- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Жыл сайын көктемнің екінші жартысынан бастап, ыстық лебі күш ала түсетін биылғы Түркістан өңірінің кеші мен таңы салқын тартып тұр. Бәлкім, осы Арыстағы жайсыз оқиғаны сездіргісі келген шығар? Кім білсін… Бір анығы, маусымның жиырма төртіндегі таңымыз жайсыз атты. Әншейінде, жұртты дүрліктіретін келеңсіз жайлар орын алса, желіде отырып алып, әкім-қараларды сын тезіне алатын «көріпкелдер» де бұл жолы үнсіз қалды. Себебі, бұл сөз жарыстыратын емес, нақты іске көшетін сәт еді. Осылайша, оқыс оқиға орын алып, көпшілік тағдыры сынға түскен сәтте дүйім жұрт жаппай көмекке қол созды. Үрей жайлаған Арыс қаласындағы жағдай әп сәтте желіні қаптап кетті. Қалың нөпір қайда барарын білмей сан соққанын екінің бірі көріп отыр. Жығылған үстіне жұдырық демекші, беймәлім біреулердің «Бөген су қоймасын жарып, Арыстағы жарылысты тоқтатады екен. Бүтін бір облыс жарылыстың астында қалады екен», – деген алып-қашпа әңгімелер тарап, елдің есін шығарды. Осы сәтте атқарушы биліктің жылдам әрі оңтайлы іс-қимылдары қарапайым халықты жөнге сала білді. Шынында да ұл-қызының қайда қалғанын білмей, бас сауғалаған адамдардың көпшілігі енді есін жиып жатыр.
Әншейінде мазмұнсыз видеоларға толы WhatsApp-ыңыз ата-анасын іздеген сәбилердің суретіне толды. Құдай басқа салмасын. Істің қайыры болатынына сеніммен қарадық.
Тарқатып айтсақ, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев орын алған төтенше жағдайды толықтай өз бақылауына алып, халықты сабырға шақырған болатын. Осы ретте, тұрғындар үшін жан-жақтан эвакуациялық қабылдау орындары құрылып, халықты қауіпсіз орындарға жайғастыру ісі жүйелі жүргізілді.
Осы күні кешкісін орын алған төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы келіп, жағдаймен жіті танысты. Арыстық ағайынмен жүздесіп, алдағы күндері тұрғындарға осы оқиғаға байланысты қажетті шаралардың барлығы ұйымдастырылатынын жеткізіп, зардап шеккен науқастардың да жай-күйін білді. Сондай-ақ, жарылыстан кейінгі қаланың тыныс-тіршілігін баяндаған облыс әкіміне Президент аталған шаһардағы жеке және әлеуметтік нысандарға келтірілген шығынды есептеуді тапсырды.
Қазіргі таңда оқиға орнын қатаң бақылау шаралары жалғасуда. Жақын орын тепкен ауылдық округтер мен аудан орталықтарында 15 эвакуациялық бөлімшелер ашылды. Онда тіркелгендер саны – 2218 адамды құрады. Зардап шеккендер арыстық тұрғындар ас-ауқатпен және уақытша баспанамен толық қамтамасыз етіліп, оларға алғашқы медициналық көмек және қажетті шаралар жасалды. Көпшілік көңілін құлазытқан тосын оқиғаға ел тұрғындары да бей-жай қарап жатқан жоқ. ҚР Үкіметінен бастап, еліміздің барлық аймақтарынан қажетті азық-түлік пен киім-кешек тиелген автокөліктер легі әлі толастаған жоқ. Көпшілік жұрт мемлекетіміздің ынтымақшыл екенін, қиын-қыстау сәтте бір болып бірігіп, «бір жағадан бас, бір жеңінен қол» шығарып татулықты ту еткен елдің шынайы белгісін көрсетті.
Түркістан қаласына да жеткізілген арыстық ағайындар қолдаудан ада болып жатқан жоқ. Қасиетті шаһар азаматтары тік тұрып, қызмет етіп, пана іздеп келген жандарға қолдарын созды. Атап айтсақ, қаламыздағы С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернаты, тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты, Н.Оңдасынов атындағы «Дарын» мектеп-интернаты, Түркістан көмекші мектеп-интернаты, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің №3 жатақханасы, Ясауи атындағы жасөспірімдер оқу орталығы, жалпы барлығы 6 орынға 1200 адам орналастырылды. Мұнда Арыс қаласы мен Отырар ауданының тұрғындары арнайы автобустармен жеткізіліп, оларға қажетті азық-түлік, киім-кешек, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Түркістан қаласы әкімі аппаратының қызметкерлері барлық жапа шеккен жандарға дер кезінде қолдау көрсетіп, оларға қажетті шаралардың барлығын дерлік өз қолдарына алды. Осы ретте, қалалық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбековамен тілдесіп мән-жайды білген болатынбыз.
– Білім бөліміне қарасты 32 мектеп пен 21 балабақша бар. Сол мектептердің барлығында көмек беруге дайын болдық. Қазіргі таңда бізге 24-і күні күндіз 80 адам келіп орналасса, 24-інен 25-іне қараған түнде 122 адам келді. 24-і күні біз толық 220 адамды қабылдадық. Келесі күні тағы да 23 адам тіркелді. Барлығына тиісті көмектер көрсетілді. Соның ішінде балаларымызға педагог-психологтар жұмыс жасап, еріктілер көмек көрсетті. Көмек ұсынып жатқан жастарымыз өте көп. Сонымен қатар, ата-аналар тарапынан да өз кезегін-де көмек көрсетіліп жатыр. Тағы 10 мектепті қосымша дайындап отырмыз. Арыстан келген мектеп жасындағы, мектепке дейінгі балаларымызға денсаулық басқармасымен бірлесе отырып денсаулық жағдайын бақылаудамыз. Мектептерде орналасқан ата-аналар мен балалардың жағдайы бір қалыпты тұрақты. Отырар өңірін қоспағанда бізде қазір 124 адам тіркелсе, оның 77-сі ересек, қалған 65-і 4 пен 15 жас аралығындағы балалар болып отыр. Жоғалған бала жоқ, 3 мезгіл тамақ берілуде, – деді Ақмарал Үсенқызы.
Төтенше жағдайға байланысты қоныс аударғандардың бірі Жанар Дүйсенбиева Арыс ауданына қарасты Дермене ауылының тұрғыны. Бес баласы және екі немересімен бірге қаладағы С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатына жайғасқан. Оның айтуынша алғашында бұл жайтты қарапайым өртке балаған. Дүмпудің дауысы естілгеннен кейін бала-шағаны жинап қауіпсіз аймаққа қарай бет алған. Бізбен әңгімесінде көрсетіліп жатқан көмек пен игі істерге дән риза екенін жеткізді.
Көршілес Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты елімізде «АРЫС, БІЗ БІРГЕМІЗ» атты республи-калық акциясы ұйымдастырылып, қиын-қыстау сәтте барша жұрт жан-жақтан көмек қолын созып, ол «Qazaqstan» ұлттық арнасынан күнделікті көрсетіліп келеді. Оқыс оқиғаның орнын толтыру үшін қазақстандықтардың көп болып, жұмыла атсалысып жатқаны жанға жылу ұялатуда.
Айта кетерлігі, кеше облыс әкімі Ө.Шөкеев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте тұрғындарды бүгін Арыс қаласына кіргізу басталатынын айтты. Сонымен бірге, әрбір отбасының қауіпсіздігі үшін жауапты тұлғалардың бекітілгендігін, бүлінген баспаналар мен әлеуметтік нысандардың қалпына келтірілетіндігін жеткізді. Қазіргі таңда Арыс қаласындағы қауіпті жағдай сейілді деуге толық негіз бар. Енді үкімет тарапынан шағын шаһарды қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілмек.