Жуырда түркітілдес халықтар кітапханасында «Жас ақынның жарқын әлемі» деген тақырыпта Дәурен Тілеуханұлынының бенефис шоуы өтті. Кітапханадағы ашық есік күнінде ұйымдастырылған бұл жиынға Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі Дана Байдаулетова, Түркістан облысының «Құрметті азаматы», тарих ғылымдарының кандидаты Баян Адырбек, Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Асильбаев және ақын, өзбек жазушысы, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі Мухаббат Аматаева қатысып, оқырмандарға тілектерін білдірді. Сондай-ақ, кеште Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәурен Тілеуханның өлеңдері оқылып, жас оқырмандарға кітап оқудың ұтымды тұстары түсіндірілді. Басқосу соңында ақын кітапхана қызметкерлеріне өз алғысын білдіріп, кітапхана қорына жаңа кітаптар сыйға тартты. Ұйымдастырушы тарап та естелік ретінде жас ақынға алғыс хат пен арнайы сыйлық табыстады.
Естеріңізге салайық, Дәурен ТІЛЕУХАН – 2000 жылдың 28 қазанында дүниеге келді. Дәуреннің балауса жырлары Ақкөбе облыстық «Жас өркен», «Жауқазын» жинақтарында, сондай-ақ, баспасөз беттері мен түрлі сайттарда жарық көрді2018-2022 жылдары Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде филология мамандығы бойынша білім алды. Қазіргі таңда аталған университетте филология мамандығының магистранты. Ақтөбе облысы әкімінің қолдауымен жарық көрген «Сағыныш сыбыры» жыр жинағының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сондай-ақ, Аbai телеарнасында “Поэзия қағанаты” және “Сөз патшасы” бағдарламасы, Еларна телеарнасының «Жаңа қадам» ток-шоуы Дәуреннің шығармашылығына арнап эфирлер әзірленді. Осы ретте оқырмандарға ақын шығармашылығы туралы ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бауыржан Бабажанұлының пікірін ұсынып отырмыз:
Осы ретте мен бүгінгі буынға қызыға қараймын. Өлеңіңді жазған сәтте әлеуметтік желіге жарқ еткізесің. Қошеметшілерің гу ете қалады. Қасыңдағы досың ғана емес, тіпті анау Америкада отырған бір қазақ ілтипатын білдіріп үлгереді. Жақсы дүние іздеп отырған сайттар іліп әкетеді.
Мүшайралардың да дені 18 бен 35 жас аралығындағыларға арналған. Өлеңің тәуір болса, топ жаруға, жүлдеге ілінуге мүмкіндік бар. Бұл да қалтасы тесік бозбала мен бойжеткен үшін әжептәуір көмек.
Облыстың мысалында сөз етсем, бірнеше басқарма кезектесіп, жыл аралатып, жастардың жинағын шығарады. Ертай Ашықбаев ағам екеуміз солардың біразының редакторы болдық. Бірден айтайын, бұлардың арасынан ақын іздеу құм арасынан алтын іздегенмен бірдей. Ішінара біреуі болмаса, өлеңі ана жинақтан мына жинаққа ауысып жүретін, бірақ ешқашан өспейтін «сақа» сөз иелерінің қатары көбірек.
Сондықтан да облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған бір мүшәйраға қазылық еткен Гүлімай Әбішқызы «Көрпеден бір ақын бала шыққаны» туралы хабарлағанда, бәріміз елең ете қалдық. Көрпе — Әйтеке би ауданына қарасты бұрын аудан орталығы болған, «Есіңде ме, Қарабұтақ, Тахауи…» деп Қуандық Шаңғытбаев жырға қосқан Қарабұтақтың іргесіндегі шағын ауыл. Сол ауылдағы орта мектептің оқушысы Дәурен Тілеуханның өлеңдері тұма бұлақтың суындай мөп-мөлдір екен.
Гүлімай сүйінші-хабарды елге әйгілеп қана қойған жоқ, Дәуреннің шығармаларын насихаттауға мықтап кірісті. Ақтөбенің мінезді ақын қыздары Гүлжайнар Қалдина мен Индира Кереева үшеуі тізе қосып, облыс орталығындағы «Жұбановтар әлемі» үйінде «Жыр-Дәурен» атты поэтикалық мюзикл кеш ұйымдастырды. Өздері де жас ақынның жырларынан қойылған қойылымда өлең оқыды.
Дәуренді алғаш осы кеште көрдім. «Қағілез қара бала болғаныммен, Жүрегім кәдімгідей ақын менің…» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, қара бала. Көзі ақбөкеннің көзіндей мөлдіреп тұр. Әнтек қысылса да, абыржыған жоқ. Апаларының ықыласы дем берді ме, өлеңін анық оқыды. Терең екен. Түк жасандылығы жоқ, тап-таза жырлар. Баланың аузымен айтылған абыздың әңгімесіндей жұп-жұмыр. Көп нәрсеге таңғала бермейтін Мейірхан Ақдәулетұлы ағам сүйсіне бас шайқап, батасын берді. Мен де алғаусыз тілегімді айттым.
Мектеп бітіргесін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы университетке оқуға түскен «Гүлімайдың құлыншағының» енді араласатын ортасы кеңейіп, өлеңдері жиі жариялана бастады. Бірде фейсбукке бір өлең салыпты:
АНТИНОМИЯ
Жазғыра алмас жүрегім кеткен «досты»
Тек аяймын жанарың төккен жасты.
Бұл қалада бәрі бар —
Тек сен жоқсың…
Тек сен жоқсың…
Құдай-ау, неткен жақсы!..
Сезім бұлқып, ой қалқып алып-ұшқан,
Сағыныштың сен жайлы — бәрі дұшпан!
Көшелерде кептелген көліктердей,
Санам іші сан күдік сабылысқан…
Бүгін де ұзақ бой жазып жүргім келді,
Еске алармыз ертең-ақ бұл күндерді.
Аңсадың, не шаршадың қызықтырмас,
Ақтөбеге бәрібір!
Білдің бе енді?!
«Жоққа» сіңіп, жұтылған хабарымдай,
Сағыныштың сап-салқын самалындай,
Үмітіңді үгітіп, үркітетін
Ойладың ба қатал деп қала мұндай?!
Ойламадың…
Ой қамад(ы) дерттен жаман:
Оралуға болмас па өткенге адам?
Бұл қалада бәрі бар —
Тек сен жоқсың…
Тек сен жоқсың…
Құдай-ау, неткен жаман!..
– Бауке, мына бала ақын ғой!? — деп өлеңнің астына пікір жазыпты Бақытжан Алдияр. Басқа да белгілі ақындар елең ете қалды. Енді дуалы ауыз қаламгерлердің өзі жас дарынның аяқ алысын жіті қадағалап отыратын болды. Ол да тұяғын шекіп-шекіп басатын жүйріктей қамшы салдырмайды. Былтыр Абайдың 175 жылдығына арналған республикалық мүшәйрада кіл мықтының арасынан топ жарды. Менімен бірге қазылар алқасының құрамында болған Жанат Әскербекқызы, Әлібек Шегебай, Бақытгүл Бабаш секілді ақындар бірауыздан Дәуренге дауыс берді.
2019 жылы Ақтөбе облысының тізгінін ұстаған Оңдасын Оразалиннің мұрындық болуымен дарынды он жастың тырнақалды кітабы шықты. Ішінде Дәурен де бар. «Сағыныш сыбыры» атты оның кітабын әсіресе студенттер жиі парақтайтынын байқаймын.
Жоғарыда айттым, Дәуреннің өлеңдерінде жасандылық жоқ. Қиналып өлең құрамайтыны байқалып тұрады. Тым ақылды боп көрінуге де ұмтылмайды. Сәтті бір шумақты немесе бір ойды «шығару» үшін бір өлең жазатын «ғадет» Дәуренде жоқ. Айтқыштық пен тапқырлық «дертіне» де ұрынбаған. Бәрі табиғи. Бір деммен оқылатын, жүрегіңді әнтек қозғап өтетін сұлу жырлар. Ең бастысы, сендіреді. Қараңыз:
Бейітке байлап кеткен орамалдай,
Бөлшегі жүрегімнің сенде қалған!.. («Құлын-шақ»)
…Айқайдан да ауыр осы – Үнсіздік,
Қабірден де ызғарлы осы – Салқындық. («Түнгі монолог»)
…Келемін көне шәрде арман кешіп,
Келеді жағаласып жалған көшіп.
…Ақшамда аят оқып тұрады іштей,
Аспанға алақанын жайған мешіт. («Түркістан»)
«Аспанға алақанын жайып тұратын мешіті бар» Түркістан — күллі түркі халқы үшін киелі мекен. Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін жазған киелі шәрдің топырағын басудың өзі бір бақыт.
Жалпы Оңтүстік — ешкімді жатсынбайтын, сан дарынның бағын ашқан өлке. Кіндігі Бесқалада кесілген Төлеген Айбергенов бір кезде Алматыға осы оңтүстіктен аттанған болатын. «Ең ұлы ақын — жас ақын!» — деп еді Ұлықбек Есдәулет Маралтайға арнаған өлеңінде. Жастықтың арыны мен тазалығын меңзеген болар.
