ЖАС АЙТЫСКЕРЛЕР ТӘУЕЛСІЗДІКТІ АРҚАУ ЕТТІ

1  328 көрілім

  Бүгін қаламыздағы №27 IT мектеп-лицейінде Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық білім бөлімінің ұйытқы болуымен «Өнер мектебінің» ұйымдастыруымен «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы» атты жас ақындар айтысы өтті. Тәуелсіздіктің 28 жылдығына арналған сайыс егемендігімізді жырға қосып, жастардың отансүйгіштік қасиетін арттырып, ақындық өнерін шыңдау мен ынталандыруды көздейді.

  Аталмыш аламан додаға Түркістан облысының қала, аудандарынан, сондай-ақ  Қызылорда облысы, Шымкент, Тараз қалаларынан да жастар қатысып, Тәуелсіздікті, ата-бабаларымыз армандаған осынау тарихи күнді арнауларына қосып, қара сөздерінде арқау етті.

  Әділ қазылық етушілер алқасында елімізге танымал айтыскерлер Бекарыс Шойбеков, Нұрлыбек Құрманов, Ержан Әміров және Қажымұқан Абзаловтар болып, қатысушылардың әр ой-толғамдарын саралап, бағасын берді.

  «Келе жатқан Тәуелсіздік күні құтты болсын! Жыл сайын аталмыш мереке қарсаңында «Өнер мектебінің» ұйымдастыруымен жас ақындар айтысы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Тіпті, ауқымы да кеңейіп келе жатыр. Былтыр Қызылорда облысы мен Шымкенттен келіп қатысса, биыл Тараз қаласы қосылып, Оңтүстік өңірі түгел қамтылды деп ойлаймын. Тәуелсіздікті әркім әрқалай жырлайды. Тәуелсіздік туралы біздің ата-бабаларымыздың жазған жыр-толғаулары бар. Бірақ, Тәуелсіздіктің өз тумалары,перзенттері қалай жырлайды екен деген ой бәріміздің көкейімізде болуы мүмкін. Жастар соны өз деңгейінде жоғары көтереді деп сенемін», – деді айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков.

  Шын жүйрікке тұсау жоқ демекші, бұл бәсекеге 1-11 сыныпта оқитын барша жас ақындар қатысуға мүмкіндік берілген. «Баға жетпес байлығымызды қастерлеп, әлемде тәуелсіз ел болайық, тек қана бір Аллаға тәуелді ел болайық» дескен жиылған жұрт бұл күннің маңызының зор екендігін, ал жастардың бұл тақырыпқа мән беруін патриоттылыққа теңеді.

  Бұл айтысқа қатысқандар бұған дейін де көптеген аламандарға бой көрсетіп, жүлделі орындарды иеленіп жүргендер. Олар соңғы уақытта айтысқа үлкен көңіл бөлініп жатқанына дән разы. Мұндай сайыстар үлкен серпіліс әрі тәжірибе сыйлайтынына сенімді. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық өнерін ту еткендер айтыстың ақбарысы атанған республикамызға танымал ақын Бекарыс Шойбековты үлгі тұтатындықтарын жасырмады.

  Мереке аясында өрбіген әрі биыл 10-рет Республикалық деңгейде өткен бәсекеде Бәйдібек ауданынан келген Рахат Аман бас жүлдені иемденсе, I орын Түркістан қаласынан Гүлмарал Тасыбек, Шымкент қаласынан Ғани Дәурен, Арыс қаласынан Нұрмахан Жақыпбекке, кезекті II орын Отырар ауданынан Әмір Шәмші, Қызылорда облысынан Айқын Төлеген, Тараз қаласынан Мұхтар Қонарбаевқа бұйырса, III орын Қазығұрт ауданынан Ерасыл Жақсыбек, Түркістан қаласынан Тәңірберді Болат және Шымкент қаласынан келген Нұртілеу Төленбекке беріліп,  марапаттарға ие болды.    

  

  Айта кетейік, «Өнер мектебі» 2009 жылы жас, дарынды, талантты жандар үшін есігін айқара ашқан болатын. Бұл тұста, жас болса да, бас болып, аталмыш мектепті төрге сүйреп, талай жастың бойындағы өнерінің жарыққа шығуына септігін тигізіп жүрген «Өнер мектебінің» директоры Тұрар Тілеулиевті де айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар, айтулы мерейтой – 10 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтап, бүгінде рухани шаһардың атын әйгілеп жүрген мектеп шәкірттеріне сәттілік тілейміз.

  Ал, газетіміздің келесі санында оқырмандар үшін жас айтыскерлердің арнауларын ұсынатын боламыз.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан». 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы