Түркістан облысының 5 жылдығына арналған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан қаласының мәдениет күндері өз мәресіне жетті. Өңірдің туристік әлеуетін арттыру, ұлттық өнерді дәріптеу мақсатындағы фестиваль ұлттық спорт ойындарымен қорытындыланды. Атап айтқанда тоғызқұмалақ, қол күрес, асық ату, арқан тарту сынды спорт түрлерінен жастар бақ сынап, жиын соңында жеңімпаздары марапатталды.
Шара барысында «Түркістан жетістіктері» атты көрмелері жасақталды. Сонымен қатар «Яссы» халықтық этнофольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен ұлттық нақыштағы әуезді әндер шырқалды. Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапхананың дайындаған кітап көрмесі мен көркем сөз оқыған балалар көпшілікті тәнті етті.
Түркістан қаласының мәдениет күндері «Visit Center» орталығы алаңында өткен «Гүлденген Түркістан» атты гала-концертпен басталған еді. Мерекелік шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев арнайы қатысқан болатын. Қала өнерпаздарынан бөлек, белгілі қобызшы Ақерке Тәжібаева, эстрада жұлдыздары Қуаныш пен Қарлығаш, «Алдараспан» театрының әртісі Шәкен Амантұров өнер көрсеткен еді.
Ал екінші күні ұлттық салт-дәстүр және әдет-ғұрып көріністерімен жалғасын тапты. Этноауылда «Көрікті ойым – суретім» фотосурет және бейнелеу өнері суретшілерінің және «Қол өнерім – мол өнерім» қолөнер шеберлерінің көрмесі жасақталған. Қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық тағам түрлерінен дәм татты. Әжелер биі мен мольберттегі суретшілер, қос ақынның айтысы келушілерді тамсандырды. Халық әндері шырқалып, құмай тазы мен қыран бүркіт ерткен батырлар да кеш көркін кіргізді.
Айта кетейік, сәуір айынан бастау алған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аяқталып жатыр. Алдағы уақытта фестиваль қорытындыланып, 17 аудан-қала ішінен жеңімпаздар анықталатын болады.
