ТҮРКІСТАНДЫҚ БАТЫР БЕКСАУЫТ — ЖАМБЫ АТУДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

111 көрілім

Моңғолия елінде жуырда жастар арасында жамбы атудан әлем чемпионаты аяқталды. Түркістан облысының талантты спортшысы әлемдік додада топ жарып, алтын жүлдемен оралды. Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін кезекті Азия ойындары қарсаңында түрлі халықаралық додалар мен әлем чемпионаттары қыза түсуде. Моңғолия да әлемнің ең талантты деген саңлақтары ат үстіндегі садақ ату спортынан бақ сынады. Жарысқа 22 мемлекеттен 110-ға жуық спортшы қатысып, төрт стиль бойынша бақтарын сынады. Моңғол, венгр, түрік және корей стильдері бойынша сынға түскен мергендер өзара жеңімпаздарды анықтады.

Осы әлемдік сайыста топ жоғары нәтиже көрсеткен түркістандық саңлақ Батыр Бексауыт 2 алтын, 2 қола медальға қола медаль олжалады. Ат үстіндегі садақ ату спорты әлемде қарқынды дамып кеткен. Моңғолия да өткен әлемдік дода да өте тартысты өтті. Осындай жарыста ғаламат нәтиже көрсеткен жерлесіміз туған елге оралды. Шымкент темір жол вокзалынан спорт сүйер қауым мен жанкүйерлері және Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің ұжымы қарсы алып, құрмет көрсетті. Жеңімпаз спортшы облыстық ұлттық спорт түрлері спорт мектебінің шәкірті. Спортшыға қолдау көрсеткен спорт жанашыры білікті басшы Болат Қонаев шәкіртінің бұл жеңісін жоғары бағалайды. Қазақстан ұлттық құрамасының жастары командалық есепте үшінші орын иеленді. Сонымен қатар, саңлақтар поляк стильінде де өздерінің мықтылықтарын көрсетті. Азия елдерінің ат үстінде садақ ату спорты бүгінде қарқынды дамып үстінде.

Естеріңізге сала кетейік, жамбы ату – қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық ойыны. Жамбы ату үшін мергенге жүйрік ат пен садақ керек. Жамбы алтыннан немесе күмістен құйылады. Ойыншы атпен шауып келе жатып, нысанын садақпен атып түсіреді. Мұндай жаттығулар көшпенділердің әскери күш-қуатын жетілдіріп отыру үшін ауадай қажет болған. Осы орайда аталған спорт туралы кеңірек тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Жалпы, жамбы ату ойыны – қазақ халқында кең тараған мергендік сынның бір түрі. Атпен шауып келе жатып жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуы тиіс болған. Ереже бойынша жігіттер сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатуы керек. Төрешілердің ұйғарымы бойынша нысаналар бірнешеу болады. Кермеде жылқының қылынан жасалған жіңішке арқанға асылатын күміс дискті «жамбы» деп атайды. Ойын  қатысушылары атпен шауып келе жатқанда оны қағып түсіру керек. Кімде-кім аз талпыныстан кейін жамбыны қағып түсірсе, сол жеңімпаз атанатын болған. Қазір уақыт басқа. Қазақ халқының ұлттық спорт түрлерінің ережелерін де қайта қарап, заман талабына сай ұлттық ойындар өзгеріске  ұшырап отыр. Қазақтың ұлттық «Жамбы ату» ойыны 18 ғасырға дейін жасөспірімдер үшін міндетті болған. Садақпен дәл ату үшін жүргізілген байқаулар көшпенділердің мергендік қабілеттерін жақсартуға көмектесіп, өздерінің бапта болуын және дәстүрді үзбей қолдап тұруларына ықпал еткен. Жамбы ату ұлттық ойнын қайта жаңғыртушылардың – бірі Алдияр Нұрғазиев. Оның республика көлемінде бапкерлігін білмейтін жұрт кемде-кем. Жамбы ату ұлттық ойнын Корей еліндегі семинарда қорғап шыққан ағамыз Алдияр Нұрғазиевтің үлесі зор. Осы ағамыздың арқасында ұлттық ойнымызды дәріптеуге мүмкіндік алып отырғанымыз шындық.

Жамбы ату спортының тарихы тым тереңде жатыр. Оның пайда болу мерзімін тарихшы-ғалымдар б.з.б. ІV-ІІІ ғасырлар үлесіне жатқызып жүр. Зерттеушілердің пікірінше, көшпенді Ғұн ұлысы алғаш рет садақшылар (мергендер) қосынын дүниеге келтірген. Қытай жазбаларында ғұндар көсемі (тәңірқұты) Мөденің үш мың мерген садақшылары болғаны жайлы дерек айтылады.

Ал, моңғолдың «Құпия шежіре­сінде»: 1225 жылы Шы­ңғыс қаған Хорезмді толық бағын­дарған соң «Бұғылы-шашақ» дейтін жерде ұлан-асар той жасап, ат жетер жердегі мергендерді шақырып, сайыс өткізгені туралы айтылады. Осы сайыста Есей мер­ген 335 құлаш (502 метр) жер­дегі ны­сана-жамбыға оғын дәл тигізген.

Жамбы дегеніміз – көне түрік тілінде «ямбу» яғни, құйма­лы алтын немесе күміс дегенді біл­діреді. Сол сияқты, бағалы заттардан жасалған құнды бұйымдарда жамбының рөлін атқара береді. Жамбы – ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болған­дықтан тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ, асық жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы т.б. деп аталаған. Жамбының жасалған материалына байланысты: таза ақ күмістен жасалған болса ақ жамбы, алтыннан жасалса алтын жамбы деп де атаған.

Жамбы ату ойынын – көш­пенділер жауынгерлердің мер­гендік қабілетін жетілдіру үшін қолданған. Басты мақсатты: бі­рін­шіден, әскери-жауынгерлік дайын­дықты жетілдіру, екіншіден, ел арасындағы мергендерді (са­дақ­шыларды) анықтап оларды көтер­мелеу, үшіншіден, сыналған мергендерден арнайы топ құрып, соғыста күштік құрлым ретінде пайдаланған. Жамбының «Айқабақ ату» деген де түрі бар. Егер нысана алтын бұйымнан жасалған болса «Алтын қабақ» деп атаған. «Жамбы» немесе «Айқабақты» ұзын сырықтың басына, мөлшерлі жерге іліп қояды. Оны аттың үстінде шауып келе жатып садақпен дәл атып түсіру керек. Бұл садақшылардың ең жоғары деңгейдегі жарысы. Өте үлкен мерекелерде ғана ойналады. Атып түсірген мерген қымбат бұйымды өзі алады. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы кезде жауынгерлер мал табу үшін мерген болуы шарт.

Жамбыны ату үшін ең әуелі садақ керек. Садақ – сонау ежелгі дәуірдегі сақтар мен ғұндардан, берісі Кенесары заманына дейін көшпелілердің иығынан түспеген, дәстүр-салтымен біте қайнасқан қымбат мұра. Ата-бабамыз адырнасын аңыратып жауға шапқан, аң атқан, тойға барып жамбы да атқан. Ал, жамбы ату үшін садақ керек. Садақ «қарағай садақ», «үйеңкі садақ», «қайың садақ», «сарыжа», «сарсадақ», «бұлғары садақ», «адырна», «көн садақ», т.б. түрлерге бөлінген. Қайыңның сарғайған қабығымен қапталған садақ­ты түсіне байланысты «сарыжа» немесе «сарсадақ» деп те атаған.

Қарапайым садақ екі бөліктен тұрады. Біріншісі, яғни ағаш немесе сүйектен жасалатын ату үрдісін іске асыратын бөлік – ады­рна деп аталады. Ал, шірей тартып, садақ оғын ұшыратын жіпті немесе бауды кіріс дейді.

Белі – берік болу үшін сү­йек­пен көмкеріп, тарамыспен оралған, иінмен түйіскен жері шылғи терімен қапталып, кептірілетін болған.

Адырнаның иілмелі серіппелі бөлігін – екі иіні (жоғары және төменгі) деп атайды. Кіріс, яғни жіп байланатын адырнаның екі ұшын басы (жоғары және төменгі) дейді. Иіндерінің үстінен тарамыс тартылып, ішкі беті мүйізбен қапталып, қоңыр аңның немесе малдың майымен майланып отырған. Халқымыздың дәстүрлі қару-жарағын зерттеп жүрген этнограф Қалиолла Саматұлының еңбегінде «адырнаның бастары бөлек-бөлек жасалып, иініне бұ­рыш жасай бекітіледі», дейді.

Ал, адырнаның екі басын қосып байланған жіпті «кіріс» дейді. Ол берік жіптен немесе жі­бектен, тарамыстан өріледі. Міндеті – оқты нысанаға қарай ұшыру. Кіріс жіп садақтың бір басына мықтап бекітіліп, екінші басы адырнаны босатып тұру үшін алмалы тұзақ түрінде алынып, салынады. Кірісті қатты серпігенде адырнаның басы жарылып немесе сетінеп кетпес үшін сүйектен қорғаныш орнатылады. Оны тобыршық деп атайды.

Ал, садақтың оғын жебе дейді. Оның: «сұр жебе», «қу жебе», «тобылғы жебе», «қозыжауырын», «сауытбұзар», «көбебұзар», т.б. қырықтан астам түрлері бар. Ел­шіл азамат Ерлан Қарин жебе түр­лерінің 140 атауын тауып, оларды құрылымдық жасалуы мен мін­детіне қатысты бес түрге бөліпті.

Жебенің құрамы: езек желі, қанат жалауша, өткір ұшы, жетесі, қырлары және қалпақшадан тұ­рады. Қалпақшада бағыттаушы саңылау адырнаға қондыру үшін тереңдігі 5-6 мм, ені 2,5-3,0 мм ойық болады. Жебенің қанаты (жалаушасы) құстың қауырсынан жа­салып, оқ атылғанда тұрақ­тан­дыратын қызмет атқарады. Жебе­нің оққа бекітілген тұсын жетесі дейді. Жете берік болмаса, жебе сабынан босап, жол ортаға түсіп қалады. Сондықтан жебені жетесіне жеткізіп сіңіретін бол­ған. Қазақтың «жетесіне жет­кізіп айтылды» деген сөз тіркесі осы.

Этнограф-зерттеуші Қалиолла Ахметжан мырза жебе бекітілген ұзын ағашты сабы десе, кіріске бекі­тіліп, созыла серпілетін тетікті кез-табан деп атапты. Ал, оқ­тың түзу ұшуына бағыт беретін қауырсынды оқтың қанаты дейді. Оқтың сабы қайың, тобылғы, қатты талдан жасалады. Оқ өте түзу болмаса нысанға жетпейді. Қа­зақта, «оқтай түзу» деген тіркес содан қалған. Оқты шын шеберлер ғана жасай алған. Аталарымыздың «әке көрген оқ жонар» дегені де осы. Жонылған оқты суы қанғанша кептіріп, дымданбас үшін майға бөктіріп пісіретін болған.

Көшпенділер оқты арнайы ыдыс-қапқа салып алып жүрген. Оны қылшан немесе қорамса деп атаған. Эпикалық дастандарда, «қорамсаға қол салды, қол салғанда мол салды» деген жыр жолдары осыдан қалған. Садақ атудың ерекшелігі басқа спорт түрлеріне қарағанда адамның қырағылығына, жылдам шешім қабылдауына, аттың үстінде емін-еркін отыруына, шапшаңдыққа тәрбиелейді.

Болашақта Батыр секілді жастарымыз облыстық, республикалық халықаралық бәйгелердің жеңімпаздары болатынына  сеніміміз  мол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы