Өткен аптадағы аппараттық мәжілісте қаралған жылу жүйесіне қатысты өзекті мәселе оң шешімін тапты. Жарылған қазандық құбыры жөнделіп, жылудың таратылуы қалыпқа түсті. Қала әкімі Рашид Аюпов сала мамандарына жылудың тұрғындарға бірінші кезекте, содан соң коммерциялық нысандарға берілуі қажеттігін қадағалауды тапсырды.

Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жарасов «Жылу» МКК-ге көмір мен қатты отын қажеттілігі жыл сайын 16 мың тонна болса, оның 10 мың тоннасы толықтай қамтылды, қалған 6 мың тоннасы кестеге сәйкес жеткізілетіндігін мәлімдеді.

«Ақауға басты себепкер болған №3 облыстық периниталдық орталықтың жаңа ғимаратының мердігері «Эристайл Казахстан» ЖШС-ға «Жылу» мекемесінің күндік шығыны 750 мың теңгені құрайтын 6 күндік айыппұл салынды. Әлеуметтік желіде шағымданған азаматтарға өзім басқарып отырған ұжымның есебінен істен шыққан 20 үйдегі жылу кірген құбырдың сырғышын ауыстырдық. «Отырар» мөлтек ауданындағы 12 көпқабатты үйлерге табиғи отынмен жылу берілуде. Ал тоғыз қабаттан тұратын екі тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарына жылудың бару деңгейі төмен болып тұр. Бұл бағыттағы жұмыстарды ретке келтіруді қолға алатын боламыз»,-деді Нұрсұлтан Мұратәліұлы.

Келесі кезекте әзірленген жобалау-сметалық құжаттар және 2020 жылғы бюджетке ұсынған нысандардың талдауы бойынша баяндама жасаған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Байдулла Оразбеков 7 жоба бойынша жұмыс жасалып жатқандығын мәлімдеді. Біреуі құрылыс, үшеуі қайта жаңғырту, үшеуі қолдағы жобаға түзету енгізу. Құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Төлеби Мырзалиев 19 жобаның әзірленіп жатқандығын атап өтті. Оның ішінде 3 жоба тұрғын үй саласы, 3 жоба білім саласы, 9 жоба инженерлік инфрақұрылым, 4 жоба саябақтар бойынша.

Ал, мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Еркінбек Тәжей мемлекеттік сатып алу процесінің орындалуына тоқталды.

Айтуынша, 2019 жылы 2 млрд 149 млн 854 мың теңгені құрайтын 95 ашық конкурс өткізілген. Оның ішінде 67 конкурс аяқталып, 540 млн 245 мың теңгені құрайтын келісім-шарт түзілген. 19 конкурс тоқтатылған болса, 19-желтоқсан күні бір конкурсқа өтінімдерді қабылдау аяқталады.
«Түркістан-ақпарат».
