TIF’23: ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ: қандай нәтижелі қадам жасалды?

483 көрілім

Түркістан облысында алғаш рет бизнес және туризм өкілдерінің, халықаралық деңгейдегі сарапшылардың басын біріктірген TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтті. Ауқымды жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді саясаткерлері, ықпалды кәсіпкерлер, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары қатысты. Форум алдында инвесторлар мен кәсіпкерлер Түркістан облысындағы өнеркәсіптік алаңдарды аралады. Ол жерде Түркістан облысында ашылған өндіріс орындары таныстырылып, инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтылды.

Форумның пленарлық сессиясына Еуразиядағы BBC Global News басшысы Сергей Становкин модераторлық етіп, бағдарламаны таныстырды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытудың маңызды аспектілері, стратегиялық маңызды салалары, оның ішінде туризм, инвестиция және экономика бағыттары туралы баяндама жасады. Соңғы бес жылда Түркістан өңіріне инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. 2018 жылдан бастап облысқа шамамен 6,3 млрд. АҚШ доллары көлемінде өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестициялар бағытталды. Қаржыландырудың басым бөлігі – жеке инвесторлар есебінен жүзеге асуда. Мәселен, 2023 жылы 437,7 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске қосылып, 5951 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта өңірдің қоржынында 2023-2026 жылдарға арналған 7 млрд. АҚШ долл. көлемінде және 16 мың жаңа жұмыс орнының құрылуымен 194-ке жуық инвестициялық жоба бар.

TIF’23 – ол бизнесті дамытуды ынталандыруға, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ұсынуға, ынтымақтастықты кеңейтуге және түркітілдес мемлекеттерді жаңа әлемнің экономикалық және іскерлік орталықтарының біріне айналдыруға, сондай-ақ жаһандық корпорацияларды, ритейл саудагерлерді стратегиялық нарыққа біріктіруге бағытталған жетекші халықаралық іс-шара. Форумда бірнеше сала бойынша пленарлық сессиялар өтіп, маңызды келісімдер жасалады.

1 ТРЛН. 55 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ МЕМОРАНДУМЫНА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Түркістандағы экономикалық форумда 1 трлн. 55 млрд. теңгенің меморандумына қол қойылды. Форумда ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту талқыланды. «Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту» жайында панельдік сессия отырысы өтті. Сала майталмандары оның даму перспективалары мен сыртқы нарықтарға шығу жолдарын талқылады. Ірі компаниялардың басшылары өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін ортаға салды. Форум алдында Түркістан өңірін танытатын көркемсурет галереясы мен презентациялар, халықаралық бизнес пен инвестициялық жобалар жәрмеңкесі ел назарына ұсынылды. Іс-шарада ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, экспорт, логистика және IT-білім сияқты негізгі салалар бойынша талқыланды.

Халықаралық форум аясында Түркістан облысында ауқымды жиынға қатысып жатқан Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді компанияларымен бірнеше бағытта 20-ға жуық меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда Сауран ауданында тоңазытқыш қондырғылар өндірісін кеңейту, Созақ ауданында фосфатты тау жыныстары кендерін өңдеу зауытының құрылысы, «Шардара» экспорттық агроөнеркәсіптік кластерін құру, Мақтаарал ауданында тоқыма кластерін құру және Келес ауданында индустриалды парк құрылысы бойынша, Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын икемді генерациялау режимі бар аралас циклді газ станциясының негізінде электр станциясын салу бойынша, түсті рудаларды және металлургия өндірісінің өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша Кентау байыту комбинатын іске қосу, Жетісай ауданында тоқыма фабрикасын құру, Бәйдібек ауданында тауық жұмыртқасын өндіретін құс фабрикасын құру, дымқыл майлықтар мен балалар жөргектерін шығару бағытында қолданыстағы желіні кеңейту бойынша, металл конструкцияларын шығаратын зауыт құрылысы бойынша және тағы басқа бағытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, келісімдер жасалды. Маңызды жиында инвесторларға перспективалы инвестициялық жобалармен және оларды өңірде іске асыру үшін жағдайлармен танысуға бірегей мүмкіндік берілуде. Жобаларды бірлесіп дамыту үшін бизнес-қоғамдастық, жергілікті билік және инвесторлар арасында стратегиялық серіктестіктер орнатылып, тәжірибе және білім алмасады.

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Білім беруді және адами капиталды дамыту жөнінде» панельдік сессиясы өтті. Онда спикерлер адам капиталын дамыту, білім саласында жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану және өзге де мәселелер талқыланды. Келелі кеңеске 12 спикер қатысты. Олар – білім саласына еңбегі сіңген тұлғалар мен бірқатар жоғары оқу орындарының проректорлары.

Жиында Түркиядан, Қазақстаннан келген білікті оқытушылар, профессорлар, жоғары оқу орындарының ректорлары мазмұнды баяндамалар жасап, білім саласын дамытуға қатысты пікірлерін, ұсыныстарын айтты. Атап айтсақ, PhD докторы, Кочман университетінің профессоры Мугла Сытки (Түркия), Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының академиялық жұмыс жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының кандидаты А.Қадырова, Ташкент мемлекеттік шығыстану университетінің PhD докторы А.Кодиржанов және өзге де спикерлер мазмұнды ойларын ортаға салды.

Шағын мектептерді қоспағанда (олар 82 мектеп) облыстағы 826 мектеп 2 201 арнайы пән кабинеттерімен қамтылған. Оның ішінде: 1 256-сі – жаңа модификацияланған пәндік кабинеттер. Жоспарға сәйкес, 2023 жылдың соңына дейін 240 пәндік кабинет жасақталады дейді облыс әкімдігі.

ИНВЕСТОРЛАРЫ ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНІҢ ӘЛЕУЕТІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

Түркістандағы TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форум мазмұнды жиынмен жалғасты. Атап айтсақ, Түркістан төрінде Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті қорытындыларына арналған түркі сауда-өнеркәсіп палатасы одағының бизнес форумы өтті. Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің бизнес өкілдері қатысты.

Бизнес форумда Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, бұл жиын ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға серпін беретінін жеткізді. Түркістан шаһарының тарихи маңызына тоқталып, халықаралық форум арқылы ірі келісімдер жасаларына сенім білдірді. Сонымен бірге жиында Өзбекстан, Азербайжан, Қырғызстан мемлекетері мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, лауазымды тұлғалары, спикерлері экономиканы дамыту жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Түркістан – инвестициялардың өсу қарқыны бойынша Қазақстанның жетекші өңірлерінің бірі. Облыс құрылған сәттен бастап 5 жыл ішінде, өңірге 6,3 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Оның ішінде түркі мемлекеттері ұйымы құрамындағы елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастар тез нығайып келеді. Айта кету керек, Түркістан облысының Түркі мемлекеттері ұйымы елдері арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 400 млн. АҚШ долларын құрады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістанда бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бұл алаң бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған болатын.

«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы