«ТАЙҚАЗАН» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭТНИКАЛЫҚ КИІМДЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

190 көрілім

Түркістанда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі этнограф, тарихшы  Өзбекәлі Жәнібеков атындағы «Тайқазан» халықаралық ұлттық және этникалық киімдер байқауы өтті. Түркістанда алғаш рет өткізіліп отырған Өзбекәлі Жәнібеков атындағы халықаралық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Тәжікстан республикаларының дизайнерлері мен сәндік қолданбалы өнер шеберлері қатысты. Байқау мақсаты- киім мен тұрмыстағы ұлттық дәстүрді дәріптеу, қазақ мәдениетіне қызығушылық қалыптастыру.

Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Сейфолла Бодиков, Қазақстан ұлттық дизайн академиясының академигі Қайролла Абишев, «Өзбекстильпром» бірлестігі гендерлік теңдік және дизайнды дамыту жөніндегі кеңесшісі Хамола Гулямова,сондай-ақ Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қордың президенті Әзел Жәнібекова алдымен баспасөз конференциясын өткізіп, байқау маңызына тоқталды. Кәсіби және әуесқой дизайнерлерге қолдау көрсету мен қазақ мәдениетіне деген қызығушылықты арттыру басты бағыт. Жыл санап жедел дамып  келе жатқан салада жаңашылдықтар басым. Сондықтан көштен қалмай халықаралық байқаулардың өткізіліп тұруы заңдылық,-дейді шара ұйымдастырушылары.

Ұлттық болмыспен даралану түркі даласындағы халықтардың ең басты ерекшелігі. Бұл шара соның бір айғағы іспетті. Маңызы мен мәні, талабының жоғары екендігі төрелік ететін әділ қазылардың мысынан-ақ байқалады. Көздің жауын алатын шеберлер қолынан шыққан туындылар заманауи сән үлгісіне сай дәстүрді дәріптеп тұрғандай әсер қалдырады.

Мұнда осалдар жоқ. Әлемдік сән әлеміндегі мінберлерден кіл мықтылар туындыларын көріп бағамдап жүрген мамандар осылай дейді. Бас-аяғы іріктелген 15 қатысушы бақтарын сынады. Еуропалық сән апталығының алғашқы аккредиттелген журналисі, белгілі продюсер Саят Досыбаев Түркістан – этникалық стильдің төркіні екенін алға тартты.

– Мен өз коллекциямды бүгінгі шараға үлкен қуанышпен алып келдім, шақыртуды қабыл алған соң ұзақ ойланбадық. Нью йорк пен Париж сынды сән мінберлерінде өнер көрсетіп, халықаралық тәжіриюеден өткен соң түркі тілдес халықтардың этникалық стилін жаңғырту өздігінше үлкен мәртебе, – дейді өзбекстандық дизайнер Сафия.

 Шараның «Тайқазан» деп аталуы да кездейсоқ емес. Дәл осы тарихи жәдігердің елге жеткізілуіне кезінде сүбелі үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың еңбегіне деген құрмет,-дейді ұйымдастырушылар. Алдағы уақытта тұрақты өткізу жоспарда бар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы