ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

1  284 көрілім

Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен облыстық «Фараб» әмбебап- ғылыми кітапханасы бірлесе отырып осындай тақырыппен өткен шығармашылық кеш ҚР Мәдениет майталманы, «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісі, «Домалақ ана» медалінің иегері Нәлтаева Пернекүл Сейітбекқызының мәдениет саласындағы ұзақ жылғы еңбек жолына арналды.

Мың бұралған бимен, әсем әнмен басталған кешті драматург-жазушы Сая Қасымбек сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды.

Кеште сөз алған облыстық мәслихат депутаты, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков мұндай іс-шаралардың берері мол екендігін айта келіп, әдебиет, өнер, мәдениет саласы қызметкерлерін, жалпы еңбек адамдарын ұлықтау арқылы кейінгі жастарға үлгі беріп отырғандығымызды айтып өтті: «Мәдениет саласында еңбек етіп жүрген Пернеш апайымыздың да еңбегі жұртқа көрсетерлік. Кітапханаға келсек те, театрға барсақ та, алдымыздан күлімсіреп осы апайымыз шығады. Жұртқа осы күлкісімен-ақ жақсылық сыйлайтындай. Өнерге қызмет жасау – бұл кісінің парызы сияқты. Алдағы уақытта әлі де талай іс-шаралардың куәсі боламыз деп ойлаймын»,- деп түйіндеді сөзін.

Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан филиалының төрағасы Айдар Сейдазым мәдениет майталманына арнау өлеңін оқыды.

Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы бастығының орынбасары Мұқағали Кенжетайұлы: «Түркістан таланттары» жобасының аясында осындай іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасатын болады. Жақсы істің заңды жалғасы ретінде сол шаралардың ұйымдастырушысы бола білу- үлкен қасиет. Пернекүл Сейітбекқызы қасиетті өнердің Түркістандағы қара шаңырағы – Р.Сейтметов атындағы театрда, қаланың мәдени өмірінде, «Фараб» кітапханасында өзіндік қолтаңбасын, бедерлі ізін қалдырып отыр»,- деген жүрекжарды тілегін білдіре келіп, облыстық басқарма басшысы Ә.Қойлыбаевтың атынан «Алғыс хат» пен гүл шоғын табыс етті.

Бұл күнгі кеш марапаттар мен тарту-таралғы, сый-сыяпатқа толы болды. Түркістан қалалық мәслихат хатшысы Ғ.Сәрсенбаевтың табыс еткен алғыс хаты да, белгілі кәсіпкер Б.Мұсабековтың арнасынан асып төгілген жылы лебізі де осыған дәлел.

Сондай-ақ, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Өтепберген Қуанышбай мен Кеңес Мірсәлі, қоғамдық медиаторлар бірлестігінің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының «Ана мейірімі» медалін П.Нәлтаеваның кеудесіне тақса, ҚР Ұлттық Ұланының 65-06 әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Ернар Әшірбек ҚР Қарулы Күштер министрлігінің «Құрмет грамотасын табыстады.

Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген, мұнай саласының ардагері Қойшыбай Үсенов, Сыр сүлейі, айтыскер ақын Серік Ыдырысов, «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова, қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева, қалалық әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім, ғалым Баян Адырбек, сазгер Бекжігіт Сердәлі т.б. көптеген зиялы қауым өкілдері Пернекүл Сейітбекқызының еңбек десе ішкен асын жерге қоятын жанқияр ісін, мәдениет пен өнерге деген шексіз сүйіспеншілігін, ерекше ұйымдастырушылық қабілетін, парасатты-пайымды ұстамды мінезін тілге тиек етті.

Пернекүл Сейітбекқызының ұл-қызы мен немерелері жүрек тебірентер әннен шашу шашып, туған-туыс бауырлары ақжарма тілектің бесігінде тербетті. Шынында да, көзінен де, жүзінен де жылы шырай шашылған, «мәдениет» атты әлемнің тылсымынан қорған тұрғызған, жанымызда жүрген жақсы адамды ұлықтай білгеннің өзі бір бақыт емес пе?!

Атақты қаламгер Бекжігіт Сердәлі әлеуметтік желідегі парақшасында:

Ол Райымбек Сейтметов ашқан театрға көрерменді ғашық етті;

Ол балаларға театрды сүюді үйретті;

Ол кітапхана тынысына жаңа леп қосты;

Ол қаншама түркістаншыл тұлғаларды таныстырды»- деп жазды.

Осы бір ғана жазбаның өзінен Пернекүл Сейітбекқызының сан қыры аңғарылып тұрған жоқ па?

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы