«ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ ТАРИХИ ӘДІЛ БАҒАСЫН АЛҒАН ЖОҚ»

185 көрілім

Бодандықтан бостандыққа ұмтылған қазақ елінің тарихындағы елеулі оқиға – Желтоқсан көтерілісі. Тарих қатпарына енген ғаламат оқиға, рух серпілісінің айғағы болған Желтоқсан көтерілісіне биыл 37 жыл толып отыр. Тәуелсіздік таңының алғашқы қарлығаштары іспетті, тұла бойын намыс жігері жаныған қыз-жігіттердің сол күндердегі әрекетінің жемісі, Желтоқсан жаңғырығы елімізге Тәуелсіздік таңын сыйлады. Тәуелсіздіктің қарлығаштары… Сол кездерде Алматыға арман қуып барған, оқиғаның бел ортасында жүрген Желтоқсан қаһармандары, олардың ерліктері туралы ғибратты сөз бүгінгі күнде маңызын жоймақ емес.

Біз Желтоқсан куәгерлерінің, осынау ызғарлы күндерде азаттыққа талпынған жастардың арасында болған, сол көтерілісті көзбен көріп, жүрекпен сезінген жандармен тілдестік. Түркістан қаласы Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларының «Азаттық рухы» атты қоғамдық бірлесітігінің төрайымы Зере Ешмұратовамен сұхбаттасқан едік.

– Зере ханым, өзіңіз де айтулы Желтоқсан көтерілісінің куәгерісіз, қатыстыңыз. Әңгіме-сұхбатымызды осыдан бастасақ. Иә, сол оқиға қалай болған еді?

–1986 жылы Түркістан қаласындағы Әль-Фараби атындағы жалпы орта мектепті бітіріп, сол тұстағы астанамыз Алматыға оқуға келдім. Қазақтың қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түстім. Топтағы жиырма бес қыз бір үйдің баласындай тез тіл табысып, араласып кеттік. Институттың 1 курсында алаңсыз сабаққа беріліп, білім қуып жүрген бейқам кезіміз еді.

…Желтоқсанның 16-да таңертең қабырғада ілулі тұрған кішкене радиодан жағымсыз хабар естідік. Хабарда Д.Қонаевты Қазақ елін басқарудан босатып, Ресей азаматын қазақ еліне басшы етіп тағайындау туралы Орталық комитеттің шешімі жайында айтылып жатты. Қалай сонда, Д.Қонаевты неге ескертпей орнынан алады? Қазақ елін басқаруға қазақтың тілінен, салт-дәстүрінен хабары жоқ біреуді әкеліп қоя салады. «Сонда елді басқаратын қазақ азаматының табылмағаны ма, бұл әлде, бодан елді басыну ма?» деген сансыз сұрақтар санамызды сарылтып, жүрегімізге қаяу түсіргендей…

Сол кезде бізді дене шынықтыру сабағында шаңғы тебуге қазіргі Әль-Фараби көшесінің жоғарғы жағындағы алаңға апаратын. Шаңғы теуіп, жатақханаға қайтар жолда құрбым Қаракөз екеуміз Гоголь көшесі мен Фурманов көшесінің қиылысындағы аялдамада троллейбус күтіп тұрған болатынбыз. Кенет Гоголь көшесінің бойымен қатар тізіліп келе жатқан колоннаны байқадық. Мұндайды бұрын-соңды теледидардан ғана көрген едік. Сонда әлгі топтасып айқайлап келе жатқан адамдарды аялдамада жанымызда тұрған орыс ұлтының өкілдері жақтырмай, ауыздарына келгенін айтып балағаттап жатты.

Колоннаның арасынан қазақ жігіттері шығып «қыздар сендер қазақ емессіңдер ме, неге бізге қосылмайсыңдар?» дегенде барып жағдайдың шет жағасын түсіндік. «Расында, біз қалай ұлттық намысымыздың тапталуына жол береміз, неге бізге бас көтермеске» деген ойлар жайбарақат тұруға мұрша бермеді. Сол кездері қазақ тілінің мүшкіл халі тым қорғансыз күйде еді. Тіпті, орыс тілін білуге міндеттегені сонша, оны білмесең еш жерге жұмысқа алмайтын еді. Көпшілік орында өз тіліңде ойыңды жеткізуге тыйым салынған, тек орысша сөйлеуің керек-тін. Үлкен қалаға жаңа келген біздерге бұл жағдай тым тосын көрінді. Сөйтіп, құрбым екеуіміз намысымызды жаныған, жігерлендірген әлде бір сезімнің жетегімен әлгі топқа қосылып кете бердік. «Әр ұлттың өз басшысы болсын!» деп ұрандап, өзіміз тұратын жатақханаға жеттік. Шеруді бастаған қыз-жігіттер жатақхана алдында ұрандап тұрғанда, біз ішке кіріп тағы қыздарды алып шықпақ болдық. Жатақхана іші у-шу. Институт мұғалімдері жоғары курс студенттерін сыртқа шығармай «айналайындар-ау өлесіңдер ғой» деп тоқтатпақ болып ұрысып жатыр екен. Екінші қабаттағы бөлмемізге барсақ қыздар жоқ. Барлығы сабақта екен. Бір қызығы, сабақ өтіп жатқан Горбунов деген орыс мұғалімі (өзі қазақша түсінетін) жағдайға қанығып, біздің меселімізді қайтармай сабақтан босатты. Тіпті: «дұрыс, біздер демократиялық қоғам құруымыз керек, қайта құру кезінде әр азамат өз пікірін айтуы тиіс» деп бізді қолдағандай болды. Барлығымыз түгел қалмай автобуспен орталық алаңға жеттік. Барсақ, біраз халық жиналған, милиция қызметкерлері олардың алаңға өтпеуіне бөгет болып, жағалай тізбектеліп тұр екен. Бір кезде политехникалық институт жақтан бір топ қазақ жігіттері топты жарып өтіп, барлығымыз сап түзеп, қарыштап қадам басып алаңға өттік.

Ызғарлы желтоқсан күндері қуатты Совет державасының ызғарынан еш қаймықпай елі үшін басын бәйгеге тіккен, жанын құрбан еткен батыр ұлдар мен қыздардың бар екеніне бірінші рет көзім жетті. Ерекше толқып, рухтандым. Сол кезде ерекше патриоттық сезім бойымды биледі, қазақ екенімді шын жүректен мақтан еттім. Дала шыңылтар аяз болса да тоңбай, ықпай, көппен бірге «Менің Қазақстанымды» асқақтата шырқап, алаңда биліктен әділдік орнауын талап еттік. Иә, ол күндерді ұмыту мүмкін емес. Жүрегімізде мәңгіге сақталып қалған…

– Ал, ертесінде көтерілісті басып-тоқтатып, «бүлікшілер» ұсталып, қудалау басталғанда қалай болды? Сіз де қудаланып, оқудан шығып қалмадыңыз ба?

–Иә, сол күні-ақ алаңнан студенттер таратылды. Қараңғы түскен соң біз жатақханамызға қайта оралсақ, фойеде декандарымыз алаңға шыққандарды жерден алып, жерге салып «Оқудан қуыласыңдар, комсомол қатарынан шығасыңдар, бұл не сұмдық. Бұл не бассыздық!» деп ұрсып жатыр екен. Бізді қыздар байқатпай артқы жақтан кіргізіп алды. Дегенмен, байқап қойды. Жалпы, басқа институттардағыдай бізде қатты қуғындау болған жоқ. Қыз балалар ғой деді ме екен. Әлгі Горбунов ұстазымыз да, адамшылығы мол кісі еді. Бізді сатпады. Егер де ол кісі: «иә бұлар топ болып алаңға барды, Топты бастап барған Ешмұратова» деген болса кетер едік. Ол күндері қатты қорқып жүрдік. Қорыққанымыз сонша оқуды бітіріп кеткенше ата-анамызға бұл жайында тіс жармадық.

– Ал, енді өзіңіз жетекшілік ететін бірлестіктің жайына тоқталсаңыз.

– «Азаттық рухы» қоғамдық бірлестігі өткен жылы «Тұран қырандары» қоғамдық бірлестігінен енші алып шыққан қоғамдық ұйым. Ұйымның 20-дан астам мүшелері бар. Олардың барлығы айтулы оқиғаның, Азаттық үшін күрестің бастамасы Желтоқсан көтерілісінің қатысушылары.

Қоғамдық ұйымды құрудағы мақсатымыз – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру. Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызын бүгінгі замандастарымыз бен жастарымызға ұғындырып, дәріптеу. Ел тәуелсіздігінің мән-мағынасын, желтоқсан күрескерлерінің рухына тағзым етіп, олардың есімдерін ұлықтау.

– Бірлестік Желтоқсан қаһармандарының есімдерін ұлықтауда, олардың ерліктері мен отансүйгіштік қасиеттерін дәріптеуде қандай шаралар атқарып жатыр?

– Иә, біз бұл бағытта біршама іс-шаралар ұйымдастырып жүрміз. Былтырғы жылы осы кезеңде «Менің елім!» париоттық ән байқауын қала көлемінде өткізген болатынбыз. Ол іс-шара өте жоғары «Ақ жайық» музыка мектебінде қалалық Білім бөлімен бірігіп өткіздік. Жоғары деңгейде өтті. Байқауға қатысқан мектеп оқушылары мен колледждердің студенттері патриоттық әндерді орындауда сан қырынан танылған айшықты кеш болды. Одан бөлек біздің ұйым мүшелерінің мұрындық болуымен жасөспірімдер арасында спорттық сайыстар, бокс турнирлерін өткіземіз. Соның бірі «Бекзат» мөлтек ауданындағы спорт мектебінде өткен турнир. Аталған шаралар да Желтоқсан құрбандарының рухына бағышталды.

– Бірлестік жастарды отан сүйгіштікке тәрбиелеуде қаншалықты үлес қосып жатыр?

– Иә, біздің осы бірлестікті құрудағы мақсатымыздың бастысы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу болатын. Бұл өте өзекті мәселе. Бүгінгі нарық заманында Ерлік, Батырлық, Отан үшін отқа түсуге даяр отан сүйгіштік сияқты асыл қасиеттеріміз, қазақи болмысымыз өзгеріп, оның орнына байлыққа ұмтылу, қымбат көлік, «жалт-жұлт жарқын өмір» құндылыққа айналып бара жатқаны жасырын емес. Сол себепті де, біз жоспарымызда бекітілген барлық іс-шараларымыздың мазмұны осы патриоттық тәрбиеге тіреледі. Біз қалалық әкімдікпен, ішкі саясат бөлімімен бірлесіп, алдағы уақытта жоспарларымызды жүзеге асырамыз деп ойлаймын.

Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған іс-шараларға, мектептер мен колледждер оқушыларымен бірлестік мүшелері кездесулерге қонақ болып барып, өнегелі, тағылымды іс шаралардың үлгісін көрсетіп жүр. Жастарымыз желтоқсаншылардың Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары екенін, сол жолда қаншама аға-әпкелерінің құрбан болғанын білуі керек деп ойлаймын.

– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

–Алдағы атқарылар жоспарлар қатарында айтар болсақ, әкімдік, ішкі саясат бөлімі қолдауымен жас ұрпақты париоттық рухта тәрбиелеуге үлес қоса береміз деп есептеймін. Қоғамдық бірлестік ретінде қала көлеміндег түрлі іс-шараларға белсене араласу жоспарда. Еліміздің басқа қалаларында желтоқсаншыларға арналған монумент, ескерткіштер орнатылған. Облыс орталығы болса да қалада Желтоқсан рухын сезіндіретіндей әзірге ешбір белгі-бедер жоқ. Желтоқсаншыларды таныту мақсатында 35 жылдық тұсында бір билборд ілінген еді. Өкініштісі, ол да ұзақ тұрмады. Жақында қала әкімінің орынбасары қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездеспек. Осы кездесуде ұсыныс ретінде айтамыз деп отырмыз. Хат та әзірледік бұған байланысты. Желтоқсан қаһармандарына арнап арнайы саябақ па, аллея ма ашылса, ол жерде Қайрат Рысқұлбековтей батырларымыздың мүсіндері қойылса, бүгінгі ұрпақ тағылым алатындай орын болса дейміз.

– Зере ханым, айтыңызшы Желтоқсан көтерілісі тарихи әділ бағасын алды ма?

–Желтоқсан көтерілісіне қатысып, зардап шеккен, қуғын көрген қазақтың қаншама перзенттері ақтала алмай жүр. Тәуелсіздік алып, дербес ел болдық десек те әлі күнге жалтақтақтық бар. Бұған дәлел әлі де ақталмағандар көп. Солардың қатарында М.Әбенова мектебі география пәнінің мұғалімі Ж.Жұмадуллаеваны атасақ та болады. Ж.Жұмадуллаева сол кезде 4 курста оқитын, өзі белсенді студент еді. Оның сол кезде трибунадан саңқылдап сөйлеп, азаттыққа талпынған бейне көріністері тарихи кадрларда сақталып қалған. Жыл сайын эфирден көріп жүрсіздер. Кейін көп қуғындалды, 15 күн изоляторда отырған. Бірақ әлі күнге ақталып, батыр деген мәртебе берілмеді. Міне, осондай азаматтар әлі де көп арамызда. Олар өздерін жасырып, айтқысы да келмеуі мүмкін. Себебі, мәңгіге күйзеліс алып қалған. Ол жағдай өзімізде де болды. Алдағы уақытта,соларды іздестіріп, түгендеп, олардың құқығын қорғап, мәртебесін айқындауға ықпал жасасақ дейміз. Ауған соғысы ардагерлері, ІІ Дүниежүзілік соғысы ардагерлері секілді Желтоқсан батырларына да арнайы мәртебе беріліп, қоғамда құрметтеліп, түрлі игілікті пайдалануға жеңілдіктер қарастырылуы керек. Біз осы қалада көп те емес, 20-30 желтоқсаншылар бармыз, сол адамдарға қоғамдық көлікте тегін жүруге жеңілдік алуға ұсыныс жасадық, бірақ жергілікті билік қолдамады. Егер байыбына барар болса, ҰОС ардагерінен де, Ауған соғысы ардагерлерінен де бұл кісілердің бәсі биік, мәртебесі жоғары. Бірақ, біздің қоғамда әлі де жалтақтық, желтоқсаншыларды жақтырмаушылық көзқарасы қалып қойғандай. Желтоқсаншыны ғана емес, бүгінгі билік жалпы желтоқсан айын ұнатпайды. Бұл ай туралы билікте үрей синдромы басым секілді көрінеді маған. Десек те, алдағы уақытта Желтоқсан көтерілісі өзінің тарихи бағасын алады деген сенімдемін.

– Әңгімеңіз үшін, көп рахмет.

Сұхбаттасқан:

Әтіргүл ТӘШІМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы