ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН VI ФЕСТИВАЛЬДЕ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

277 көрілім

Астана қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалі аяқталды. Спорттың 12 түрін қамтыған аламан додаға еліміздің барлық өңірінен іріктеліп келген командалар қатысып, тартысты ойындар өткізді.

Түркістан облысының құрамасы қазақ күресі, жамбы ату, теңге ілу, бәйге түрлері бойынша командалық есепте топ жарып, өздерінің мықтылықтарын дәлелдеді. Ал, аударыспақ, құсбегілік, жекпе-жек спорт түрлерінен командалық 2-орынды иеленді. Сонымен қатар тоғызқұмалақтан әйелдер командасы 3-орынды олжалады. Қалған спорт түрлеріне келсек, көкпардан 5-орын, асық атулае 5-орын, тоғызқұмалақтан ерлер арасында 8-орын, дәстүрлі садақ атудан 12-орын, бес асық құрамасы 11-орынға жайғасты.

Жалпы спорттың түрлері бойынша Түркістан облысы 574 ұпай жинап, жалпыкомандалық 1-орынды иеленіп, VI фестивалінің жеңімпазы атанып, өткен жолғы чемпиондық атақтарын сақтап қалды. 549 ұпай жинаған Астана құрамасы 2-орынды еншілесе, 460 ұпай санымен Жамбыл облысы 3-орынға тұрақтады.

Естеріңізге сала кетейік, Фестиваль 4-10 қыркүйек аралығында өтті. ҚР Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі биыл алтыншы рет өтіп жатыр. Аталған іс-шараны бір жағынан 2024 жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының алдындағы дайындық десе де болады. Асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ сияқты 11 ұлттық спорт түрінен 17 облыстан, 7 қаладан бас-аяғы 1362 спортшы тіркелген. Одан бөлек, 500-ге тарта сала мамандары бар.

«Бұл сын спортшылардың ғана емес, еліміздің барлық өңірлері өзара бақ сынасатын алаң. Яғни, фестиваль нәтижесінде еліміздегі ұлттық спортты жоғары деңгейде дамытып отырған үздік үш өңірді анықтайтын боламыз», деп нақтылады спикер.

Оның айтуынша, фестиваль бағдарламасындағы барлық орындар баллдық жүйемен есептеліп, бірінші орыннан жиырмасыншы орынға дейін барлық аймақтардың деңгейі анықталмақ.

«Кезінде фестиваль бағдарламасында қыз қуу деген өнеріміз де болған. Өкінішке қарай, соңғы кездері біз оны спорт түрінен алып, ойын түріне қосып отырмыз», деді Б. Сәбитов.

Ал өткен жылы ұлттық спорт түріне дәстүрлі садақ ату енгізілген. Сондай-ақ Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының басшысы фестивальге облыстардың қатысу деңгейіне тоқталып өтті. Жаңадан құрылған Ұлытау және Абай облыстарынан қатысушылар төрт спорт түрінен ғана келсе, Алматы қаласы мен Ақтөбе облысынан 6 спорт түрінен ғана келіп отыр. Дегенмен, Б.Сәбитов ұлттық спорт түрлерінің дамуы қазіргі кезде біркелкі сипат алып келе жатқанын айтты. Яғни, еліміздің тек қана оңтүстігі емес, солтүстігі, шығысы мен батысының бәрінде бір деңгейде мүмкіндік бар.

Б.Сәбитов жанкүйер болу арқылы адамдар ұлттық спорттың дамуына үлес қоса алатынын атап өтті.

«Ұлттық спорт жанкүйерлерін 10 қыркүйекке дейін Қазанат ипподромында, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «Қазақстан» жеңіл атлетика манежінде, сондай-ақ «Аспан» спорт кешенінде күтеміз», деп түйіндеді ол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы