ШАҺАРДА ЕЛБАСЫ МЕЖЕЛЕГЕН МІНДЕТТЕР ЖАНДАНАДЫ

1  166 көрілім

Бүгін қалалық мәдениет үйінде шаһар басшысы, “Nur Otan” партиясының Түркістан қалалық филиалы төрағасы Рашид Аюповтың төрағалығымен партия мүшелерінің бірлескен жиыны өтті.


2019 жылдың 25 қарашасында Елбасы, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өңірлік партия филиалдарының өкілдерімен кездесу барысында жүктелген міндеттерді орындау және жаңа бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланған басқосуда қалалық мәслихаттың хатшысы Ғ.Сәрсенбаев іске асырар маңызды дүниелерге тоқталып өтті. Өз баяндамасында “Senim. Dialog. Bolashaqqa nyq qadam” атты бағдарламасының іске асу барысы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының тың мәселелері, партия жұмысын халыққа мейлінше оңтайлы әрі жаңа форматта ұйымдастыру мен жауапкершілігін арттыру, мәслихаттардың рөлін күшейту бойынша ойын білдірді. Бүгінде қалалық мәслихатта 17 депутат бар және олардың барлығы “Nur Otan” партиясының мүшелері. Қоғамдағы, әлеуметтік-экономикалық, саяси дамудағы мәслихат рөлін ерекше айтар болсақ, халық қалаулылары осы бастамаларды жүзеге асыруда ерекше рөлге ие екендігін айта кеткен жөн.


Сондай-ақ, филиал төрағасының бірінші орынбасары А.Темірбаев партия мүшелерінің жасап жатқан істеріне тоқталып, Республика аясында жүзеге асқан “Менің Туым, менің Отаным!” акциясы аясында сегіз жерде Ту ілінгенін тілге тиек етті. Жарыссөзде қалалық мәслихат депутаты Айгүл Тілепова мен “Отырар” мөлтек ауданы бастауыш партия ұйымының төрағасы А.Момбеков партия жұмысын жаңғырту бойынша өз ұсыныстарын білдірді.


Кездесуді қорытындылаған шаһар басшысы Рашид Абатұлы өңірімізде 8233 мүше болса, бүгінде оның 700-ге жуығы партия құрамынан шығарылғанын айтты.
Басты себеп – азаматтардың ел мүддесі үшін атқарар қызметтерінің бәсеңдігі. Сондай-ақ, әкім жастар ұйымын жандандыруға назар салу керектігін және осы тұрғыда, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні аясында “Senim. Dialog. Bolashaqqa nyq qadam” атты форум ұйымдастырылғанын тілге тиек етіп, жастарды белсене қатысуға шақырды.


Сонымен бірге, жиылған қауымға тұрғын үй кезегі, білім саласындағы автоматтандыру жүйесі бойынша іске асатын жаңашылдықтармен бөлісті. Мәселен, баланы мектепке беру де, қайта шығарып алу да, тіпті білім ордасына жұмысқа орналасу да автоматтандырылатын болады.


Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы