БЕЛГІЛІ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНЕ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

446 көрілім

Бүгін «Ұлы Дала Елі» орталығында елімізге белгілі қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Оразкүл Асанғазықызының қатысуымен Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілеріне адалдық құндылығы және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша келелі кездесу өтті.

«Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы» тақырыбында өрбіген ауқымды шараға облысқа қарасты аудан-қалалар мен барлық басқармалардың және аумақтық департаменттердің басшылық құрамы мен мемлекеттік қызметшілері, жастар мен еріктілер қатысты.

Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бастамасымен және «Жалын» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген кездесудің негізгі мақсаты – мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің бойында әділдік, парасаттылық құндылықтарын берік қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін нығайту.

Елдің даму қарқынын тежейтін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері кең талқыланған рухани шарада спикерлік еткен Оразкүл Асанғазықызы мемлекеттік қызметтің мінберінде ант пен аманатқа адал болудың және Отанға шынайы қызмет етудің, сондай-ақ парасаттылық идеялогиясына бейім болудың маңыздылығын сөз етті.

Бұдан бөлек, ұлттық тәрбиеге басымдық беру арқылы қоғамдық індетке төтеп беруге болатынын тілге тиек етіп, Әділетті Қазақстанды құруда адалдықтың ақ туын биік ұстау – әрбір азаматтың егемен ел алдындағы перзенттік парызы екендігін мемлекеттік қызметшілердің назарына жеткізді.

Екі сағатқа созылған мақсатты кездесудің соңында жиынға қатысушылар сұрақ-жауап алмасып, өз ұсыныс-пікірлерін ашық ортаға салды.

Рухани кездесуді қорытындылаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Ержан Жүнісов белгілі қоғам қайраткерінің адалдық қағидатын қалыптастыруға бағытталған арнайы дәрісі үшін айрықша алғыс білдіріп, киелі өңірдің мемлекеттік қызметшілерін жемқорлықтың алдын алуда белсенді болуға шақырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы