ТҮРКІСТАН ФУТБОЛЫНДА ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАР БАР

221 көрілім

Футболдан Қазақстан премьер-лигасында Түркістан облысының намысын «Мақтаарал» командасы қорғап жатыр. Ал бірінші лигада «Тұран», «Түркістан» және «Арыс» командалары бар. «Қыран» командасының да Түркістан облысына қатысы бар. Сонымен бірге екінші лигада «Жетісай» және «Мақтааралдың» жастар командасы қатысып жатыр. Байқап отырғандарыңыздай, кәсіпқой лигаларда бір өңірден онға жуық команда тіркелген. Бұл – дотациялы өңірдің бюджеті үшін әжептеуір ауыр салмақ. Ал қазіргі таңда өңірдегі командалардың әлеуеті, мүмкіндіктері қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Былтыр премьер-лигада Түркістан облысының қос командасы өнер көрсеткен. «Тұран» ойламаған жерден бірінші лигаға түсіп қалса, «Мақтаарал» командасы жанкештілік танытып, премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Команда жаңа маусымға тыңғылықты дайындалды. Бірнеше ойыншысымен келісімшартты үзіп, жаңадан футболшылар қабылдады. Олардың арасында үмітті ақтағандары да, ақтамағандары да болды. Атап айтсақ, Секу Думбия (Кот-д’Ивуар), Петрос Аветисян, Хуан Сандовал (Колумбия) және Жуниор Кабананга (Конго ДР) сынды легионерлер командадан кетті. Кейбірі сенімді ақтамаса, кейбірі түрлі себептермен клуб ауыстырды. Есесіне, Тоқтар Жаңғылышбай мен Рамазан Кәрімов жасындай жарқырауда. Осы еңбегі ескеріліп, Рамазан ұлттық құрамаға шақырту алды. Бұл – жас команда үшін үлкен жетістік. Сонымен бірге Нұрлан Дайыров, Сағадат Тұрсынбай, Виктор Брага (Бразилия), Жан Али Файруз сынды ойыншылардың қадамы қуантады. Мырзашөлдіктер чемпионатты сәтсіз бастаған. Алғашқы 4 турда жеңілді. Турнир кестесінің соңғы орнына жайғасты. Бесінші «Каспиден» 3:1 есебімен басым түсіп, алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Одан кейін 6 тур бойы жеңіліп, атақты «Қайратты» 3:1 есебімен жеңген соң ойыны жүре бастады. Бас бапкер Константин Горовенко қызметінен кетіп, команда тізгінін қазақ футболының беделді өкілдерінің бірі Қайрат Нұрдәулетов ұстады. Осыдан кейін команда түлеп сала берді. Сырт алаңда «Қайсарды» 2:0 есебімен жеңіп, азулы «Ақтөбемен» тең түсті. «Қайрат» пен «Қайсар» қарымта ойындарда тең түсті. Талдықорғанда «Жетісуды» жеңсе, өз алаңында «Шахтерді» 3:1 есебімен тізе бүктірді. Міне, осы сәтті сериядан кейін «Мақтаарал» турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып, 11-орынға көтерілді. Алда 6 тур бар. Осы кездесулерде «Мақтаарал» керекті ұпайын жинап алса, премьер-лигада қалып қана қоймай, турнир кестесінде жоғары көтерілуі де мүмкін. Бұл ретте «Оқжетпеспен» болатын кездесу шешуші рөл атқармақ. Өйткені, көкшетаулықтар мырзашөлдіктердің ізін өкшелеп келеді. Олар да премьер-лигада қалудан үмітті.

 «Тұран» командасы жасақталып, премьер-лигаға шыққан кезде тұтас өңір қуанған. Бәсекеге қабілетті, мықты командаға айналып, жаңарған Түркістанның абыройын асқақтатады деген сенім болды. Бір қызығы, «Тұран» ел чемпионы «Астанамен» екі рет тең түсіп, азулы «Қайрат» пен «Ордабасыны» жеңді. Бірақ, ортаңқол командаларға жиі есе жіберді. «Оңтүстік дербиінде» «Мақтааралдан» екі рет жеңіліс тапты. Ұпайы әжептеуір болса да, 12 команданың қатарына кіре алмады. Мәселені бір ұпай ғана шешіп кетті.

Жаңа маусымға «Тұран» жаңалықтармен келді. Клуб президенті, бас бапкері ауысты. Ойыншылардың басым бөлігі командадан кетті. Жаңа ойыншылар қатарға қосылды. Клубқа бірінші лигада топ жарып, премьер-лигаға жолдама алу міндеті жүктелді. Александр Фамильцев шәкірттері чемпионатты тәуір өткеріп жатыр. 20 турдан кейін турнир кестесінде екінші орында тұр. Бірақ басты қарсыласы – Семейдің «Елімай» командасынан 2 рет жеңілді. Семейліктер бірінші орында сенімді келе жатыр. Енді өз орнынан түспейтіні анық. Түркістандықтар екінші орыннан төмен сырғитын болса, жанкүйерлері жарылқамайды. Команда алдында осы орынды сақтап, премьер-лигаға шығу мақсаты тұр. Бірақ жуырда «Тұран» ойламаған жерден Астананың «Жеңісінен» 0:3 есебімен ойсырай жеңілді. «Жеңіс» 44 ұпаймен жақындап қалды. 47 ұпайы бар «Тұранға» енді босаңсуға болмайды. Алда 8 тур бар. Осы ойындарда өте сақ әрі сауатты ойнау керек.

Бірінші лигада Түркістан облысынан «Арыс» пен «Turkistan» командалары да доп теуіп жүр. «Turkistan» 27 ұпаймен 8-орынға жайғасты. Жас команда үшін бұл тәуір нәтиже. Ал таланттар шығаратын ұстаханаға айналған «Арыс» 22 ұпаймен 9-орында келе жатыр. 37 ұпайы бар «Қыран» бесінші орында тұр. Аталған командалардың қаржылық жағдайы мықты емес. Жеке кәсіпкерлер мен инвесторлар тартып, қолдап жіберсе, премьер-лигаға да шығуы бек мүмкін. Әзірге ондай әлеует жоқ.

Екінші лигада Жетісай ауданының «Жетісай» командасы өте жақсы нәтиже көрсетуде. 16 турдан кейін 35 ұпаймен бірінші орында тұр. Осы қарқынын жоғалтпаса, бірінші лигадан табылады.

Енді облыс футболына қатысты тоқталсақ. Футбол – үлкен қаржыны талап ететін спорт. Әзірше, елімізде бюджетке алақан жаймай, өз-өзін қаржыландыратын клуб жоқтың қасы. Тек «Қайрат» қана инвестор көмегімен дамып жатыр. Қалған командалардың бәрі ел қазынасына тәуелді.

Түркістан облысында халық саны көп екенін ескерсек, командалардың көп болып, жастарды футболға баулуы өте орынды. Бір Лондонның өзінде 20-дан астам команда бар. Біздің өңірлерде де кәсіби клубтардың көбеюі құптарлық. Бірақ, бірте-бірте футбол менеджментін дамытып, өз-өздерін қаржыландыруға, кәсіпкерлер мен инвесторларды тартуға күш салған жөн. Бұл бағытта жұмыс жүретіні сөзсіз. Біздің айтпағымыз – қолымызда бар командалардың әлеуетін дұрыс пайдаланып, шынайы қолдап жүрміз бе?

Екі-үш жыл бұрын Түркістанда атақты «Түркістан-арена» стадионы пайдалануға берілді. УЕФА талаптарына сай екені айтылды. Қыруар қаржы жұмсалды. Бірақ, стадион талапқа сай болмай шықты. 2021 жылы «Тұран» мен «Астана» арасындағы кездесуде алаңдағы су тартылмай, ойыншылар «су добын» ойнауға мәжбүр болды. Екі маусым бойы премьер-лига мен бірінші лига ойындарын қабылдаған стадион ақыры уақытша жабылды. Қазіргі таңда жасыл алаңның дренажы жөнделіп жатыр. Стадионның құрылысына «Самұрық-Қазына» тарапынан қыруар қаржы жұмсалды. Бұл мәселелер о баста неге назарға алынбаған? Стадионның сыйымдылығы да төмен. 7000 жанкүйер ғана сыяды. Дренажының жағдайы анау. Қысқасы, жоспарсыз тірліктің зардабын командалар мен жанкүйерлер тартуда. Қазір «Тұран» да, «Мақтаарал» да өз матчтарын Шымкентте өткізуге мәжбүр. «Қыран» да сол жақта жүр. Әр ойын сайын Түркістаннан немесе Мақтааралдан Шымкентке бару жанкүйер үшін қиын. Сондықтан команданың қолдаушылары аз деуге болады. Ал ол команданың ойынына әсер етеді. Мақтаарал мен Жетісайдағы стадиондар да премьер-лигаға дайын емес. Сонда облыс командалары кімдер үшін өнер көрсетіп жүр? Жанкүйерсіз команда топ жара ала ма? Ендігі кезекте облыстың спорт саласына жауапты басшылары осы түйткілдерді жедел шешуі керек. Егер келесі жылы да «Тұран» мен «Мақтаарал» өз алаңында ойнамайтын болса, ол спорттық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да өте тиімсіз болмақ.

Биыл облыстық мәслихаттағы Әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік құқық, жергілікті өзін өзі басқару және депутаттық этика жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері өңіріміздегі аудан, қалалардағы спорт нысандарын аралап, кемшіліктерді анықтады. Депутаттардың айтуынша, облыс орталығы Түркістан мен оған жақын Кентаудағы стадиондардың өзі толық дайын емес. Өзге де мәселелер қозғалды. Ол ұсыныстар да жерде қалмауы тиіс.

Тоқетері – Түркістан облысында бәсекеге қабілетті, ел чемпионатында жүлде алатын аса мықты команда жасақтау қажет. Өңірде талантты футболшылар да, футболды жанындай жақсы көретін жанкүйерлер де бар. Футбол да Түркістанның туризмін дамытуға үлес қоса алады. Ол үшін ниет пен құлшыныс қажет. Сіз қалай ойлайсыз, жанкүйер?

Келесі жылы «Түркістан-арена» стадионы премьер-лига ойындарын қабылдайды. Мамандар жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталарына сенімді. Демек, Түркістан төрінде «Тұран»,  «Мақтаарал»  командаларының қайта кездесулерін тамашалайтын күн жақын.

Ғалым ҰЛАСБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы