13 қараша – халықаралық зағиптар күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен танылған атаулы дата көз жанарынан айырылған жандарды елеп, олардың қоғамдағы орны тең және мүмкіндігі шексіз екендігін танытады. Осы мақсатта, кеше «Àssàlam» имандылық асханасында жеке кәсіпкер Жақсылық Өтешовтың ұйытқы болуымен ақ дастарқан жайылды.

Түркістан қалалық «Қазақ соқырлар қоғамы» бастауыш ұйымының төрағасы Болат Құрманқожаевтың айтуынша, шаһардағы ұйымда көзі көрмейтіндер және әлсіз көретіндер яғни, I, II топтағылар саны 152-ні құрайды.

Ал, Нұрғали Алтынбеков болса 2009-2019 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық «Қазақ соқырлар қоғамының» төрағасы болып қызмет еткен. Жақында өткен съезд нәтижесінде, «Қазақ соқырлар қоғамының» Түркістан облыстық және Шымкент қалалық филиалы ашылды. Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы ұйымдарда жалпы 2681 зағип жан тіркелген. Оларға мемлекет пен әкімдік тарапынан да өз дәрежесінде көмек көрсетілуде. Мәселен, теплоқұралдар яғни қол тіреуіштер, дыбысты сағаттар, ұялы телефондар мен компьютерлер беріліп, санаторияларға демалыстар ұйымдастырылады.

Н.Алтынбековтың айтуынша, Түркістанда инвотакси аз қамтылған. Көліктер 9-11 және 14-16:00 аралығында күніне 4 сағат жұмыс істейді. Жеке көмекшіге де қаржы аз төленеді дейді. Мәселен, дипломы бар көмекшіге сағатына 432 теңге берілсе, орта білімі бар көмекшіге 350 теңге төленеді. Енді, алдағы уақытта қоғамдық көліктерге де тегін жүріп-тұру мүмкіндігі болса деген тілектері де бар.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».
