Қаламыздағы «Амина» балабақшасында «Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың табысты бейімделуі мен дамуындағы тәрбиеші мен ата-ана сабақтастығы» атты семинар өтті. Қалалық білім бөлімінің ұйымдасмтыруымен өткен шараның мақсаты – балалардың жас ерекшеліктері мен жеке тұлғалық қабілеттерін ескере отырып, олардың бойында адамзаттық құндылықтар мен жаңаша әдістер негізінде рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, сондай-ақ, балаларды ізгілік пен мейірімділікке тәрбиелеудегі тәрбиеші мен ата-ананың рөлін нығайту.

«Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе – ата-ана мен тәрбиешінің баланы бірлесіп тәрбиелеуі. Сондықтан, осы тақырыпты алып отырмыз. Бір күндік семинар аясында тәжірибемен бөлісіп, түске дейін теориялық, ал түстен соң шеберлік сағаттары ретінде өткізу жоспарланған», – деді «Амина» балабақшасының меңгерушісі М.Жаңабаев.
Елордадан келген «NurOrda» мектеп-лицейінің 12 жылдық тәжірибесі бар оқытушысы Сәуле Жанғазы бала тәрбиесі бойынша жарық көрген кітаптармен таныстырып, өзіндік еңбек жолындағы қызықты оқиғалармен бөлісті. Жалпы, кітаптың баланың ойлы, зерек болуында алар орнына тоқталып, бала кітапты алып, парақтап, суреттеріне қараса да сол арқылы бір ойды қалыптастырады деген тұжырымға тоқталды.

Шаһардағы әр балабақшадан келген 70-ке жуық тәрбиеші жас ерекшеліктеріне қарай бөлініп, бір-бірімен тәжірибе алмасып, танысып, бұдан кейін де қоян-қолтық араласып, бала жанын ұғынуға бірлесіп қызмет етпек.
«NurOrda» мектеп-лицейіне қарасты «Spectrum» халықаралық мектебімен аталған балабақша меморандумға отырған. Сонымен қатар, өзге де бірқатар беделді балабақшамен әріптестік меморандумға тұрып, тәжірибемен бөлісуді дәстүрге айналдырған.
Түркістанға жаңаша идеяны жүзеге асыруды ниет еткен ұйымдастырушылар қалалық білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес, әр ай сайын бір рет семинар өткізуді қолға алған. Ал, бұл қыркүйек айынан бері жалғасқан төртінші семинар.
Жаңашыл бағыт-бағдар беруді көздеген шара соңында семинар-тренингпен қатар, ойындар, бейнероликтер, сондай-ақ, концерттік бағдарламалар ұсынылды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».
