Қазақстан құрылысшылар одағы, «Астана желаяғы», «Марафон клубы» қоғамдық бірлестіггі, «Нұр Отан», Түркістан қаласының (облысының) дене шынықтыру және спорт басқармасы, Полиция департаменті, Түркістан облысы ішкі істер департаменті өкілдерінің ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан-Түркістан жарысының ресми ашылуы өтті. Марафонның басты мақсаты өскелең ұрпақты патриоттық рухта және өз бойына Отанын құрметтеу, салауатты өмір салтының негіздерін дарыту ретінде тәрбиелеу болып табылады. 28 қараша күні Нұр-Сұлтаннан бастау алған марафоншылар 4 желтоқсан күні Түркістан шаһарына тоқтады. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған шара Елорда мен жаңадан құрылған Түркістан облысының спорттық – мәдени әлеуетін көтеруді көздейді.

Бүкіл қазақ қана емес түркі әлемі құрмет тұтқан Түркістан топырағы марафоншыларды зор қошеметпен қарсы алуда. Спортты жанындай сүйген азаматтар алдымызда тұр. Бүгінгі бұл азаматтардың әр аяқ басысы, әр қадамы, әр тынысы Тәуелсіздік үшін жасалып отқан жақсы қадамдар. Спортпен айналысқан адам біріншіден сұлу, екіншіден дені мықты, үшіншіден басқаларға үлгі болады. Сонау Нұр-Сұлтаннан Қарағандыны артқа тастап, Қызылорданы бойлап, Жаңақорған арқылы киелі Түркістанға жетіп отыр. Қадамдарыңыз құтты болсын,- деді Түркістан облысы филиалы төрағасының орынбасары Қалима Жантөреева
Талғат Ергалиев, Ерік Маралұлы, Меңдібай Әлімғазинов, Дулат Иманқажы, Серік Исмаилов, Айдын Қасен, Серік Оспанов, Пётр Чумаков, Ринат Рахматуллин, Сұнғат Қайыртаев бұлар екі қала арасындағы 1400 шақырымды 6 күнде жүріп өткен марафоншылар.

Бұл азаматтардың барлығы жай адамдар емес. Мәселен, белгілі марафоншы Дулат Иманқажыны алайық. Ол 2017 жылы велосипедпен Астанадан-Пекинге аттанып, Қытай астанасына дейін 5200 шақырымды 57 күн ішінде еңсеріп, күніне 200 километр жүрген.
Сондай-ақ, салтанатты жиында, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов құттықтау сөз сөйлеп, марафоншыларға сәттілік тіледі.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,
«Түркістан».
Суреттер автордікі
