«ЖЕТІСАЙ» ОЙЫНШЫЛАРЫ ТУРНИР КЕСТЕСІНДЕГІ ОРЫНДАРЫН САҚТАП ҚАЛДЫ

248 көрілім

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тікелей қолдауымен ашылған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай» футбол клубы ойыншылары тағы бір жеңісіне қол жеткізіп, футболдан ІІ лига командалары арасындағы Қазақстан Республикасы біріншілігіндегі өз орнын сақтап қалды.

Жетісай қаласындағы «Қажымұқан» орталық стадионында Алматының «AKAS» футбол клубын қабылдап, тартысты ойын көрсетті.

Ойынның бірінші таймының алғашқы минуттарынан бастап қос команда да бір-бірінің қақпасына қауіпті шабуылдарымен көрермендердің делебесін қоздырды. Алма-кезек шабуылдар мен тас қамалдай берік қорғаныс ұйымдастырды. Әйтсе де, қақпадан саңлау таппай ойынның алғашқы бөлімі тең дәрежеде аяқталды.

Аз-кем демалыстан соң екінші таймда қос команда мүшелері бапкерлерінің ақылы мен нұсқаулықтарын орындап, бар мүмкіндіктерін салды. Ұйымдастырылған шабуылдар көп ұзамай өз нәтижесін беріп, қонақтардың 9 нөмірлі ойыншысы Жасасын Қалмағанбетов алаң иелерінің қақпасына гол соғып, есепті ашты. Артынша «Жетісай» футбол клубының 7 нөмірлі ойыншысы Иманғали Бастар есепті теңестірсе, алаң иелерінің ойыншысы Дәурен Мажитовтың автоголы қонақтардың мерейін асырды.

Кездесудің екінші таймының екінші жартысында жанкүйерлердің қолдауы жетісайлық теңбіл доп шеберлерінің жеңіске деген жігерлерін қамшылап, 27 нөмірде өнер көрсететін Рамазан Абылайхан таразы басын теңестіріп тағы бір гол соқты. Ойынның негізгі уақыты осылайша 2:2 есебімен аяқталғанымен, кездесудің соңғы сәттерінде, яғни, ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Рамазан Абылайхан қонақтардың қақпасына үшінші голды жолдап 3:2 есебімен ойын аяқталды.

«Біздің командамыз лига басталғалы жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Әрбір кездесуде алаңға шыққан сәттен бастап бар мүмкіндігімізді іске қосуға, жанкүйерлеріміздің үміті мен сенімін ақтауға тырысамыз. Біздің мақсатымыз – жеңіс тұғырынан көрініп, өз лигамызда чемпион болу» дейді «Жетісай» футбол клубының директоры Нұрлан Қонарбаев.

Айта кетейік, турнир басталғалы өткізген 14 кездесуінің тоғызында жеңіске жетіп, 3 рет жеңілістің ащы дәмін татқан, 2 кездесуде тең түскен «Жетісай» футбол клубы 29 ұпаймен турнир кестесінде ІІІ орында тұр.

Енді жетісайлықтар 23 тамыз күні сырт алаңда Шымкенттің «Ордабасы» командасымен кездесу өткізсе, 30 тамыз күні өз алаңында Қызылорданың «Қайсар» командасын қабылдайтын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы