Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету өз дәрежесінде жүргізіліп жатқанымен, оларға қажетті дүниелер шет елдерден алынатыны жасырын емес. Нәтижесінде, алыстан арбалаған дүниенің бағасы біздің елімізге жетем дегенше бірнеше есеге өсіп, азаматтарға оны сатып алуға қол байлайтындай қиындық туады. Олар өзгелермен тең болуды, кез келген затты өз қолымен алып, дайындағанды қалағандықтан, бірнеше миллион қаржысын жұмсаудан аянбайды. Онысымен аяқталса жақсы-ақ. Алайда, оны бірнеше жылда қайта ауыстырып тұратыны тағы бар. Сонда есептей беріңіз… Бірақ, мұндай қиындықты артқа тастайтын уақыт келді. Өйткені, түркістандық Маткарим Вахабов мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетуге бар күш-жігерін салып, қол протезін ойлап тапты. Әрине, бұл Қазақстандағы тұңғыш жоба емес. Алайда, 11-сынып оқушысы оның бағасы әлдеқайда арзан әрі тиімді екендігін алға тартты. Осы мақсатта, көптің арасынан суырылып шыққан білімгерді қала әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұлов арнайы қабылдап, шаһар басшысының атынан алғыс хат табыс етті. Ол өз сөзінде: «Ғылым әлеміне бастаған алғашқы қадамыңыздың сәтті шығуымен құттықтаймын. Қазақ ғылымының дамуына қосқан үлесіңіз болашақта тың идеялардың жүзеге асуына, ел экономикасының дамуына апарар даңғыл жолға ұлассын!» деген тілегін білдірді.

2019-2020 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде үздік ғылыми жоба жұмысымен II дәрежелі дипломмен марапатталған М.Вахабов бұған дейін де аталмыш сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.. Кентау қаласындағы «Дарын» мектеп-интернатында білім алатын Маткаримнің ғылыми жобаларға қызығушылығы осы мектеп қабырғасынан бастау алған екен. Ол болашақ мамандығын да «бағдарламашы» саласымен байланыстырады.

«Бұл дүниені жасауға 30-50 мың теңгедей қаржы жұмсалды. Жазда басталған жоба 4-5 айда аяқталды. Қолды толығымен ашып, кедергісіз жұмыс жасауға мүмкіндік береді және компьютердегі арнайы бағдарлама арқылы жұмыс істейді. Енді мемлекет тарапынан қолдау болса көпфункционалды, яғни әрбір саусағы қимылдап, азаматтарға ыңғайлы болуына жұмыс істегім келеді. Оған шамамен 200-300 мың теңге қаражат керек», – деген жас ғалымның бұл талабына разы болған қала әкімінің орынбасары М.Базарқұлов міндетті түрде қолдау көрсететіндігін айтты.

Айта кетейік, М.Вахабов алда республикалық сайысқа қатысу үшін маңызды тестілеуді тапсырмақ. Одан жеңіске жеткен жағдайда Америка елінде білім алып, тәжірибесін шыңдауға үлкен мүмкіндік тумақ. Ендеше, өзінің дарынымен Түркістанның атын шығарған жас ғалымға алар асулары биік болсын демекпіз!
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».
