ЖӘРДЕМАҚЫҒА ӨТІНІШ БЕРУ ҚАҢТАРДА ДА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

1  153 көрілім

Өздеріңіз білетіндей, бүгінде Парламентте 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуді көздейтін Заң жобасы қаралуда. Бұл жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде тағайындалады. Мәселен: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге.


Көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны рәсімдеу үшін құжаттарды тапсыру мерзімі шектелмеген. Яғни, аталған жәрдемақы қаңтар айында берілетін болғандықтан, ол үшін қазірден асығудың қажеті жоқ. Сіз сол қаңтар айының 31-не дейін тапсырсаңыз болғаны. Сол айдың жәрдемақысын алуға құқығыңыз бар.


Алайда, бүгін барып көргеніміздей, шаһардағы екі халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы адам санын есептеу мүмкін емес. Жәрдемақы жөнінде ести сала, ХҚКО-ға ұмтылғандардың қарасы қалың. Осы мақсатта, өтініш беру уақытының шектеуі жоқ екенін түсіндірген қала әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев ондағы халықты сабырға шақырды. Азаматтардың қолындағы талонына мән берсек 700-ге дейін кезек болған. 4 қызметкер екі ауысым арқылы жұмыс істесе, бір адамның өтінішін қарау 15 минутты құрайды екен. Келген тұрғындар санының басымдығына назар салған мекеме басшылығы «Азаматтар арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 15 маманын да жұмылдырып, олардың есептеуінше бүгін, яғни бір күнде 316 адамды, ал ХҚКО 70 адамды қабылдаған. Яғни, 400-ге жуық адамның өтініші қаралып, жәрдемақы алуға рәсімделді. Аталған жәрдемақыға Түркістан қаласы бойынша 6000-ға жуық отбасы құқылы болса, Кентау қаласына қарасты 12 ауыл тұрғындарының да шаһарымызда қызмет алуымен жалпы саны 8337 адамды құрайды.


Қазіргі уақытта әр көп балалы отбасы бойынша іс макеттерін алдын ала қалыптастыру процесі жүріп жатыр. Бұл азаматтарға ыңғайлы, яғни олардың 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа мемлекеттік жәрдемақы алу мүмкіндігі болу үшін алдын-ала жасалады. Құжаттарды қысқа мерзімде тапсыру қажетттігі туралы мессенджерлерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Халық көп, ал, қызмет көрсетушілер – аз ғана. Сондықтан, алдағы екі ай ішінде рәсім жасауға мүмкіндігіңіз бар.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы