ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР ТӨРТ ДОДАДА ТОП ЖАРДЫ

215 көрілім

ТЕМІРТАУДА АКАДЕМИЯЛЫҚ ЕСКЕК ЕСУДЕН ӨТКЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТҮРКІСТАНДЫҚ ҚҰРАМА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Теміртаудың Металлургтер қаласында шілде айының 11-13 аралығында академиялық есуден Қазақстанның чемпионаты өтті. Командалық жүйеде өткен бұл жарыс өте тартысқа толы болды. Ескекшілер бәсекесіне елімізден 5 команда 120 мықты деп іріктелген саңлақтар қатысып, бар өнерлерін ортаға салды. Су спортының шеберлері сынға түскен додада Түркістан облысының спортшылары толағай жетістікке жетті. Облыс намысын қорғаған су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері 20 түрлі бағдарлама бойынша бақ сынап, 12 алтын, 6 күміс және 2 қола медальді қанжығалап, түркістандық ескекшілер жалпыкомандалық 1-орынды иеленіп, ғаламат нәтиже көрсетті. Ал, Астана қаласының құрамасы 2-орынды еншілесе, Қарағанды облысының командасы 3-орынды місе тұтты.

Аталған додада Түркістан облысының төмендегідей спортшылары өңір намысын қорғап, жеңімпаз атанды. Олардың қатарында Цатышаев Б, Чернухин И, Бекбембетов К, Саттарбек А, Жақыпова М, Яковлев В, Кеңес Р, Носкова Е, Волкодавова В, Тилляева Н, Полянина А, Галкин В, Керімбек А, Афанасьев А, Айдарова А, Жаркова А, Ковалева В сынды спортшылар өнер көрсетті.

Осы елшілік жарысқа спортшыларды жан-жақты дайындаған жаттықтырушылар Михаил Ковалев пен жоғары санатты жаттықтырушылар-Руслан Фаритов, Виктория Ли, Александр Степенконың ерен еңбектері бар.

ТАЛДЫҚОРҒАНДА ДОЙБЫДАН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ АЯҚТАЛДЫ

Жуырда ғана Жетісу облысы Талдықорған қаласында «64» және «100» шаршы дойбыдан ересектер (ерлер,әйелдер) мен жастар арасындағы (жекелей есепте) Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Еліміз бойынша таңдаулы дойбышылар келген чемпионат өте тартысты өтті. Бұл жарыста түркістандықтар өздернің мықтылықтарын көрсетіп, жалпыкомандалық есепте 6 алтын, 2 күміс және 3 қола медальді қанжығалап, жеңіс тұғырының бірінші сатысынан көрінді.

Ел чемпионатында спортшылар классика, рапид, блиц бағдарламалары бойынша сынға түсті. Ересектер арасындағы «100» шаршы дойбыда түркістандық саңлақтар 3 бағдарламада да алтын жүлдені иеленді. Ал жастар арасындағы «100» шаршы дойбыда 2 қола медаль олжасаласа, жастар арасындағы «64» шаршы дойбыда 3 бағдарламада да ешкімге дес бермей, 3 алтын жүлдені облыс қоржынына салды. Сонымен қатар, ересектер арасындағы «64» шаршы дойбыда 2 күміс, 1 қола жүлдемен жерлестеріміз қанжығасын майлады.

«64» және «100» шаршы дойбыдан облыстың аға бапкері Бауыржан Бердибаев дайындаған шәкіттер Ел чемпионатында осындай ғаламат нәтиже тіркеді. Енді облыс құрамасы алдағы уақытта Азия, әлем чемпионаттарына жоғары дәрежеде дайындықты бастайтын болады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СУ СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ЖЕЛКЕНДІ ҚАЙЫҚ ШЕБЕРЛЕРІ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНДА – 9 МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Қонаев қаласы, Қапшағай су қоймасында 20-28 шілде аралығында желкенді қайық спорт түрлерінен жастар Қазақстан чемпионатында өзара мықтыларын анықтады.

Тартысқа толы өткен Ел чемпионатында Түркістан облысының спортшылары 2 – алтын, 4 – күміс және 3 – қола медальді еншілеп, жақсы нәтиже көрсетті.

«Луч-Мини» яхталар класы бойынша Қазақстан чемпиондары: ЗАҢҒАР ӘБДҰРАХМАН мен СВЕТЛАНА ЧУРИКОВА.

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Қарағанды облыс, Теміртау қаласында Ұлттық спорт жекпе-жектен жастар арасында  Қазақстан чемпионаты өтті. Тартысты өткен елшілік додада жеңімпаздардың есімдері белгілі болды. Түркістан облысының намысын қорғаған спортшылар екі жас ерекшелігі бойынша 6 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдені еншілеп, облыс қоржынына салды. Ал, командалық есепте 1-орынды алаң иелері Қарағанды құрмасы иеленсе, 2-орын Шымкент қаласының командасына бұйырса, 3-орынға Түркістан облысының құрамасы жайғасты.

18-19 жас ұлдар арасындағы жекпе-жекте жерлестеріміз 48 келіде өнер көрсеткен Равшан Туракулов топ жарса, 70 келіде күш сынаған Еркебұлан Мыңбосынға тең келер қарсылас болмады. Ал, осы жас ерекшелігі бойынша қыздарымыз да жоғары дәрежеде өңір намысын қорғады. 60 келіде Гүлнәз Ботпайбек алтыннан алқа тақса, +65 келіде Аружан Беркинбаева да барлық қарсыласын тізе бүктірді. Сонымен қатар, 65 келіде Мөлдір Танақбай мен 60 келіде Аружан Смайыл күміс алқаны тарту етсе, екі салмақ дәредесінде (+65, +67) бақ сыған аруымыз Айдана Басымбек қос қола медальді өз атына жазды.

Сондай-ақ, 22-23 жас ұлдар арасында да түркістандық саңлақтар үздіктер қатынан көрінді. Бұл бәсекеде 56 келіде Нұрбақыт Елеу мен 61 келіде Жанболат Рысқыбай алтыннан алқа тақса, 66 келідегі жерлесіміз Бағдат Жұмабаев қола медальді қанжығалады.

Енді жеңімпаз атанған спортшылар Азия чемпионатында еліміздің намысын қорғайтын болады.

Жеңімпаздар мен жүлдегер атанған спортшыларды құттықтаймыз!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы