Ағымдағы айдың 11-13 і аралығында ҚР Оқу ағарту министрлігінің қолдауымен, Тәрбие және қосымша білім беру депортаменті басшысы Меруерт Асқарбекқызы Медетбекованың бастамасымен Біртұтас тәрбиенің кешенді жоспарына сәйкес, Төлеби бабамыздың туылғанына 360 жыл, Қаз дауысты Қазыбек бидің туылғанына 355 жыл, Әйтеке би бабамыздың туылғанына 350 жыл толуына орай ұйымдастырылған “Дала данышпандары” тақырыбында Республикалық іс-шара Түркістан облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді. Аталмыш іс-шара Республикалық деңгейде алғаш рет өтті.
Іс-шараға Түркістан облысының “Құрметті азаматы”, ҚР Мәдениет және қоғам қайраткері Асанғазиева Оразкүл Асанғазықызы арнайы келіп, салтанатты түрде ашып берді. Сонымен қатар, республикалық байқауға қоғам қайраткерлері мен іскер әйелдер қоғамдастығының төрағалары қатысып оқушыларға сәттілік тіледі. Республикалық байқауға Алматы қаласы, Жамбыл облысы, Абай облысы, Шығыс Қазақстан облысының және Түркістан облысының оқушылары бабаларымыздың образын сомдау, ол кісілердің қанатты сөздерін айту, сөйлеу шеберлігін, ұлттық киімдермен көрсету арқылы сахналық көріністер көрсетті. Байқау барысында жас ұрпақтың атадан қалған асыл сөздерін меңгере отырып, бабаларымыздың әділ шешім қабылдау, қазақ билерінің орны бөлек екенін көрсетті. Дала данышпандары дәріптелген бұл додаға 120 ға жуық оқушы қатысып, 6 бағыт бойынша бақ сынады. Осы іс-шараның басынан аяғына дейін ат салысып жүрген Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті азаматы және Түркістан қаласының құрметті азаматы Пернетай Досыбеков. Сайыс өткен жылы мектеп аралық деңгейде басталып, бүгінде Республикалық деңгейге жетіп отыр. Үш бидің жүрген жолын, өткір тілімен айтқан әр сөзін дәріптеу мақсатында өткен сайыстың болашағы зор деген үміттеміз.
Аталмыш додада жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болған өңірлермен таныс болыңыздар. Жүледелі үшінші орынға Отырар ауданы мен Жамбыл облысы тұрақтады. Ал екінші орынға Созақ ауданы мен Ордабасы ауданы жайғасса, жүлделі бірінші орынды Алматы қаласы иеленді. Сондай-ақ, бас жүлде иегері атанған Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы болды. «Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда, Тұлпардан тұлпар озар, шабысқанда» демекші, сайысқа қатысқан оқушылар ұйымдастырушы тарапқа алғыстарын жаудырып, жақсы көңілде тарқасты.
Ержан СМАҒҰЛ.