Түрленген Түркістанда 4 айдан бері өтіп келе жатқан «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Сәуір айында бастау алған рухани-мәдени шара облыстың 5 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Сайрам ауданы өнерпаздары фестиваль шымылдығын ашса, Түркістан қаласының мәдениет күндері қорытындылап отыр.
Ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту және жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптей отырып, келешек ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдеу және өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында әрбір аудан-қала Түркістан қаласында аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері қала қонақтары мен тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Этноауылда суретшілер мен қолөнер шеберлерінің және аудан, қаланың жетістіктері туралы көрмелер ұйымдастырылды. Қылқалам, қолөнер шеберлерін қатыстыра отырып сурет салу, қолөнер бұйымдарын дайындау жұмыстарын көрсетті. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүр, ән-жыр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер де сахналанды.
Сонымен қатар аудан-қалалар мерекелік Гала-концертті көрермен назарына ұсынды. Мұнда халық шығармашылығының жанрлары: ән, би, күй, айтыс, көркемсөз оқу, жыр-терме, цирк, сатира, хор, оркестр, вокалды-аспаптар мен отбасылық ансамбльдер, фольклорлы-этнографиялық ансамбльдер, театрландырылған қойылымдар қамтылды.
Айта кетейік, жақын күндері фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған көркемөнерпаз ұжымдары және әншілердің қатысуымен Гала-концерт ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады.
