ТҮРКІСТАН: АТА-БАБА ДӘСТҮРІ – ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ

327 көрілім

Түркістанда «Ата-баба дәстүрі – тәрбиенің бастауы» тақырыбында байқау өтті. Шараға Түркістан қаласынан 5 команда қатысып, бақтарын сынады. Олар, «Түркістан көпсалалы жоғары медицина» колледжі, М. Мәметова атындағы №6 мектеп, балалар мен жасөспірімдер орталығы, М. Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектебі, Түркістан қалалық мәдениет үйі.

Ата-бабамыздың салт-дәстүрлері халықтың рухани өзегі, мәдениетінің дінгегі, тілінің тірегі. Осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу мақсатында қолға алынған шарада қазылар алқасы 5 топтың дайындығын 2 кезең бойынша байқады. Алғашқы кезең салт-дәстүр бойынша ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді дәріптесе, шешендік өнер кезеңінде қазақ халқының билері, шешендері, сұлтандары мен абыз ақсақалдарының өсиет сөздерін, шешендік өнерін, кесімді шешімдерін, бойларына біткен өресі биік қасиеттерін толыққанды көрініс барысында сипаттап берді.

Әр аудан мен қалалар өздерінің арасында өткізілген байқауларды іріктеу арқылы жоғары нәтиже көрсеткен 1 команданы облыс орталығында өтетін финалға жолдама беруі тиіс. Осыған сәйкес қазылар алқасының құрамы ақылдаса келе, әр топтың үздік нөмірлерін жоғары бағалап, тұтастай команда жасақтайтын болады. Байқау соңында өнер көрсеткен командалар Алғыс хатпен марапатталды.

Президентіміздің бүгінде жүргізіп жатқан саясаты “Әділетті Қазақстан құру-Тәуелсіздігіміздің жарқын болашағы” бағытында жұмыс жүргізу үшін қоғам болып ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін болашағымыз жастардың санасына сіңіріп, жүректерінің төрінен орын алдыра білуіміз керек. Осы бағытта ұйымдастырылған байқау облыс деңгейінде жалғасатын болады деді ұйымдастыру алқасы. Қазақ халқы ертеден-ақ тәлім-тәрбиеге, әдеп пен мәдениетке айрықша көңіл бөлген. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» дей отыра жасы үлкен адамды кез келген жерде сыйлаған. 

Үлкен кісі сөйлегенде, сөзін бөлмеу, жасын сыйлау – мәдениеттің көрінісі. Осыған орай отбасысында да дәл осындай сыйластық болады. Сүттей ұйыған отбасының берекесін сый-құрметпен сақтаған. Ең ерекше көзге түсетін, өзге ұлттарда кездеспейтін тың дүние-жеті ата туралы түсінік. Жеті атаға дейін қыз алып-беріспеу биологиялық тұрғыда да дұрыс екені анықталған. Өзге атаның ұрпақтары болып табылатын туыстық қатынаста дені сау, қаны таза, денсаулығы мықты бала дүниеге келеді. Ал ілім-ғылым дамымай тұрған шақта ата-бабамыз мұның бәрін қалай білген? «Қызыңды бөтен үйге қондырма, ұлыңды басқа үйден тойдырма», «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін ұлт даналығы қыз тәрбиесіне ерекше көніл бөлетінін көрсетеді. Жас қыз – болашақ ана. Ал «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Ұлттың тәрбиесі, болашағы тікелей анаға байланысты. Сол себепті қыз баланың тәрбиесі бірінші орынға қойылған. Ер баланың тәрбиесі жан-жақтылықты дәріптейді. Жастайынан атбегілік, құсбегілікке баулыған. «Жігітке жеті өнер аз» демекші отбасының болашақ асыраушысын азамат болуға тәрбиелеп отырған. Ол бүгінде жалғасын тауып келеді. Мұның өзі қатты қуантады. Қазекеңнің бауырмалдығы, қонақжайлығы – бір төбе. Айта берсең сан жетпейді. Себебі бабаларымыз тәрбиенің қадірін білген. Сол дәстүрлердің арқасында ұлан-ғайыр даламызды аман сақтап, бізге жеткізіп отыр. Қазір дәстүрлерді жаңғыртуға, сақтауға көптеген жобалар жасалып жатыр. Ата-баба дәстүрін келешек ұрпаққа жеткізу-біздің парызымыз. Ұлттық бірегейлік дәстүрдің арқасында сақталады. Ал  ұлтымыз мәңгі жасасын десек, дәстүрімізді ұмытпауымыз керек.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе», — деген ұлы қаламгер М.Әуезов. Қазақ халқында жаңа өмірдің, жарық дүниенің есігін ашқан нәрестенің өзіне сый-құрмет көрсетіліп, дәріптейтін лайықты салт-дәстүрлері бар. Әлемдік жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға әрекет етуде. Олай болса салт-дәстүр – өсіп келе жатқан баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің ұлт өкілі ретінде өсіп, үлгі-өнеге алуына әсерін тигізеді.

Отбасындағы тәрбие, үлкендердің әрбір сөзі, ісі, мерекелік рәсімдер, салт-дәстүрге байланысты ұйымдастырылған шаралар – баланың қоғамдағы өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына әсер ететін алғы шарттар деуге болады. Салт-дәстүрдің үлгісін еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға алғашқы қадам жасайды. «Адам еш уақытта өзімен-өзі адам болмайды, адам болуды шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап үйренеді. Ал адамды адам ететін – жұмыр жерді мекен еткен сан толқын ұрпақтардың ақыл-ойы мен тірнектеп жинаған тәрбиесі. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға ауысатын тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-практикалық дәстүр сабақтастығы болмаса, адамзатта прогресс те болмақ емес. Сол тарихи-мәдени тәрбиені танып білу арқылы адам баласы өзінің парасат-болмысын шыңдайды».

Қазақ халқы – қандай да болсын қуанышын жеке отбасы болып ғана емес, көрші-қолаңын, туған-туысын, ел-жұртын жинап атап өтетін дархан халық. Той-думанның, қуанышты хабардың жаршысы ретінде «Сүйінші» айтылады. Сүйіншіні жеткізуші адамның көңіл-күйі көтеріңкі, ерекше қуанышты жағдайда болады. «Сүйінші – қуанышты хабар жеткізушінің сөзі. Мысалы, «Сүйінші, сүйінші! Келініңіз ат ұстар (ұл) тапты» деп хабар әкелген адамға «Қалағаныңды ал» деп, аяғын қуанышты қонақасыға айналдырып жібереді. Сүйіншіні жеткізетін адам – бір отбасын қуантып, жақсы хабар әкелетін дәнекер. Оның қалағанын, сұрағанын беруге той иесі міндетті. Сүйінші дәстүрін «Шілдехана» жалғастырады. «Шілдехана – жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын той. Дастархан жайылып, жастар ән салып, домбыра тартып, ұлттық ойындар ойналады».  Жаңа туған нәрестеге азан шақырылып ат қойылып, жөн-жоралғысы жасалады. Бір ескертетін жайт, салт-дәстүрлерді үлгі-өнеге етудің басы-қасында балалар да болу керек. Бала – отбасы тірегі, елінің ертеңі, шаңырақ иесі. «Бесікке салу» рәсімінде әжелердің бесік жыры тыңдалады. «Бесікке салу: халқымызда бесік – қасиетті, киелі,  құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Мұны «Туған жер – алтын бесік» деген сөз дәлелдей түседі. Бесікті отпен аластап, баланы бөлейді. Бұл – халқымыздың елеулі үлкен дәстүрі. Бесікке салу жолы, жасы үлкен немесе елдің құрметті, өнегелі адамына жүктеледі. Бесіктің үстіне жеті бағалы заттар жабылады. Ол заттардың әрқайсының, мысалы, ел қорғайтын батыр болсын деген сияқты тілек-жоралары бар. Мерекелік дастархан жасалып, бесікке салған адамға кәде беріледі».

Ретімен, сәнімен келетін салт-дәстүрлердің өзіндік ерекшелігін, рухани құндылығын көріп, тыңдап отырған балаға қайталанбастай әсер қалдырады. Өсіп келе жатқан ұрпақ салт-сананы көру арқылы ата-бабасының қалдырып кеткен бай мұрасын бойына сіңіреді, қоғамның жеке тұлғасы, отбасының бір мүшесі ретінде жауапкершілігін сезінеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы