ТҮРКІСТАНДА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ АРТЫП КЕЛЕДІ

271 көрілім

Осыдан он жыл бұрын Түркістанда жаппай кәріз жүйесі жүргізіледі десе жұрт миығынан күліп, сенімсіздік танытар еді. Себебі ол кезде кәріз жүйесінен бұрын ауыз судың, электр жарығының, жол секілді инфрақұрылымдың жүйелердің мәселесі күрделірек еді. Ал қазір бәрі басқаша. Газ да, су да бар қазір. Жарықтың жайы да уақыт өте жақсара түсуде. Енді бізге сарқынды су жүйесінің жүргізілгені керек. Өркениетті қалалардағы басты талап та осы. Сондықтан Түркістанда кәріз жүйесінің жұмысын жандандыру жайы күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің біріне айналып отыр.

Бүгінгі күні Түркістан қаласында 127 шақырым сарқынды су жүйесі мен 27 дана кәріздік сорғы стансасы (КНС) бар. Шаһардағы сарқынды су тазалау имараттары тәулігіне 4,5-5 мың куб кәріз суын тазартады.

Орталықтандырылған сарқынды су жүйесімен қамтылу көрсеткіші – 32,2 пайыз (13 601 абонент).

Қала көлемін сарқынды су жүйесімен және абоненттік қосылымдармен қамтамасыз ету мақсатында арнайы 14 жоба әзірленген. Жоба аясында 3 нысандағы жүріп жатқан құрылыс жыл соңына дейін аяқталып, қолданысқа берілетін болса, одан басқа 4 нысанның құрылысы басталуда. 3 нысан биыл республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Қалған жобалар келесі жылдарға өтпелі. Аталған жобалар толыққанды жүзеге асқанда шаһар 95 пайыз кәріз жүйесімен қамтылады деп күтілуде.

Осы ретте айта кетерлігі, шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбековтің қала тұрғындарымен кездесулерінде көтерілетін мәселелердің дені кәріз жүйелеріне байланысты болғандықтан, қалаға қосымша жаңа жүйе құрылыстарын жүргізу назарға алынғанын аңғару қиын емес. Тұрғындардың талап-тілегін орындау мақсаты да сапалы жүргізіледі деген сенім бар. Түркістандықтардың жіті бақылауындағы бұл жұмыстар бойынша жауапты мамандар да тапсырмалардың уақытылы орындалуын қадағалап жатқандарын жеткізді.

Айта кетейік, сарқынды сумен қамтамасыз ету жүйелері бойынша қалада сарқынды су желісі – 127,25 шақырымды құрап отырғанын сөз басында атап өттік. Соның ішінде – магистральдық – 39 шақырым, көшелердегі желісі – 40 шақырым, ішкі орамдағы және ішкі ауладағы желілер – 48.2 шақырымды құраған. Сондай-ақ, 27 КНС және сарқынды су тазалау ғимараты жұмыс істеп келеді. Жыл сайын «Жаңа қала», «Отырар» шағын аудандарында салынып жатқан көпқабатты үйлерді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары толықтай іске асып келеді. Аталған жұмыстар аяқталғанда қаланың кәрізбен қамтылған бөлігін көбейту жоспарлануда. Нәтижесінде, 34 177 абонентке кәріз жүйесі қолжетімді болады. Естеріңізге сала кетейік, бұл көрсеткіш 2022 жылы 32 пайыз болған еді. Жауапты мамандар жұмыстардың биылға жоспарланған межесін толығымен орындауға күш салып жатқандықтарын айтады. Осы жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағы 90 пайызға дейін кәріз жүйесімен қамтылады. Ал биылғы межеге сәйкес, жылдың соңына дейін шырайлы шаһар 40 пайыз сарқынды су желісімен қамтамасыз етілмек. Дәлірек айтсақ, кәріз жүйесі жұмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға артады. Бұл қала тұрғындарының қауіпсіз және салауатты өмір сүруіне арналған ауқымды жұмыстар деуге болады.

«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы