СТУДЕНТТЕР ҚАЛА ӘКІМІНІҢ “АШЫҚ САБАҒЫНА” ҚАТЫСТЫ

1  320 көрілім

Бүгін қала әкімі Рашид Аюпов «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні” мерекесіне орай «Қазіргі Қазақстан, Елбасының көшбасшылығының сабақтары» атты жалпыреспубликалық ашық сабағы аясында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да дәріс өткізді.

Жоғары оқу орнының студенттері белсене қатысқан шарада шаһар басшысы Ұлт Көшбасшысы, сарабдал саясаткер, кемеңгер тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың Егемен елімізде алар орнына тоқталды:
“Елбасы өзіне сенім артқан өз халқын ең бір қиын жылдарда айналасына топтастырып, күрмеуі көп мәселелерді шешуде өмірлік тәжірибемен бекіген төзімшілдігі мен ұстамдылығын, сабырлығын көрсетіп, мықты саясаткер, дара тұлға екендігін көрсетті.

Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын бекітіп, болашаққа бағыт-бағдар берген, мемлекеттің біртұтастығы мен тұрақты дамуының негізін қалап, әлем елдерінің аренасында қазақ өркениетінің жаңа болмысын қалыптастырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз” дей келе, Тұңғыш Президентіміздің халықаралық және ішкі аренадағы алар орнын баса айтып, Тәуелсіз еліміз үшін атқарған маңызды істеріне тоқталып өтті.

Елдігіміздің бойтұмарына айналған мәдени мекенді түлетуге айрықша ниет танытқан Елбасымыз Түркістанға 16 рет келіп, 6 мемлекеттің Президенттерімен Түркістанда ресми кездескен болатын. Бұл тұста Рашид Абатұлы, Елбасы мен Түркістан арасындағы сабақтастықтың өзегі тереңде екенін, рухани шаһарға деген ықыласының ерекше екендігінің арқасында да жаңа облыс құрылып, орталығы Түркістан атанғанын да тілге тиек етті.

50 минутқа созылған ашық сабақта қала әкімі студент-жастарға Елбасы сенім артып жасаған тарихи шешімі үшін барша тұрғын атсалысу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, даңғыл қаланың даму жолымен, болашаққа жоспарларымен бөлісіп, түркі дүниесінің түп қазығы саналған шаһарымызды бірге түлетуге шақырды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы