Облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай «Сәлем саған, Түркістан» өнер фестивалі қорытыланды. Екі күнге созылған шара классикалық ән орындаушылар, қылқалам шеберлері мен фото суретшілер «Түрленген – Түркістан», «Open Turkistan» танымдық бейнероликтермен «Turkistan fashion» киім дизайнерлері сынды байқаулар бойынша бақ сынасқан.

Байқау қорытындысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері С.Байғожин, Өзбекстан Республикасының халық әртісі Р.Усманов, ҚР мәдениет қайраткері Ү.Сейілбеков, тележүргізуші Д.Сатжан, дизайнер А.Кауменова, продюсер С.Досыбаев, суретші-кескіндемеші Ж.Мүсәпір, фотосуретші Б.Әшірбаев сынды елімізге танымал бірқатар өнер майталмандары сыйлы қонақтардың қатарында болды. ?️Сайыс барысында «Turkistan fashion» ұлттық киім дизайнерлері байқауына барлығы 50-ге жуық жұмыс ұсынылып, 10 дизайнердің еңбегі таңдап алынды. Одан өзге, бейнеролик сайысына 93, би байқауына аудан, қалалардан барлығы 15, балалар мен жасөспірімдер арасындағы классикалық ән орындаушылар байқауында 25 үміткер соңғы кезеңге жолдама алған. Сондай- ақ, «Түрленген Түркістан» суретшілер мен фотосуретшілер байқау-көрмесіне 17 фотосуретші мен 33 кескіндемеші өз жұмыстарын ұсынған болатын.

Тартысты сайыста қазылар алқасының шешімі бойынша балаларға арналған би байқауының бас жүлдесі «Шабыт» және “Көркем” би ұжымы, 7-12 жас аралығындағы классикалық ән орындаушылар сайысында Ғаламат Халық, «Open Turkistan» бейнеролик сайысында Еркін Марғұлан гран при иегері атанды. Бұдан өзге, «Turkіstan fashion» ұлттық киім дизайнерлері байқауында Несібелі Есқараева, фотосуретшілер сайысында Сүндет Жанадилов, кескіндеме номинациясы бойынша Маханбет Сейсенхан бас жүлдеге лайық деп танылды.

Айта кетейік, фестивальдың гран при иегерлерін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың өзі арнайы құттықтады. Аталған шара жаңадан іргесін қалаған облыстың әлеуетін арттырып қана қоймай, өнерлі жастарға тың серпіліс берді.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,
«Түркістан».
