорғау жөнінде баяндамалар жасап, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Басқосуда өңірдегі бизнес өкілдері өзекті мәселелерді ортаға салып, қордаланған мәселелерді шешу бойынша облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдарымен бірлескен жол карталары қабылданды. Жиын соңында осындай форматтағы кездесулерді тұрақты өткізу келісілді.
Азамат ЕРБОЛАТҰЛЫ.