ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА ОБЛЫСТЫҚ ТЕРМЕШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

311 көрілім

Мақтаарал ауданында Түркістан облысының 5 жыл және Мақтаарал ауданының 95 жылдығына орай, сонымен қатар «Түркістан мақамдары» терме жинақтарын дамыту мақсатында ақын, термеші Қайыпназар Әйтпеновтың 123 жылдығына арналған облыстық «Терме – бойтұмарым» атты термешілер байқауы өтті.

Аудандық «Мақтаарал» мәдениет үйінде ұйымдастырылған шарада алдымен термеші ақын-термеші туралы бейнеролик көрсетілді. Содан соң Мақтаарал аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, Мақтаарал аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қасымбек Хаметов, сондай-ақ Оразқожа Бекахметов мырза байқауды ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров терме сайысының мақсаты қазақ халқының ән-жыр өнерін бүгінгі жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау, дәстүрлі теиме орындау өнерін дамыту және талантты жас термешілерді анықтау, олардың шығармашылығына қолдау көрсету екенін жеткізді.

Облыстық «Терме – бойтұмарым» байқауына 16 мен 35 жас аралығындағы 16 үміткер қатысты. Бірінші кезеңде үміткерлер Қайыпназар Әйтпеновтың термесін орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы термені орындады. ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, дәстүрлі ән терме Республикалық конкурстардың лауреаты Халықаралық жыршы, термешілерінің одағының мүшесі Аязбек Рустамов және ақын, сазгер Бауыржан Кеттебеков төрелік жасады.

Байқау қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасының шешімімен 1-орын Гүлбану Шалабаеваға (Созақ ауданы), 2-орын Нұрлыбек Қалман (Сауран ауданы) мен Жарқынбек Қалмұратовқа (Жетысай ауданы), 3-орын Сәкен Төретаев (Мақтаарал ауданы) пен Назира Оспановаға (Түркістан қаласы) және Арысбай Мұқасанға (Түлкібас ауданы) бұйырды. Сонымен қатар Шоқан Теңлібаевқа (Отырар ауданы), Нұртуған Абылайұлына (Шымкент қаласы), Серік Тасқұловқа (Шардара ауданы), Әділбек Ғанисұлтанға (Төлеби ауданы) және Қайып Бейбітке (Арыс қаласы) арнайы жүлде табысталды. Сонымен қатар ұрпақтары атынан қаржылай сыйлық Отырар ауданынан келген Теңлібаев Шоқанға берілді. Байқауға қатысқан барлық үміткерге термешінің кітабы мен домбыра аспабы сыйға берілді.

Айта кетейік, терме – қазақ халық поэзиясында қалыптасқан лирикалық өлең түрі. Ғибраттылық мәні бар моральдық идеялар тұрғысынан әр нәрсені теріп айтып, бір нәрседен екінші нәрсеге еркін ауысып отыру термеге тән қасиет. Ол нақыл сөз үлгісінде құрылып, әдетте өнегелі. нұсқалы сөздердің тізбегіндей болып келеді. Ырғақтық құрылысы жағынан жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде айтылады. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында жедел қарқынмен дами басталы. Терме пішіні мен мазмұны толғауға біршама жақын. Толғауда қоғамды-әлеуметтік сарындар басым болса. Термеде көбіне күнделікті тұрмыс-тіршілікке қатысты жәйттер сөз болады.Терме сөз бен әуен сабақтасып келгендіктен. Ол синкретті өнерге жатады. Сөздің мағынасы, әсерлілігі, ырғағы ширақ келуі қандай маңызды болса, әуеннің, аспаптық (домбыра) сүйемелдің де үлкен мәні бар. Терме сөзді айқын, анық жеткізуге лайық қысқа қайырылатын, жеңіл желдірмелі әуенмен (регитатив) айтылады. Терме, термелеп айту дегеннің өзі жырды – өлеңді жеңіл әуенмен айту, орындау тәсілін де көрсетеді. Осы кеңірек мағынасында термелеп айтқан жыр, өлең (дастан да) термешілік өнер қатарында қаралады. Терме – қазақпен қатар, қарақалпақ, қырғыз, өзбек халық шығармашылығында да тарихи орны бар жанрлық қазақстанның батыс аймағы мен Сыр бойында терме дәстүрі әсіресе мол дамыған. Халықтық дәстүрлер негізінде қазіргі кезде терме айтыс өнері қайтадан жаңғырып, жандана түсті. Термешілік өнердің кең құлаш жаюына теледидар, радио, ақындар айтысының өткізілуі зор мүмкіндік туғызып отыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы