ЖАСТАРҒА ТЫҢ СЕРПІЛІС БЕРГЕН ФОРУМ

1  637 көрілім

Ел болашағы жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан, ел тірегі – жастар екенін әсте естен шығармаған абзал. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жолында жастардың атқаратын рөлі зор. Ал, биылғы жыл – “Жастар жылы”. Осыған орай, Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығында өткен шара айтулы жыл аясында жастарға тың серпіліс берген іспетті. 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Түркістан қаласы әкімдігі және «A+A IdeaFabric» продюсерлік орталығының ұйытқы болуымен «DIALOG. SENIM. BOLASHAQQA NYQ QADAM» атты жастар форумы Түркістан қаласында тұңғыш рет өткізілді.


Белгілі продюсер және тележүргізуші Асхат Садырбай мен журналист Динара Бекболаева жүргізген жиында қала әкімі Рашид Аюпов жиналған жастарға бүгінгі форумның маңызы мен мақсатына тоқталды. Түркістан жай ғана қала емес, тарихы тереңде жатқан қала. Қаланың тарихы тікелей ұлы ақын, пәлсапашы Қожа Ахмет Ясауи бабамызбен байланысты. Ол кезінде кәсіппен, ғылыммен айналысып, артында өшпес із қалдырған ғұлама. Бүгінде Түркістан – исі мұсылманға белгілі шаһар. Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі қаламызға ерекше мәртебе беріп, әлемдік деңгейге айналдыруға күш салуда. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылды “Еріктілер жылы” деп жариялады. Сондықтан, жастар келесі жылы да мүмкіндіктерін пайдаланып, белсенділіктерін көрсете алады. Баршаңызға тек сәттілік тілеймін, – деді шаһар басшысы Р.Абатұлы.


Форумның негізгі мақсаты – сырт қалалардан және жергілікті жастар ұйымдары, қауымдастықтар, жеке кәсіпкерлердің басын қосып, олармен тәжірибе бөлісіп, жастардың тың идеяларына ұйытқы, белсенді істеріне бас болу. Форум аясында медиа кеңістікті пайдалана отырып бизнесті қалай жүргізуге болады? Сүйікті ісің арқылы пайда таба аласыз ба? Бизнесті қалай бастаймын? Франшиза дегеніміз не? Бизнеске салатын қаржыны қалай табуға болады? Краудфандинг арқылы 15 000 доллар жинау мүмкін бе? Осы сауалдар төңірегінде белгілі блогерлер командасы TJokers – Жансерик Кадырбаев, StudyON лингвистикалық мектебінің негізін қалаушы – Шахноза Нышанқұлова, жас режиссер және жазушы, комикс салушы Айдие Айдарбеков, қазақстандық Global Coffee жүйесінің негізін қалаушы Аят Әзимов, U:projects негізін қалаушы, әлеуметтік кәсіпкер Тохтар Алимбеков, Кореядағы Қазақстан студенттері қауымдастығының төрайымы, Қазақстан әртістерінің Кореядағы өкілі Әйгерім Бозщиналар өздерінің жеткен жетістектеріне кеңінен тоқталып, Қазақстанда қалай бизнес ашуға болатынын яғни, бизнес жоспарды қалай құрамыз, инвесторларды қайдан іздейміз, тәуекелге бару және алған мақсатыңнан қайтпау жөнінде керемет кеңестерімен бөлісті. Форум жиналған жастар қауымы тарапынан сұрақ-жауап арқылы өрбіді.


Шара соңында қала әкімі Рашид Аюпов келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты екенін айтып, олардың тың идеяларын іске асыруына әрбір қолдау көрсетуге дайын екенін тілге тиек етті. Ал, форумға белсенді қатысушы жастар смартфон, Арбаттан сауда орны, сондай-ақ, Түркістан қаласының логотипі белгіленген сыйлыққа ие болды.
Райымжан ӘЛІБАЕВ,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы