- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістан қаласының Құрметті азаматы, «Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР еңбек сіңірген құрылысшы Жантемір қажы Алимовтың «Кесене үшін күрес» атты кітабы жарық көрді.
Жантемір Алимов 1981-1984 жылдар аралығында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қайта жаңғырту жүргізген «Қазреставрация шеберханасының» бастығы болып жұмыс істеген. Сол жылдары кесене мен оның айналасындағы тарихи-мәдени ескерткіштерінің реставрациялық жұмыстарының қасақана теріс мақсатта жүргізілгенін сынайды. Сол үшін қызметінен аластатылады. Бірақ, қайсар азамат қызметінен кетсе де мойымай, кесененің тағдыры үшін күресін жалғастырған.
Қазірдің өзінде кесененің техникалық қауіпті жағдайы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді күрес жүргізіп келеді. Тіпті бүкіл әлемдік тарихи-мәдени ескерткіштерді қолдайтын ЮНЕСКО-ның өкілдерін Түркістанға бірнеше рет арнайы шақыртып, әлемнің назарын кесенеге аудартты. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерінің қатысуымен түрлі комиссиялар ұйымдастырды. БАҚ-та тұрақты мақалалар жазып тұрды. Соның арқасында кесенедегі реставрациялық жұмыстар бір жүйеге, тәртіпке келтірілді.
Жантемір Алимов тәуелсіз еліміздің тарихында есімі ерекше сақталатын азамат деп білеміз. Себебі, кеңес дәуірінде мемлекеттің реставрация саласындағы саясатын сынап, пікір айту екінің бірінің қолынан келмейді. Әрі өз ұстанымынан айнымай, жарты ғұмырын кесенені қорғауға арнады. Осы мақсатты өзінің өмірлік миссиясы етіп алды. Тарих ғылымдарының докторы, ХҚТУ-дің профессоры Мұхтар Қожа кітаптың кіріспе сөзінде Жантемір Алимовты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлкен жанашыры деп баға береді. Ал, тарих ғылымдарының кандидаты, Ясауи ғылыми зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Зікірия Жандарбек «Жантемір ағамыздың азаматтығына, қажырлылығына басымызды ие отырып, ол кісінің қаламынан шыққан мына кітап қазақ руханиятына жаны ашитын әрбір азамат тарапынан қолдау табады деген үміттеміз», – деп жазады.
Бүгінде Жантемір ағамыз 82 жаста болса да қоғамдық жұмыста белсенді, өнегелі істері арқылы түркістандықтарға жақсы таныс. Кесенені кейінгі ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап, мұра етуді басты ұстанымы етіп келеді.
Ш.МАДАЛИЕВ.
