«TÙRKISTAN BIKE» – СЕРУЕНДЕУГЕ СЕП БОЛМАҚ

1  356 көрілім

Түрленген Түркістан көне архитектурасын ұмыт қалдырмастан заманауи көштен қалыс қалмауды басты мақсат еткен. Сол себепті де, еліміздің мегаполис қалаларымен емес, Рим, Ыстамбұл, Иерусалим шаһарларымен тең болуды көздеп отыр. Ал, «Tùrkistan Bike» соның айқын дәлелі болмақ. Осы мақсатта, «Түркістан» ӘКК» АҚ мен «Түркістан» ӘКК» АҚ жанындағы «Түркістан» әлеуметтік даму Корпоративтік қоры бастаған «Tùrkistan Bike» автоматтандырылған велопрокат жүйесінің жобасы өз жұмысын бастап, түркістандықтарға бұрын-соңды болмаған, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, кептелісті азайтып, экологияны жақсартуға бағытталған және логотип бейнеленген велосипедтер пайдалануға берілді. Демек, өзіңізге жақын орналасқан стансадан қолданысқа алып, бүгінде жол жиегінде салынған веложолдарда серуендеп, құрылысы қайнаған рухани мекенге саяхат жасауға мүмкіндік бар.


Жобаны тесттік режимде іске қосу аясында «Velocity.kz» қоғамдық қоры қала аумағында 40 велосипедке арналған тәулік бойы жұмыс істейтін 5 велостанса орнатып, сату орталығының жұмысын іске қосты. Жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, қала үшін арнайы тарифтік жоспарлар әзірленіп, нәтижесінде жүйе барлық қала тұрғындарына қолжетімді болмақ. Әрбір стансада велостансалардың орналасқан мекен-жайлары және пайдалану тарифтері бойынша ақпарат орналастырылған.


«Tùrkistan Bike» велопрокат жүйесінің қызметін сату кеңсесінде жеке куәлікті ұсыну арқылы тіркеуден өткеннен кейін пайдалануға болады. Айлық абонемент құны – 500 теңге, шоттағы ең аз теңгерім мөлшері де 500 теңгені құрайды.


Абонемент іске қосылғанда, пайдаланушы қосымша шығынсыз ұзақтығы 30 минуттан аспайтын кез келген сапар жасай алады. Яғни, егер абонент велосипедті бір стансадан жалға алса, онда оны 30 минут өткен соң басқа стансаға тапсыруға болады. Көрсетілген уақыттан асқан кезде, уақыт бойынша ақы төлеу қосылады: 1 сағат – 100 теңге, 2 сағаттан – 250 теңге, 3 сағат – 500 теңге, одан әрі әрбір келесі сағат – 1000 теңге.


Қала қонақтарына немесе сату кеңсесіне баруға мүмкіндігі жоқ қалалықтарға СМС арқылы пайдалану опциясы қолжетімді. Сату офисінің мекен-жайы Н.Назарбаев даңғылы бойындағы пирамида тәріздес полиция бекетінде орналасқан.


Айта кетейік, қараша айында қолға алынған пилоттық жоба аясында Түркістан қаласының аумағында 40 велосипедке арналган 5 велостанса іске қосылған. Ал, шаһарда жалпы саны 40 станция қойылады деп жоспарланып отыр. Оларды алдағы уақытта бой көтеретін аллеяларда қамту көзделген.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы