ТҮРКІСТАН: ЖАЗУШЫ МАРХАБАТ БАЙҒҰТТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ШАРА ӨТТІ

651 көрілім

Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында жазушы Мархабат Байғұтты еске алуға арналған «Қазақ жанын қаламымен аялаған суреткер» атты кеш өтті.

Кездесуге облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Қазақстанның Құрметті кітапханашылары Шәрбану Дінәсілова, Алтынай Алиева, Зоя Бегежанова және өңірдегі аудан-қалалардың құрметті азаматтары қатысты.

Жиында қаламгердің жан-жары Қыздаркүл Пернебайқызы жазушының әсерлі естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, кеште отырарлық ақын Дәулет Полатбаев Мархабат Байғұтқа арнаған арнау өлеңдерін оқыды. Одан бөлек, №66 «Қазығұрт» жалпы орта мектебінің оқушылары«Мархабат мақамдары» кітабынан үзінділерін оқыды. Еске алу шарасын кітапхана директоры, Қазақстанның педагогикалық академиясының профессоры, мархабаттанушы Ақмарал Құдайбергенова қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Мархабат Байғұт (1945-2022) – 1945 жылғы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туған. Жазушы 2022 жылдың 26 қарашасында Шымкент қаласында дүниеден озды. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Сібір және Забайкалье әскери округтерінде әскерде болған. 1968-74 жж. Түлкібас аудандық газетінде корректор, аудармашы, бөлім меңгерушісі, 1974-84 жж. облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде аудармашы, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, 1984-85 жылдары облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, 1985-92 жж. Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесінің жетекшісі, 1992-93 жж. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі  саясат бөлімінің меңгерушісі, 1993-98 жж. облыстық тіл басқармасының бастығы, 1998-2001 жж. облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, 2001-03 жж. осы басқарманың бастығы, 2003-04 жж. облыстық ақпарат басқармасының бастығы, 2005-08 жж. облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы, 2008 жылғы мамыр айынан 2012 жылғы мамыр айына дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңір бойынша (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл) арнауылы тілшісі, 2012-16 жж. «Қазығұрт KZ» альманахының, кейіннен журналының бас редакторы болды.

«Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Ақтолғай», «Сағыныш саздары», «Бұла бұлақ»,  «Күнгей   көңіл», «Іштарлық  пен  құштарлық», «Аршакие», т.б. прозалық және публицистикалық кітаптары жарық көрген. Олардың бәрі дерлік негізінен Алматыдағы «Жазушы», «Жалын», «Қайнар», «Қазақпарат», «Қазақстан» баспаларынан шыққан. 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан шығармаларының төрт томдығы жарық көрді. 2016 жылы таңдамалы шығармаларының үш томдығы шықты. «Бозторғайдың ұясы», «Жоғалған Жұрнақ», «Көксу комедиясы» драмалары театр   сахнасында   қойылған.

«Асқаровтың аққайыңдары» драмасы республикалық байқауда бірінші орын алған. Жазушының туындылары орыс, украин, өзбек, түрік, саха, қарақалпақ тілдеріне аударылған.  Өзі В.Шукшиннің, У.Ирвингтің, Ш.Айтматовтың,   А.Кимнің, В.Покальчуктің, Е.Андрееваның шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. 2015 жылы Түркияда «Дауыстың түсі» атты әңгімелер кітабы түрік тілінде шықты.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Бауырмал» сыйлығының, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері. 1996 жылы «Құрмет» орденімен, 2014 жылы «Парасат» орденімен, көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2004). 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, 2009 жылы Қазақстанның Құрметті журналисі атақтары берілді. Түлкібас және Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы. 2016 жылы халықаралық «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығын алды. Қазақстан  Жазушылар одағы басқармасының, көптеген комиссиялар мен көркемдік  кеңестердің, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі болды.

Қазақ әдебиетінің төрінен орын алған Мархабат Байғұттың есімі көпшілік ортаға жақсы таныс. Қоғам шындығын айғақтайтын әңгімелері мен байыпты көзқарасы – қаламгердің ең бір ерекше тұсы. Мархабат Байғұт шығармашылығы өзгелерге ұқсамайды, кейіпкерлерінің бейнесі де өз кезеңінің тағдырын еш бүкпесіз баяндайды. Жазушының шығармалары қазақ әдебие-тіне қандай өзгерістер әкелді? Әрбір шығармасының тарихы қайда жатыр? Жазушының әдеби әлеміне терең бойлап, ғибратқа толы ғұмырын зерделеп көрелікші…

Қаламгердің алғашқы әңгімелері жетпісінші жылдардың басында дүниеге келген. «Шілде» деген атауға ие болған бұл әңгімелер жинағы Мархабат ағамызды жазушы ретінде дүйім жұртқа таныта түсті. Бұл жайында белгілі жазушы Тәкен Әлімқұлов: «Мархабат тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы. «Оңтүстік Қазақстанда» істей жүріп, неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді», – деп Мархабат ағамыздың жазушылық әлеміне бағасын берген. Шығармашылығы хақында ары қарай ой қозғар болсақ, қаламгер туындыларының замана келбетін танытатын, шынайы өмірді әрқалай жанрмен сипаттайтын артықшылығы бар. Бертін келе жарық көре бастаған «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәурізек», «Қорғансыз жүрек» сынды шығармалары әдебиетімізде ойып тұрып орын ала білді. «Интернаттың баласы» повесін мысал етіп алып көрейік. Жасөспірім балалардың өмірде қалыптасып дамуы, жолдағы қиындықтарға төтеп бере білуі шығарманың басты өзектілігі деп баға беруге болады. Бүгінгі қоғаммен салыстырып қарасақ, баланың өзін-өзі тануында, дамуында үлкен кедергілерге жол бергенімізді байқаймыз. Кейінірек баланың құрдымға кетуі, өміріндегі сәтсіздіктері мен қақтығыстарға бой ұрындыруы осының салдары екені анық. Қоғамның да ақсап тұрған шағы осы емес пе?!

Жазушы шығармашылығының тағы бір ерекше тұсы – туған өлкеге деген сүйіспеншілігі, бауырмалдығы. Осы жайында сыр шерткен мақалаларын оқып отырып, ерекше әсерге бөленесің. Еліне деген перзенттік махаббаты мен кеңпейілдігі айқын сезілетін шығармалары жазушының қаламгерлігін танытқан ерекше бір қасиеттер десек, әсте қателеспеспіз. «Тәуелсіздікке тәубе дейік. Алтын құрсақ Оңтүстіктің, шырайлы Шымкенттің барына шүкір делік. Халқымыздың және бір жауһар жыршысы Асанұлы Сабырханның сөзін сәл ғана өзгертсек, көктем де Оңтүстіктен басталады». Иә, еліміздің оңтүстік өңірі дәстүр-салты бұзылмаған, тілі де, діні де берік екеніне ешкім дау айта қоймас.

Мархабат Байғұт шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – әскер қатарында жүріп әдебиетке араласа бастауы. Бір-бірімен әдемі үйлесім тапқан әңгімелері мен хикаяттары, публицистикалық жанрда жазылған еңбектері – қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі. Алғашқы туындыларының бірі «Күн астындағы күнекей қызды» небәрі жиырма бір жасында жазған екен.

Ұлттық танымы мықты орныққан жазушы шығармашылығына Шерхан Мұртазадан бастап, бүгінгі күнгі жазушылардың біразы жылы көзқарас танытқан. Қаламгердің шығармалары түрік, өзбек, саха, украин, қарақалпақ тілдеріне аударылған.

М.Байғұт – жазушылығымен қатар, аударма саласында да жемісті еңбек еткен тұлға. Қырғыздың белгілі жазушысы Шыңғыс Айтматов пен орыстың бірқатар жазушысының шығармаларын қазақ тіліне аударған. Мархабат ағамыздың еселі еңбегін әр шаңыраққа танытсақ да артық болмайды. Жазушының шығармаларын ағылшын және орыс тілдеріне аударып, таралымын көбейтсек, нұр үстіне нұр болары анық. Мархабат ағамыздың шығармаларында көп көрініс табатын дүние – ауыл өмірі.

Шығармаларын бір оқығанның өзінде-ақ ауылдағы қызған тұрмыс-тіршілік пен қазақылық-тың иісі аңқып тұрғанын сезесің. Халқымызға ғана тән ұлттық кодымызды да жазушы шығармаларынан анық кездестіре аламыз. Шынайылық деген де осы болар. Ауыл тақырыбын шығармасына арқау еткен қаламгердің жазу өнері де, стилі мен прозалық қабілеті де өзгеден ерек һәм ешкімге ұқсамайды да. Кез келген оқиғаны ерекше етіп жеткізуге тырысады. Меңзеу, юмор, ишара, теңеу, риторикалық сұрақтар… Бәрі де бір шығарма аясында ұштасып, ғажап үйлесім тауып тұрады.

Республикалық «Жас Алаш» газетінде ақын Темірхан Медетбек ағамыздың Мархабат Байғұт жайында жазған мақаласы жарық көрді. «Мархабат Байғұт – стилі де, мәнері мен мақамы да ешкімге ұқсамайтын жазушы. Тілдік аясы да, оны қолдана білуі де бөлек. Бізде қасаң түсінік бар ғой: жергілікті жерлерге ғана тән жаргон мен диалектілерді тек кейіпкерлер диалогында ғана қолдану керек дейтін. Мархабат мұндай жөнсіз санитарлық түсініктің быт-шытын шығарады. Ол кейіпкерлерін бір мақаммен сөйлетіп, өзі бір мақаммен сөйлеп жатпайды. Кейіпкер қалай сөйлесе, өзі де солай сөйлейді. Тұтас! Тағы да олар оңтүстіктік мақамдар! Мархабат мақамдары!» – деген екен. Оқи отырып сүйсінесің, Мархабат әлеміне қызыға түсесің. Осыдан-ақ Мархабат Байғұт тек жазушы, аудармашы ғана емес, ауыл өмірін қоғаммен етене жақындастыра баяндаған көрнекті суреткер деп атасақ, артық болмағаны.

Публицистикалық дүниелерінің қазіргі таңда жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Жазушы туындыларының бүгінгі ортадағы маңызы жайлы баяндасақ, қоғамдық резонанс тудырарлық мақалалары бірден ел назарын аудартады. Мен де Мархабат ағамыздың көп оқырманының бірімін. Жазушының кейбір кітаптарын іздеп таппай жатамыз. Сол сәтте ғаламтордың көмегіне жүгініп, жазушының өмірін жақынырақ танып білдім. Ал шығармаларынан еш жалықпайсың, әр туындысы-ақ қиядан қияға, ұшқыр ойдың шарықтау шегіне дейін жеткізіп жатады. Кейіпкерлердің бір-бірімен қақтығысы, шыншыл диалогтары мен жазушының қайталанбас қаламгерлік қасиетін бағамдай аламыз. Қоғамның шынайы ақиқаты мен ұлт болмысы Мархабат шығармашылығының үзілмеген арқауы екенін аңғарамыз. Ұлттың ұлы рухы да біздің ізгі қасиеттерімізге байланысты екенін ескерсек, Мархабат Байғұттың өзіндік мақамы да ел тарихын қастерлеуде маңызды рөлге ие екенін еріксіз мойындаймыз. Ендеше, жазушы туындыларын жаһанға неге танытпасқа?!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы