ТҮРКІСТАН: ЖЕБЕ – ЖАУГЕРШІЛІК ЗАМАННЫҢ ЖӘДІГЕРІ

282 көрілім

Тарихи мұраларды тереңірек  таныту мақсатында Түркістан облысының тұрғындарының назарына тарихи жәдігерге жататын жебелердің атаулары мен түрлері туралы ақпараттық мақаламызды ұсынамыз. 

Сондай-ақ, жебе түрлері ерлік жырларында төмендегідей орын алады:

Тоқал торы ат жайлаған,

Тобығына тондық ала байлаған.

Хандар шыққан төбедей,

Қабырғадан бүтін шықан сүбедей,

Аударылмас қара кемедей,

Қандыауызға сырлап салған жебедей,

Хан ұлы төредей,

Би ұлы шорадай,

Қан жұқпас қайқы қара болат өтпеген,

Мақтауына адам тауып жетпеген,

Бұ жиынның ішінде

Ер Жақсымбет аға бар.

(«Ер Шобан». «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 56 б.)

Сусылдаған сармасақ,

Садақтардан борар күн.

(Сырым батыр. «Дала кемеңгері». 35 б.)

Исатайдың барында,

Екі тарлан бөрі едім.

Ерегіскен дұшпанға,

Қызыл сырлы жебе едім.

(Махамбет. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 230 б.).

Дәл осы жебе түрін осы ақын төмендегіше береді:

Садағына сары жебе салдырған,

Садағының кірісін,

Сары алтынға малдырған.

Тереңнен көзін ойдырған,

Сұр жебелі оғына

Тауықтың жүнін қойдырған.

Маңдайын сары сусар бөрік басқан,

Жаурынына күшіген жүнді оқ шанышқан.

(Махамбет. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 216 б.)

Бұл үзіндіде кездесетін «сұр жебе», «күшіген жүнді оқ» деген оқ түрлерін келесі топтаулырдан оқимыз.

Қанаттарына (қауырсындарына) қарай бөлу

«Хан шақыруынан қатты сезіктенген Жәнібек, бешпентінің ішінен қорасан болатынан жұқа етіп тоқылған шағын сауыт киді. Алдаспанын қамсыз қайрап, садақ жебесіне жаңадан сұңқар қауырсынын қадады» (Ілияс Есенберлин. «Көшпенділер». 19 б.)

Міне осындағы жебеге қадалған қауырсынға байланысты «екі қанатты», «төрт қанатты жебе», «сары жүн оқ», «күшіген жүнді оқ», «қауырсын жебе» және «үкілі оқ» деп бөледі. Бұған дәлел төмендегі жырлар мен романдардан алынған үзінділер.

Қанатты (қауырсынды) жебелердің түрінің бір мысалы ретінде Тұрсынхан Зәкенұлының «Көкбөрілердің көз жасы» романында: «Таян хан оның жаралы кейпіне қарап жаны ашыды: «Алтайға таман шегініп ұрыс салайық деген сөзіме көнбей қоймап па едің?» – деп айтайын деді де, сөзін жұтып алды. «Шіркін ерлерім, сендерге өкпем жоқ» – деп көзіне кептеліп келіп қалған жасты зорға тежеді. Басыма қиын іс түскенде қолға алармын деп сақтап жүрген сап алмасқа суарылған қанатыжебе толы қорамсағын қолға алды.» (Зәкенұлы Т. «Көкбөрілердің көз жасы» 264 б.) – деп келтіреді.

Ал бұл жебелердің басқа атаулары жайлы төмендегі жырлардан келтірілген үзінділерден біле аламыз:

Дұшпан атқан қанатты оқ,

Жете алмай оған қалыпты.

(«Рүстем, Зораб». «Айқап» журналының толық нұсқасы. 153 б.)

Бәрін айт та бірін айт,

Қабағын қара сусар бөрік басқан,

Жаурынына күшіген жүнді оқ шанышқан.

Қалжуырдай шаншылған,

Жұрт үшін қарауылға көп тұрған,

Сексен сегіз аңдыған,

Еңсесін түбекменен жауыртқан,

Еңкейгенін жазбаған,

Он екі құрсау жез айыр,

Қара мылтық жұмсаған,

Бұ жиынның ішінде,

Қара найман Жанақ бар.

(«Ер Шобан». «Бес ғасыр жырлайды». 1т., 56 б.)

Қарғадай мынау Қазтуған

Батыр болып туған жұрт,

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт

Қарағайдан садақ будырып,

Қылшынымды сары жүн оққа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт.

(Қазтуған жырау. «Бес ғасыр жырлайды», 1т., 32 б.)

Сұр жебелі оғына

Тауықтың жүнін қойдырған,

Маңдайын сары сусар бөрік басқан,

Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан

(Махамбет. «Жорық жырлары» 83 б.)

Қарға жүнді қамыс оқ,

Шаш етектен тиіпті.

(«Ер Көкше». Батырлар жыры. 44 т., 88 б.).

Садақ толы сар жебе,

Жүні ұшып кетіпті,

Оны жөндей келеді.

(«Ер Көкше». Батырлар жыры. 44 т., 89 б.) – деп келсе,

Төрехан Жұмаханов «Қасым хан» атты кітабында: «…Бірақ Қасым асықпады. Баппен иығындағы садағын сыпырып, оюланған тері қорамсағынан үкілі жебесін суырды» (Жұмаханов Т. «Қасым хан». 10 б.) – деп келтіреді. Бұдан байқайтынымыз үкі қазақ наным-сенімінде қасиетті құс деп есептелетін үкінің жүнін (қауырсынын) Қасым ханның жебе масағына қойдыруы – хан әулетінің ұстайтын қару-жарағы да ерекше болғандығы.

Жебе ұштарындағы оқтардың жасалу материалдары мен түрлеріне қарай

Жоғардағы сап түрлеріне қарай бөлгеніміз секілді мұнда да жеке-жеке жіктеуге болады. Жебе қырларына қарай, жасалған теміріне қарай. Қазақ ауыз әдебиетінде оқтардың жебе қырларына қарай «төрт қырлы», «алты қырлы», «үш қырлы» деген түрлері кездеседі. Ал олардың жасалған теміріне қарай «көк жебе», «сұр жебе» болмаса «болат оқ», «шойын оқ» деп те атаған. Солардың кейбіреулерінің қазақтың батырлық жыр дастандары және ертегілері мен көркем әдебиетінде қалай қолданылғанына көз жіберсек, айталық «Аюдәу» ертегісінде былайша суреттеледі: «Бала үлкен шынар теректің қасына келсе, бір айдаһар теректі өрмелеп жаңа ғана шығып бара жатыр екен. Терек басында бастарын төмен салып шиқылдаған құстың балаларын көрді. Бала жыланды қоя беріп біраз тұрды. Бір кезде жылан балапандарға жақындап біреуін аузына сала бергенде дәлдеп тұрып басынан алтын садақтың болат ұшты, қос қанатты, тобылғы сапты оғын отырғызды. Ысқырған жылан әр бұтақа бір-бір ілініп жерге түсті». (Қазақ ертегілері. «Аюдәу», 103 б.)

Ал, «Жұбаныш» жырында былай деп берілген:

Сонда тұрып Жұбаныш

Қорамсаға қол салды.

Қалмаймын деп ноғайлыдан,

Қалмақта сонда оңдалды.

Жұбаныш артық ер еді,

Қыбырлайтын жер еді.

Сұр жебені қолға алып,

Батыр атып қалады.

Атқан жерін қарашы,

Жұтқыншақтан қадады.

Ындыстың басы домалап,

Анадай жерге барады.

(«Қарадөң батыр және оның ұрпақтары». Ақсауыт. 2 т., 99 б.)

Ахмет пен Едіге

Атың басын жөндеді,

Сұр жебені қолға алды.

Айсаның ұлы Ахмет

Тебінгіден тебе атты,

Үзенгіден үзе атты,

Суырып алып қорамса

Жауған қардай боратты.

(Батырлар жыры. «Едіге» 253 б.)

 «Тегіс, Көгіс» жырында:

Жебесі оның шегеден,

Жебенің ұшын сұрасаң,

Асылы болат темірден,

Жалпақ тасқа егеген.

(«Тегіс, Көгіс». Ақсауыт. 2 т., 152 б.) – түрінде келтірген.

Ал Тұрсынхан Зәкенұлының «Көкбөрілердің көз жасы» атты романында: «Топ ішінен Тоқтабектің ұлы Қолтуған мерген Темүжіннің көзіне көрсетіп тұрып, қылышын бұлғап айғай салды:

– Атаңа нәлет Темүжін, сенде кеткен кегім бар. Жер түбіне кетсем де қайырыла келіп соймасам, қаныңды ішіп тоймасам атым өшсін! – деп бір басы бір қысырдың тайына бергісіз он екі тұтам сұр жебені суырып, садағына салды» – деп береді. (Тұрсынхан Зәкенұлы. «Көкбөрілердің көз жасы» 304 б.) Сондай-ақ, Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романында сұр жебенің мынадай мысалы кездеседі: «Жан-жақтан тартылған сұр жебе онсызда жүректері ұшып безіп бара жатқан жүйрік хайуандардың соңынан суылдап қуып беді». (Кекілбаев Ә. «Аңыздың ақыры» 16 б.)

Ұшы айыр болып келген жалпақ, өткір оқпен адамның, аңның дене мүшесін кесіп түсу үшін керектенеді. Бұндай оқты «жез айыр» деп атаған.

Шығыршығы шираған,

Бадана көзді кіреуке

Шарайнасы бес қабат.

Жау қарысы жетпеген,

Жез айырдың оғы өтпеген.

(«Ер Тарғын». Батырлар жыры. 44 т., 38 б.)

Сондай-ақ, бізге жеткен жебе түрлерінің ең көнесі деуге де болатын оқтың бір түрі ол – «сарнама» немесе «ысқырғыш». Сарнама – жебе қырында тесігі бар оқ. Бұл көне қытай жазбаларының айтуынша ежелгі ғұндарға тән болған: «Мау-дун (Моде) жеке бөлініп шыққан соң жауынгерлеріне сарнама жебе жасатып ат үстінен шауып келе жатып садақ тартуға үйретті. Мау-дунның бұйрығы бойынша кімде-кім оның өз сарнамасын бағыттаған жаққа жебесін жібере алмаса соның басы алынатын болды» (Суиңну. «Хан кітабы» (Көне қытай жазбалары). Ауд. Қ.Салғарин).

Оқтың осы түрі Светқали Нұржан дастандарында:

Ең әуелі сарынат сарнаманы,

Ұйқысынан оятсын Перғананы. – деп келсе, келесі ысқырма түрін былай қолданады;

Содан кейін ыңырант ысқырманы,

Іш құндағын қырнасын тіс-тырнағы – дейді.

(Нұржан С. «Еңсегей бойлы Ер Есім». Ай таранған түн. 287 б.)

Оқтың жеке атаулары мен міндеттеріне қарай бөлу

Оқтардың өз атауларына байланысты жалпақ, екі қырлы болып келгендерін «қозы жаурын», «көкжендет» деп атаған. Бұдан байқағанымыз оқтардың да өзінің атқаратын міндеті мен түріне қарай да жеке атаулары болғандығын білеміз. «Қозыжаурын» қазақ әдебиеті мен көптеген танымдық материалдар және зерттеу еңбектерінде ең өп қолданысқа ие жебе атауы. Оқтың осы түрі көркем әдебиете былайша орын алады: «Жалаңаш сарайдан алшаңдай шыға келіп, қорамсақтан қозы жаурын оқ алып адырнаға басты да, әй-шайға қарамай Күнкені көздеп тұрып тартып қалды. (Зәкенұлы Т. «Көкбөрілердің көз жасы» 447 б.).

Ал жыр-дастандардағы осы оқ атауларын мына үзінділерден байқауға болады:

Оқтың жеке атаулары мен міндеттеріне қарай бөлу

Оқтардың өз атауларына байланысты жалпақ, екі қырлы болып келгендерін «қозы жаурын», «көкжендет» деп атаған. Бұдан байқағанымыз оқтардың да өзінің атқаратын міндеті мен түріне қарай да жеке атаулары болғандығын білеміз. «Қозыжаурын» қазақ әдебиеті мен көптеген танымдық материалдар және зерттеу еңбектерінде ең өп қолданысқа ие жебе атауы. Оқтың осы түрі көркем әдебиете былайша орын алады: «Жалаңаш сарайдан алшаңдай шыға келіп, қорамсақтан қозы жаурын оқ алып адырнаға басты да, әй-шайға қарамай Күнкені көздеп тұрып тартып қалды. (Зәкенұлы Т. «Көкбөрілердің көз жасы» 447 б.).

Ал жыр-дастандардағы осы оқ атауларын мына үзінділерден байқауға болады:

Кәміл пірлер жебеді,

Қолына алып толғанып,

Қозы жауырын жебені

Ат үстінен шіреніп

Сонда тұрып тартады,

Кәміл пірлер сенгені.

Құрулы бақан басында

Екі бөліп ұшырды

Ай астында теңгені.

(Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық. Т.I. Батырлар жыры, «Қобланды батыр» жыры, 21 б.)

Ал оқтың «әндіген» деген бір түрі Ақтанберді жырларында былайша орын алады.

Жалаулы найза жанға алып,

Жау қашырар ма екенбіз!

Тобыршықты әндіген,

Толтыра тартар ма екенбіз.

Тобылғы түбі құралай

Бытыратып атар ма екенбіз!

(Ақтанберді. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 73 б.)

Сондай-ақ, «аңғуа», «қадау оқ» деген оқ түрлері Т.Зәкенұлының «Көкбөрілірдің көз жасы» романында кездеседі.

Ал, масақ (оқтың қауырсын байлаған жағы немесе жебеге байланған қауырсын. Кейде бұл тұтастай оқтың атауы болап кетуі де мүмкін. Садақты адырна деп атайтыны секілді.), кіріс (садақ атқанда оқтың адырнаға яғни кіреге тіреліп тұратын ойығы) т.б. секілді атауларын ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттен және тарихи еңбектерден көптеп кездестіруге болады.

Міне бұл бізге жеткен жебе атауларының бір бөлігі ғана. Біз баба тарихымыздан аларымыз да көп, және соның өтеуі ретінде береріміз одан да көп екенін әрбір қазақтың білгені абзал.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы