- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Қаламыздағы Есім хан алаңында «Арай» ардагерлер хоры мен ансамблі шаһар тұрғындарына рухани, тағылымды кеш сыйлады. Түркістан облысының 1 жыл толу құрметіне орай ат басын тіреген ұжым Түркістанның тумасы, ХҚТУ-дің көгалдандыру бөлімінің меңгерушісі Сәрсен Нәлібаевтың шақыруымен арнайы келген.
Сәрсен Нәлібаев өз сөзінде: «Құрметті рухани шаһардың, Түркіс-тан облысының тұрғындары, 1 жыл-дық төл мерекеміз құтты болсын. «Түркістанда тумақ түгілі, Түркіс-танда туғаныма мақтанамын»,- деп Өмірбай Сәуірбаев айтқандай, «еліме не істедім?» деген сұрақ әрбірімізде туындайтыны рас. Мұрындық болып, жетектеп, осында арнайы шақырдым. Бұл Түркістанның түлеуіне, өркендеуіне, рухани баюына қосқан үлесім деп білемін», – деген ілтипатын білдірді.
21 өнерпаздан тұратын ансамбль бұл кеште «Балбырауын», «Түркіс-тан», «Сәулем-ай», «Атамекен» сынды ән-күйлерді шырқап, келген көпшілікке кереметтей әсер туғызды. Ұжымдағы мүшелердің ең жасы 65-те, ал ең үлкені 83-те. Қазақ өнерінің өркендеуіне үлес қосқан Қ.Құлымжанов бүгінде зейнеткерлік жаста болса да, ардагерлердің басын қосып, ардагерлер алқасының мәдениет бөлімінің төрайымы Мырзагүл Ерғалиевамен бірге ұжым құрып, ата-әжелер өнерлерін паш етіп жүр.
Алматы қаласының Наурызбай ауданынан келген ансамбльдің жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Қанат Құлымжанов: «Ансамбль осынау құрылған бір жарым жылдың ішінде талай жетістіктерге жетіп, фестивальдерге қатысты. Алматыда әр ауданның арасында жарыстар болып отырады. Сонда халықтың қалауымен, өнерімізбен суырылып шығып, бас жүлделерді қанжығалап жүрміз. Бүгін міне, Түркістан қаласының бір жылдық мерейтойына өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бізді шақырып, ақ дастарқан жайып, құрметтеп қарсы алған Сәрсен Нәлібаевтың қонақжайлылығына үлкен алғыс айтамыз. Біздің өнерімізді көріп, ерекше әсер алып, содан бізді осында шақырған болатын. Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі жұртына өз тарихымен, мәдени мұраларымен танылған киелі жер. Түркістан жұртына ынтымақ-береке мен дәулет тілеймін», – деген құттықтауын жеткізді.