РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

378 көрілім

«Әйелдің асылы ісінен білінеді» дейді даналарымыз. Қыз-келіншектер еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамытуға белсенді атсалысып келеді. Бүгінде олардың шағын және орта кәсіпкерліктегі үлесі ер азаматтармен тең болып отыр. Қызмет көрсету мен сауда салаларында жеке кәсіп ашып отырған әйелдер жаңа жұмыс орындарын ашуға, отбасылық кәсіпкерлікті қалыптастыруға септіктерін тигізуде. Оған дәлел жуырда «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде өткен «Еңбегі жанған арулар» республикалық іскер әйелдер форумы.

Форум облыстағы кәсіпкер ханымдардың өндіретін өнімдерінен жасақталған көрме таныстырылуымен басталды. Республикалық ауқымды шараға қатысушылар көрме аясында кондитерлік өнімдерден дәм татып, тігін және қолөнер бұйымдарымен жекелей танысып, шеберлердің жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ауқымды жиынға Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты, «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті Инара Намазбаева модераторлық етті. Келелі жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Қазақстан Республикасы іскер әйелдер қауымдастығының Президенті, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Раушан Сәрсембаева, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – Қазақстан іскер әйелдерінің қоғамдағы рөлін арттыру, әрі әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қарапайым іскер әйелдерді дәріптеу, іскер әйелдердің мәртебесін өсіру, қоғамның кең ауқымды өзекті мәселелерін шешу үшін әйелдер бастамаларын дамыту. Салтанатты шара барысында ел дамуына үлес қосып жүрген 20-ға жуық қыз-келіншекке Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды-ның Алғыс хаты табысталды.

Басқосу аясында қатысушылар назарына «Қоғамдағы отбасы институтының рөлі» тақырыбында бейнефильм көрсетілді. Сонымен қатар, Іскер әйелдер қауымдастығының республикалық “Жас қанат” ұйымының көшбасшысы Зарина Жұмабекқызы, Шымкент қаласы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Эльеонора Ағабекқызы, Қызылорда облысы Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Динара Берікқызы, Жамбыл облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының «Жас Қанат» көшбасшысы Назгүл Бахытқызы, Шымкент қаласы Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Балнұр Саттарқызы мазмұнды ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

Шара соңында Раушан Біргебайқызы еңбегімен ел құрметіне бөленген бірқатар нәзік жанды аруларға республикалық «Еңбегі жанған арулар» төсбелгісін салтанатты түрде табыстады.

Азамат ӘЛІБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы