Атадан қалған асыл дәстүр, бабадан қалған сарабдал салт – қазақ баласының ең басты ұстанымы әруақ сыйлау, құран бағыштау, өткенді құрметтеу болған. Сонымен көсегеміз көгеретінін біз білеміз, ұрпаққа деген өсиет өнегеміз де осы болмақ. Ал, енді, бүгінгі күні топырағынан бір аунап түскен Жәудір апамыз туралы аздап дерек бере кеткенім дұрыс шығар. Бұл жерде айта кетпесе болмайтын тағы бір жайт бар. Жәудір апамыздың ұлы бейнесін жалаң сөзбен ғана баяндап шығу аздық етеді. Толыққанды ашу үшін ғасырлар қойнауына сапар шегуге тура келеді. Көпшілік тәу ететін, зиярат жасайтын сырлы дүние Жәудір ана мешіт-медресесі қалай пайда болды? «Бұл құрылыс-кесенені о баста кім салды?», деген сұрақтың тууы заңды. Еліміз еңсесін енді көтеріп келеді. Жабылып, жоғалып, ұрланып кеткен халқымыздың тарихи жәдігерлері енді-енді ғана оянып, деректері дұрыс жолға түсіп келеді.
Солардың бірі де бірегейі, алыстап кетіп ортамызға қайта оралған көзайымымыз осы Жәудір ана мешіт-медресесі! Бұл саладағы еткен еңбегіміз, ардақтысын жарылқайтын Жәудір апа бауырларының ықылас ниеті зая кеткен жоқ. Жәудір ана мешіт-медресесіне мемлекет меншігі, мемлекет қорғауындағы нысан деген мәртебе берілді. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Бұл үшін жоғарыда, үкімет басында отырған азаматтарға алғысымыз шексіз. Тағы бір көңіл аударатын жайт: бұл нысан өз кезіндегі құжаттарда «Әжіахмет – Жәудір» мешіт-медресесі деп хатталып қалғандығын көп адам біле бермейді. Неге бұлай деген сұраққа ешкім де бас қатырмаған сияқты. Мешіт-медресені Жәудір ана салдырған деп қысқа қайыра салады. Бұл тіпті дұрыс емес! Баба тарихқа жасалған қиянат болар еді.
Сондай-ақ, Әжіахмет дегеніміз кім еді дегенге де ешкім осы күнге дейін көңіл аудармапты. Ендеше, қысқа болса да айта кетейік. Біздің Әжіахмет әулиеміз Жәудір апамыздың аталарының атасы болған айтулы тұлға. Әжіахмет атамыздың туылған жері – Сайрам. Туылған жылдарынан сараптасақ екі тұлғаның арасында аттай 707 жыл жатыр!
Және дәл осы нысан 1195 жылы пайдалануға берілген екен. Кесене мешіт-медресені салған Әжіахмет атамыздың өзі және ғимарат «Әжіахмет зікіршілер орталығы» аталған. Биік-биік мұнаралары, асхана, емхана, зікірхана, қонақжай тағы басқа көптеген ханалары болған. Әжіахмет ата бұл ғимаратта көп жыл өзінің зікіршілігін, құшнаштығын жүргізген. Бала оқытып дәріс берген, әулие дәрежесіне жеткен. Ертеректе бұл ғимарат пен солтүстік батысындағы қылуетке баратын жерасты жол болған. Ол жерасты жолы бүгіндері жабылып кетті. Сол секілді, Шыңғысхан тиіспеген бұл ғимаратты 1388 жылы Тоқтамыс хан жермен -жексен етіп қиратып кеткен. Мешіт-медресенің ауласына қойылған Әжіахмет әулиенің сүйегі бір бұрышында қалған екен. Жәудір ана мешіт-медресесінің алғашқы тарихи парақшасы осылай жабылады.
Мен өзім осында туылып-өстім. Үйіміз осы Жәудір мешіт-медресесінен таяқ тастам жерде болатын. Әкеміз ылғи Жәудір апасы туралы әңгіме айтатын. Ол кісі жүрген жерге ит-құс жоламайды, сондай кереметі бар еді дейтін. Көзі көрген кісі ғой. Ал, Жәудір ана мешіт-медресесі қирандысының аспаны түнде жап-жарық болып жарқырап тұрушы еді. «Бұл бір құдірет қой» деп тамсанып отыратын әкеміз. Ол кезде жаспыз, біз әкеміздің айтқан әңгімелерін түсінбеген екенбіз.
Біздің Жәудір апамыз ӘжіАхмет атасынан қалған бұл қиранды ғимаратты 1840 жылы қайта қалпына келтірді. Кісілік өлшемі, биік сана дегеніміз, сірә, осы болар. Содан бері Жәудір мешіт-медресесі аталды. Мақтанышпен айтсақ, Жәудір апамыз бүкіл, түркі, араб, мұсылман әлеміндегі айтулы жалғыз тұлға. Жәудірге дейін де, Жәудірден кейін де әйел баласынан мұндай шыңға шыққан сәукелелі оқымысты, құшнаш, емші тұлға тарихта болған емес!
Бұл мешіт-медреседе Жәудір апамыз имамдар мен қарилар дайындап шығарған. Оның үстіне сол кездегі әлеуметтік жағдайы сын көтермейтін өзінің оқушыларына арнап, аумағы 5-6 гектар келетін /кейбір деректерде 50-60 га/ «Қаракөз» жеміс-жидек, жүзім бауын отырғызып, қолға алған. Дәл осы мешіт-медресе жанынан өтетін Жәудір көшесі тұп-тура сол баққа барушы еді. Қазір бұл көше де жоқ, «Қаракөз» бауы да жоқ, ол баудың орнында Түркістан қалалық зираты ғана тұр қарауытып. Зират атауы – «Қаракөз».
Өкінішке орай, 1930-1932 жылдары кеңестік-атеистік саясат бұл «Жәудір ана» атындағы мешіт-медресені тағы да қиратып тастады.
Жәудір апамыз Қостанай облысы, Орқаш ауылында туып өскен. 108 жыл өмір сүрді. Соның 74 жылын, бүкіл саналы ғұмырын осы атасынан қалған жәдігер мешіт-медресеге арнаған екен. Өмірінің соңында Орқашқа қайтқан, 1918-жылы сол жерде өмірден озды. Өткен жылы осында отырған ағайындары әулиенің басына қара мәрмәрдан белгі қойды.
ЖӘУДІР АНА МЕШІТ-МЕДРЕСЕСІ
Бұл жерде іргетасы XII-XIII ғ. ғ. қаланған сәулетті «ӘжіАхмет» мешіт медресесі болған. Уақыт дауылы 1388 жылы бұл мешіт-медресені жойып жіберген.
XVIII ғ. 40-шы жылдары қираған бұл нысан, арғы атасы ӘжіАхмет әулиенің аяны арқылы Жәудірдің ұйымдастыруымен қайта бой түзеді. «Жәудір ана мешіт медресесі» аталды.
Жәудір Оразқызы – «Аңырақай» шайқасының атақты батыры Қарақағайдың (жетіру, телеу) немересі. Аса сауатты әрі іскер Жәудір бүкіл саналы ғұмырын осы мешіт-медреседе өткізді. Имамдар мен қариларды дайындады. Екі рет Меккеге қажылық парызын өтеуге барып қайтты. Әулиелік дәрежеге дейін көтерілді. 50-60 гектар жерге «Қаракөз» бауын отырғызып, кедей кембағалдарға қамқоршы болды. Бүкіл түркі, араб дүниесінде әйел баласынан мұндай тұлға болған емес.
Мешіт-медресе 1930-1932 жылдары қайта қиратылды
2022 жылы тамыздың 12-сінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің №5 ұйғарымымен Жәудір ана мешіт-медресесіне тарихи-мәдени республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесі берілді.
Оралбек Бекболат