«Samruk-Kazyna Trust» қоры Түркістан облысында жүзеге асырылған әлеуметтік жобаларды таныстыру, көрсету мақсатында журналистер мен блогерлерге, қоғам белсенділеріне арналған баспасөз турын өткізді. Іс-шара барысында Созақ ауданы Сарыжаз ауылы тұрғындарына футбол алаңы тарту етілді және Кентау қаласындағы әлеуметтік жобалардың жұмысы таныстырылды.
Бұл туралы кеңірек тоқтала кетсек, баспасөз сапарын әуелі шалғайда жатқан 400-ден аса халқы бар Сарыжаз ауылынан бастадық. Оған себеп «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен Сарыжаз ауылында футбол алаңы салынды. Бұл «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен еліміз бойынша соңғы екі жылда ашылған 26-шы спорт алаңы, ал сарыжаздықтар үшін бірінші алаң. Футбол алаңының ашылу салтанатына «Samruk-Kazyna Trust» бас директоры Альфия Адиева, аудан басшылығы, қоғам белсенділері, журналистер мен тұрғындар қатысты.
«Самұрық-Қазына» қоры бұқаралық спортты дамыту және балаларға спорттық инфрақұрылымды қолжетімді ету бағытында нәтижелі істер атқарып келеді. Қордың қаржыландыруымен еліміздің шалғай елдімекендеріне тарту етілген спорт алаңдарынан бөлек, еліміздің бес өңірінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен көпфункционалды спорт кешендері салынды. Олар қазір халық игілігіне жарап тұр. Бұдан бөлек бүгінде 23 елді мекенде ерекше балаларға арналған инклюзивті секциялар жұмыс істейді. Осындай үйірмелердің бірі Түркістан өңірінде де бар», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.
Қор басшысының айтуынша, Сарыжаз ауылындағы спорт алаңының құрылысы қыркүйек айында басталып, оған 18,2 млн теңге қаражат жұмсалды. Жалпы ауданы 800 шаршы метр болатын алаңға жасанды көгал төселген. Спорт нысанының жан-жағы арнайы қоршаумен қоршалып, абаттандырылды. Енді мұнда түрлі жарыстар ұйымдастырылып, Сарыжаз және жақын маңдағы ауылдардағы 100-ден астам бала мен жасөспірімнің спортпен айналысуына мүмкіндік туды.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындар атынан «Самұрық-Қазына» АҚ алғысын білдіріп, қор қолдауымен ауылда көптен күткен әлеуметтік мәселелердің бірі шешілгенін атап өтті.
Баспасөз сапары аясында қордың қолдауымен ашылған Кентау қаласындағы жобалар таныстырылды. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиеваның айтуынша, соңғы төрт жылда облыста 23 әлеуметтік жоба іске асып жатыр.
БАҚ өкілдері аралаған әлеуметтік нысандардың бірі Кентау қаласындағы еліміздегі жалғыз арнаулы кәсіптік колледжден басталды. Биылғы оқу жылында «Samruk-Kazyna Trust» қоры компаниялар тобы атынан мүмкіндігі шектеулі студенттерге лифт орнатып берген. Оқуға құштар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар бұған дейін қоларбаларын бірінші қабатқа тастап, жоғарыдағы дәрісханаларға сатымен көтеріліп жүрген. Енді тірек-қимыл жүйесі бұзылған колледж оқушыларының білім алу жолындағы тауқыметі жеңілдеп отыр. Қордың қаржылай қолдауының арқасында 15-35 жас аралығындағы тірек-қимыл жүйесі бұзылған колледж оқушыларының білім алуына қолайлы жағдай туды.
Кенді өлкедегі екінші нысан – «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорымен серіктестікте іске асырылған «Саламатты Болашақ» жобасы. Бүгінде осы жоба аясында ерекше балалар бейімделген спортпен шұғылданады. Олар белсенді өмір салтын ұстанып, бочча секциясы арқылы ой-санасын сергітеді, денесін шынықтырады. Бүгінде жоба аясында еліміздің 21 қаласы мен кентінде жыл сайын 1000-нан аса ерекше бала спорттың 10 түрінен тегін секцияларға қатысады.
Қор әрдайым әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға ерекше назар аударып келеді. Осы орайда БАҚ өкілдеріне «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен қолдан саңырауқұлақ өсіріп жатқан жобаның жұмысы таныстырылды. Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі 4 азамат жұмыспен қамтылып, бүгінде өңірдегі қоғамдық тамақтану орындарын саңырауқұлақпен қамтамасыз етіп отыр.
Азамат ӘЛІБЕК.
