Сыбайлас жемқорлық – ел экономикасының кемелденуіне кедергі келтіріп, мемлекеттің межелі мақсатқа жетуіне тұсау болатын қауіпті кесел. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық кез-келген қуатты елдің әлеуетін құлдыратып, халықтың билік институттарына деген сеніміне селкеу түсіреді. Бәсекелестік қабілетін бәсеңдетіп, мемлекеттің өркениет көшіне ілесуіне орасан зор нұқсан келтіреді.
Қоғамдық індетпен бүкіл әлем болып күресу мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғаруымен 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніболып белгіленіп, бүгінгі күні көлеңкелі қылмыстың жолын кесуде жалпы қоғамға тән ортақ бастамалар жүзеге асырылып келеді.
Бұл, 9 желтоқсан – жершары халықтарының «Сыбайлас жемқорлықтың дамуға кедергі жасауына жол бермейміз!» деген ұраны арқылы жанайқайын білдіретін айтулы күн.
Біздің еңселі елімізде пайдакүнемдіктен туындайтын парақорлық деректерінің деңгейін төмендетіп, сыбайлас жемқорлықсыз жарқын болашақты қалыптастыруға және қоғамды рухани құндылықтармен байытуға, сондай-ақ парасаттылық, әділдік, сенім қағидаттарының кең насихатталуына айрықша басымдық беріп келеді.

Әлемдік өркениетте әділдіктің өркендеуіне ықпал еткен Шығыстың әйгілі ғұламасы Әбу Насыр Әл-Фараби өзінің “Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы” атты елеулі еңбегі арқылы және түркі әлемінде өзіндік орны бар ұлы ақын Қожа Ахмет Ясауи «Диуани хикмет» атты құнды кітаптары арқылы түркі жұртының мәдени мекенінде турашылдық пен тазалықтың тамыр жаюына өзіндік үлес қосты.
Киелі жерді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облыс орталығы ету туралы тарихи шешім қабылдап, түркі жұртшылығының рухани астанасын бір күнде жаңа мәртебеге көтерді.
Түркістанның рухани негіздерін ескере отырып, қоғам арасында адалдық және парасаттылық құндылықтарының негіздерін насихаттау мақсатында бүгінгі күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен бірқатар тың идеялар қолға алынды.
Соның айқын дәлелі ретінде «9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» күніне орай, Түркістанда алғаш рет халықаралық деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де өткен жиынның негізгі мақсаты – жемқорлықтың жолын кесудегі үздік тәжірибелердің тиімді жолдарын қарастыру және оның алдын алудың ұтымды тәсілдерін ортаға салу.
Форумға арнайы шақыртылған қонақтардың арасында Мемлекеттік қызмет саласындағы Астаналық Хабты басқару комитетінің төрағасы А.Байменов, Республикалық арнайы мониторингтік топ басшысы А.Соловьева, ҚР ІІМ қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Қоғамов, Кеңес Одағының батыры Н.Кремениш, «Лига Волонтеров» қоғамдық қорының Төрайымы А.Ерниязова, Республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі М.Қарғабай, Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік емтихан орталығы Төрағасының орынбасары Б.Халилов, Түркия Республикасы Мармара (Ыстамбул) университетінің профессоры И.Аттила, Нью-Йорк (АҚШ) полициясының үздік қызметкері Д.Ниязов, Халықаралық сарапшылар, ғалымдар мен құқық қорғау органдарының ардагерлері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары осы саладағы тиімді әдістерін ортаға салды.
700-ге жуық қатысушылар арасында ғалымдар мен министрліктердің жауапты хатшылары, Әдеп жөніндегі уәкілдер, қала, аудан әкімдері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен облыстық құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары болды.
Жиында алғашқы болып алғы сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев «Елбасының тарихи шешімімен жаңа облыс болып құрылған Түркістан жерін жемқорлықтан азат етіп, адалдықтың мекеніне айналдыруда бүгінгі Халықаралық форумның тигізер үлесі зор» деп, өзінің пайымды ой-пікірін білдірді.
Форумда сөз алған Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана Хаб Басқарушы комитетінің төрағасы А.Байменов жемқорлыққа қарсы күресті Агенттіктің, прокуратураның немесе соттың жұмысы деп қарамау керектігін, бұл бүкіл халықтық іс екендігін және батпандап кірген дертті шығару үшін әрбір азамат, соның ішінде әрбір басшы тазалықтың, адалдықтың үлгісін көрсетуі тиіс екендігін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, форумға АҚШ-тан арнайы келген Нью-Йорк Полиция Департаментінің үздік қызметкері Д.Ниязов Түркістанның болашағы жарқын әрі келешегі кемел боларына сенім білдіріп, отандық полицияның штат санын оңтайландыру арқылы еңбек өнімділігінің сапасын арттыруға болатындығын жеткізді.
Тағылымды тарихқа толы рухани мекен Түркістан өңірінде алғаш рет өткізіліп жатқан тәжірибе алмасу жиынының өзіндік ерекешелігі сыбайлас жемқорлықсыз адал қоғамды қалыптастыру.
Мұндай игі бастамаға құрылған халықаралық форумның түркі жұртының асыл бесігі – Түркістан қаласында өтуіне барлық рухани негіздер бар.
Бұл форум алдағы уақытта да еліміздің рухани астанасында өз жалғасын тауып, шетелдік сарапшылардың белсене қатысуымен тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады.
Игі бастаманы белгілі спикерлер, соның ішінде ҚР ІІМ қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Қоғамов қолдап, өзінің «Түркістан – сыбайлас жемқорлықтан азат өлке. Мұндай халықаралық форумды кем дегенде екі жылда бір рет Түркістанда өткізу қажет»,- деген пайымды пікірі арқылы киелі өңірде мұндай келелі жиындардың болуы заңдылық екендігін жеткізді.
Қоғам індетімен қарқынды күресудің жолын қаузаған форум соңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті қызметкерлерінің және Департамент қамқорлығындағы Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының» тәрбиеленушілерінің қатысуымен түсірілген «1424» көркем фильмінің алғашқы көрсетілімі жиынға қатысушылар назарына ұсынылып, көрермен көңіліне терең ой салды.
Халықаралық форум түркі жұртшылығының түп қазығына айналған тарихи өлкені жемқорлық кеселінен арылтып, өркениет ошағы мен адалдық мекеніне айналдыруға бірден – бір негізгі қадам болмақ.
Хаким Көшқалиев,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы,
3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.