Тамыз айы басталысымен ата-аналар жаңа оқу жылының қамына кірісіп, балаларын мектепке дайындай бастайды. Осы уақытты тиімді пайдаланып қалғысы келетін саудагерлер де нарықта бағаны көтеріп, көпшілік ата-аналарға ауыртпалық болары анық. Әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін баланы мектепке дайындау едәуір қаражатты талап ететіні шындық.

Осы орайда Түркістан облысының Келес ауданында «Мектепке жол» атты Республикалық акция ұйымдастырылды. Аталған акция шеңберінде балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы аниматорларлық көріністер қойылып, бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салды. Шара барысында Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев сөз алып, жаңа оқу жылы қарсаңында білім алушыларға сәттілік тілеп, өз құттықтауын жеткізді.

– Балалар біздің болашағымыз. Балаға салынған инвестиция ешқашан артық болмаған. Мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қабылданып оқушылардың сапалы білім алуы мақсатында шаралар атқарылуда. Бүгінгі ұйымдастырылған шара бүлдіршіндерімізге көтеріңкі көңіл сыйлап, көп балалы ата-аналарға аз да болса демеу білдірсек деген ниетте өткізіп отырмыз. Әрбір шаңыраққа шаттық, өсіріп отырған ұл, қыздарыңыз елдің мақтанышы болып, абыройларыңызды асқақтатсын, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Республикалық «Мектепке жол» акциясы Келес ауданы әкімдігінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен аудандық Әшірәлі Кенжеев атындағы мәдениет үйінде өтіп, 100-ге жуық балаға мектепке қажетті құрал жабдықтар салынған сөмкелер таратылды.