Досымжан Таңатаров: «ҮЛКЕНДЕР ТЫҢДАҒАН ӘНДІ ЖАСТАР ДА ТЫҢДАСА ЖАМАН БОЛМАЙДЫ»

1  695 көрілім

Жақында ғана халықтың сүйікті әншісі Досымжан Таңатаров Түркістанға келген сапарында сахна сыртынан ретін тауып жолығып, блиц-саулнамам үшін екі-үш сұрақ қойып үлгеріп қалып едім. Қабыл алсаңыздар.

– Қайырлы күн, Досымжан аға! Сізді Түркістан төрінен көргеніміз үшін қуаныштымыз! Гүлденген қаламыз туралы не айтасыз? Соңғы рет қашан келіп едіңіз? Сізге шаһарымыз ұнады ма?

– Тәуелсіздік алғаныннан кейін біз екі қала тұрғыздық. Бірі – Астана, екіншісі – Түркістан. Астананы тұрғызу арқылы имиджімізді қалыптастырдық. Түркістан сәулеті артып, рухани астанамызға айналды. Киелі шаһардың облыс орталығына айналып, жеке өзінің шаңырағын тігіп шыққанына қуаныштымын. Міне, содан бері 5 жыл сырғып өте шығыпты. Аз ғана уақыттың ішінде Түркістан адам танымастай өзгерген. Түркістан о бастан Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың жатқан жері, хандардың тұрақтаған жері болғандықтан, бұл шаһардың қашан да рухани астанамыз екенін іштей сезінетінбіз. Енді оның шындыққа айналып, шығыстық үлгімен салынып жатқаны көңіл қуантады. Менің Астанада тұрғаныма 20 жылдай уақыт болып қалды. Астана биік, зәулім сарайларымен, ғимараттарымен көз тартады. Ал Түркістанның көк күмбездерімен рухани орда екені сезіліп тұрады. Ғимараттары, оқтай түзу көшелері, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынас – барлығы қонақжайлықты аңғартады. Түркістан күннен-күнге өзгеріп жатыр екен. Қуанамын. Өз басым концерттермен, жиындармен жиі келіп тұрамын. Бүкіл түркі әлемінің орталығына айналған, күллі түркі әлемі назар аударған Түркістанның әрі қарай өсіп-дамуына әрбір түркістандық ат салысса екен деймін. Соның алғашқы қадамдарының аз уақытта іске асқаны, әрине, қуанышты. Лайым осылай өсіп-өркендей беруіне біз тілеулеспіз.

– Жақында әлеуметтік желіде сіздің қой бағып жүрген сәтіңіздің бейне жазбасы тарап кетті. Оны көрген көпшілік сіз жайлы неше түрлі қауесет тарата бастады. Бұл жайынды не айтасыз? Досымжан Таңатаров шынында да әншілікті тастап, қойшы болып кеткен жоқ па?

– Мен ондай пікірлерден қашпаймын. Бала күнімізден қой бағып өстік. Зәреде қойшы болып кетсем де, ол жаман кәсіп пе? Қазір мен қаншалық жұлдыз болсам да, анда-санда ауылға барғанда атқа мініп, жайлауға шығып, мал бағып, көкпар тартып жүргенді жаным қалайды. Солай жаныма ләззәт алып, демаламын. Көбіне көпшіліктің алдында жүргендіктен, кейде одан да шаршаймыз. Өмір болғандықтан барлығы жадағай болмауы керек қой. Жалыққан кезде далаға қашамын. Мал баққан адамға түрлі ой келеді, ойланасың, толғанасың, ән саласың, өзіңмен өзің сырласасың. Дала – тыныштық. Жайлауға 2-3 күн арнап, арнайы барамын. Ал әлгі әлеужелідегі бейнетаспадағы қойлар менікі емес, досымдікі еді. Бірақ менің әкемнің де тура сондай малы болатын. Қазақ қанша дүниесі болса да, төрт түліктен ешқашан қол үзбеген. Қол үзудің де қажеті жоқ деп санаймын. Лайым даламен тікелей байланыста болып, ауылдың да, қаланың да жұмысын қолға алып жүргізіп тұратын болсақ, ешкім жаман болмас. Сондықтан көпшілік мені малшы деп те, қойшы деп те, әнші деп те, қалай айтса да ешкімге өкпем жоқ. Қалай айтқысы келсе, солай айтсын. Бастысы көңілім, ниетім таза. Тура алдымда бір отар қойым жүрер болса, онда арманым болмас еді. Сондықтан мұны құптау қажет. Әрбір қазақ осылай малды болсын деп тілеулес болу керек. Жақсы сөз айтайық, өйткені жұғысты болады.

– Әңгіме барысында жастайымнан мал бағып өстім деп қалдыңыз. Мал бағып өскен бала қазіргі танымал әншілікке қалай жетті екен?

– Ең әуелі, жоғарыда айтқанымдай, оған мал баққанымның көп әсері тиді. Кешегі Нұрғали Нүсіпжанов ағамыздың өзі де мал бағып жүріп, кең далада ән салып, кең тынысты даусын ашып алды. Біз де солай айқайлап, мал басында жүріп, талай ән шырқадық. Менің жай жүрген кездерім болмаған екен. Мал бағып жүріп өнерімді ұштадым, жақсы әндерді жаттадым. Мен білетін қойшылар кітап, газет оқитын, көп ән-жыр білетін, жырлардың, әуендердің барлығын жатқа айтып отыратын. Қойшылар әнді де керемет айтатын. Олардың бас қосқан жері жиын-той. Мен солардың ортасында өстім, солар арқылы қалыптастым. Солардың арқасында ауыздан ауызға жеткен әндерді жаттадым. Малдан келгеннен кейін де әжемнің етегінен ұстап, ас-ауқатқа барып, солардың тәлім тәрбиесімен өстік.

– «Өнер жолы ауыр» деп жатады ғой, сіз мұнымен келісесіз бе?

– Әншілік жол ауыр деп бізге дейінгілер айтқан. Жалпы, қай кәсіп болса да, оның жеңілі жоқ. Әрбір кәсіптің өзіндік қиыншылығы болады. Тура солай, өнер жолы да қиыншылығы көп сала. Ауыр деп айтпаймын, бірақ елдің алдында жүру, елдің көзі бар, сөзі бар дегендей, үлкен қошеметті көтеру үшін де ақыл керек, білім керек, мәдениеттілік керек. Міне, осы жеріне келгенде өнер жолы қиын, оңай емес. Бірақ ол қиындық әрбір кәсіптен табылады. Анау қиын, мынау қиын деп қашуға болмайды.

– Қазіргі таңда әншілердің тыңдарманы шектеулі болып жатады. Кейбір әншілерді жастар тыңдаса, кейбірін үлкендер қалайды. Сізді кімдер тыңдайды деп ойлайсыз?

– Тыңдарманды бөлуге болмайды. Кемшілік сонда. Үлкенге де, кішіге де, барлығына жұмыс істеу қажет. Өйткені жастың көңілінен шығам деп, жастардың ығына кетіп қалатын болсаңыз, үлкендердің көңілін қалдырасыз. Сондықтан үлкен тыңдаған нәрсені жастар да тыңдаса шатаспайды. Кешегі өнердегі дос-ағам Бекжігіт Сердәлінің шығармашылық концертінде жас та, кәрі де қатар отырып әндерімізді тыңдады. Бұл бақыт!

Шәкірт тәрбиелеуге қалай қарайсыз? Ұсыныстар түсіп жатпай ма?

– Көп. Бірақ дендеп педагогикамен айналыспағаннан кейін шәкірт тәрбиелеу, ұстаз бола салу оңай емес. Оған кішкене уақыт керек. Өмірде, өнерде жүрген іні-қарындастарымыз бізді аға тұтып, «ағам», «ұстазым» деп жатады. Қоразбаев пен Мейрамбек Беспаев секілді «мынау шәкіртім еді» деп алдымызға салып алып жүргенім жоқ. Дегенмен, өмірде біз де біреулерге сырттай ұстаз болып жүрміз.

Несібелі СЕГІЗБАЙ,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы