Биыл еліміздің бірқатар ғалымдары «BR10164268 Қазақстандағы рухани жер асты мешіттерінің тарихы және «Қылует» жер асты мешітін музейлендіру» ғылыми бағдарламасы аясында Келес пен Қазығұрт аудандарындағы жер асты мешіт-медреселерге зерттеу жүргізді. Арнайы жасақталған топ мүшелерінің құрамында тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Тұрсұн, тарих ғылымдарының кандидаты З.Жандарбек, магистр Б.Байболов, экспедицияның аға ғылыми қызметкері С.Шәметов және тағы басқа да ғалымдар болды. Зерттеушілер алдымен Келес өзенінің бойында орналасқан, ХІХ ғасырда қамкесектен салынған Етжемес ишанның жер асты мешітіне барды.
Патшалық Ресей генералы Н.С.Лыкошин Етжемес ишан туралы бір ғасыр бұрын жазбаша дерек қалдырған екен. Ол өзінің «Түркістанда өткен жарты ғұмыр» атты кітабында Етжемес ишанның «дербісанасына» 500 адамға дейін жарлы-жақыбайлар қатысып, тамақтанатынын жазған. Осынша адамды тойындыратындай Етжемес ишанда байлық болмаған. Генерал Н.С.Лыкошиннің айтқанына қарағанда, оның мүридтері мен жеке адамдардан келген сый-сияпаттары қайтадан халықтың керек-жарағына (арық қазу, көпір салу, бау-бақша өсіру, жоқ-жұқаналарға азық-түлік тарқату, т.б.) жұмсалып отырған. «Соның бір жарқын көрінісі – дербісана өткізу еді» дейді Н.С.Лыкошин.
Етжемес ишан Құдайдан құлшылығын үзбеген Баба Шадманқожаұлын, диқаншылықтың шебері болған Салықбек ахун мен Шажүсіпқожаны пір тұтып, бірнеше жыл оларға шәкірт болып, ишандық дәрежеге жеткендігін растайтын қағаз алады. Білімін әрі қарай жетілдіруді мақсат етіп, Ташкентте орналасқан Шайх Зайниддин баба (1164-1269) сағанасындағы сыз әрі қара көлеңкелі қылуетке түседі. Жер бетіндегі тіршілікті тәрк етіп, Аллаға 40 күн мінәжат етеді.
Қазіргі «Сарыағаш» шипажайының батыс жағындағы Құдайқұлдардың ескі қыстауына алғаш көшіп келгенде Етжемес ишан отыз үшке енді ғана толған жігіт еді дейді. Бұл кезде орыстардың Ташкентті қоқандықтардан тартып алғандарына екі жыл болған екен. Генерал Н.С.Лыкошиннің жазбасында Етжемес ишанның төрт жерде жер асты мешіт-қылуеті болғаны айтылған. Соның бірі – Ташкентте. «Ешан бау» деген атпен белгілі болған бұл мешіт «Ешан ата мазарының» күншығыс жағынан қазылған. Етжемес ата осы ауылда талай рет дербісана өткізген. Алланың өзі және оның Құрандағы сөзі туралы жиналғандар алдында уағыз-насихатын жүргізген. Көпшілік болып Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін оқыған, зікір салып, Алланы еске алған. 1872 жылғы Ташкентте, 1892 жылы қазіргі Қызылорда мен Шымкентте оба ауруы тарағанда, Етжемес ишанның оны тоқтату үшін жасаған еңбегі орасан зор.
Келестік көнекөз қариялардың айтуынша, 1867-1882 жылдары Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман Алланың қаһарына ұшырап, өлетін халге жеткенде, Етжемес ишан оны Құран аяттарымен оқып, емдеп жазған. Құранның құдіретін мойындаған губернатор ислам дінін қабылдап, әр жұма сайын Ташкенттегі резиденциясынан Ешан ата имамдық еткен, қазіргі Абай ауылындағы «Ешан Баба» мешітіне келіп, жұма намазын оқыған екен.
Етжемес ишанның жер асты мешіті екі бөлмеден тұрады. Кіреберісіндегі дәліздің ені 3 метр 7 сантиметрді, биіктігі 3 метр 10 сантиметрді құрайды. Ғар бөлмесінің биіктігі – 2 метр 3 сантиметр.
Оңтүстік өңіріндегі ғар бөлмесі сақталған рухани орындардың бірі – шілтен жерасты ғибадат орны. Ол – Қазығұрт ауданы, Тұрбат елді мекеніндегі Исмайыл ата кесенесінен шамамен үш шақырымдай жерде, таудың етегінде орналасқан. Онда заманында Өзбекстанның Ташкент, Наманган, Бұқара, Жизақ және еліміздің басқа өңірлерінен келген сопылар қыстың, жаздың шілдесінде жиналып, қырық күн зікір ғибадатын орындаған. Жер асты мінәжат орнындағы ғар бөлмесі уақыт өте келе топыраққа тола бастағандықтан, жергілікті шырақшылар оны құрсаулап тастаған көрінеді. Сондықтан зерттеушілер ғар бөлмесінің өлшемдерін ала алмады. Ғалымдар ғардың ішкі бөлмелерін аршу үшін археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қажет екенін айтады.
Қазығұрт ауданы, Тұрбат елді мекенінде Исмайыл ата кесенесінің оң жақ беткейінде ескі мешіттің орны сақталған. 1930-1940 жылдары аталмыш мешіт бұзылып, кірпіштері басқа ғимараттарға пайдаланылған. 2018 жылы Исмайыл ата кесенесінің шырақшылары мешіт орнын анықтап, оның Түркістандағы Құмшық ата жер асты мешітіне ұқсайтынын айтады. Ол жерден бір-біріне жапсарлас салынған жерасты екі бөлме мен ғарға ұқсас бөлмені байқауға болады. Кеңес уақытында таулы аймақтарда қыс мезгілінде жердің тоңы қалың болғандықтан, жергілікті тұрғындар жер асты құрылыстарында мәйітті көктемге дейін сақтаған. Көктем шыға оларды Исмайыл ата маңындағы қорымға әкеп жерлейтін болған. «Зерттеу нәтижесінде бұл жер асты мешітінің сопылардың қырық күн бойы Аллаға мінәжат ететін орны болу керек деген қорытындыға келдік» дейді зерттеушілер.
2021 жылы Түлкібас ауданына қарасты Абай ауылына «Ясауи ізімен» атты тақырыпта ғылыми экспедиция жүргізілді. Шара аясында сопылардың мінәжат орны болған тағы бір жер асты мешіті табылды. Абай ауылының тұрғыны Досжан Қыдырәлі:
«Заманында Байғара би, Құнанбай қажы бастаған ел тұтқалары Түркістаннан бір топ қожа-молдаларды Шығыс жеріне алдырып, балаларға діни білім беру жұмысын үйлестіреді. Сол шығыс жеріне қоныс аударған Шахи Ахмет ишан атақонысы, Түлкібас ауданына қарасты Абай елді мекеніне тұрақтап, мешіт-медресе салғызады. Жылына бір рет Аппақ ишан, Етжемес ишан сынды діни тұлғалар шәкірттерімен осы жер асты мешітіне жиналып, құлшылық жасаған. Шахи Ахмет ишан Созақ жеріне қоныс аударып, ұлы Сапар Мағзұмға мешітті басқаруды тапсырған екен. Жер асты мешіті мен медресесін Шахи Ахмет ишан салғызған болуы ықтимал. Молдалар жер асты мешітіне 30-40 адам болып түсіп, діни ғибадаттарын орындаған. 1890-1910 жылдары Н.Шабуров бастаған орыс әскерлері жер асты мешіті мен медресесін бұзып, қожа-молдаларды қудалаған. 1926 жылы Сапар Мағзұм Абай ауылына қайта оралып, мешіт-медресе орнынан мектеп салдырған. Ол 1970 жылға дейін бастауыш мектеп ретінде жұмыс істеген» дейді.
Ал, өлкетанушы А.Қабден-Кәрім «Шахи Ахмет – әйгілі Байғара бидің ауылында Аягөз, Тарбағатай өңіріне ілім таратқан ғұлама, Бұқара, Уфа сопыларынан білім алған зиялы. Ол патша өкіметі тарапынан қуғындалып, итжеккенге айдалады. Халық тақуаны мал жинап, соңынан іздеп барып, абақтыдан шығарып алады. Ол кісі Тройцк арқылы Аягөзге аман-есен оралады. Кейіннен қуғын-сүргіннен бой тасалап, Созақ өңіріне орналасып, рухани ілімін жая түскен. Оның баласы Сапар Мағзұм Түлкібас ауданының Көкбұлақ елді мекеніне келіп, діни-ағартушылық қызметтер атқарған. Көкбұлақтағы ауыл қарияларының айтуынша, дінге қарсы атеистік көзқарас орнағанға дейін осы ауылда жұма сайын жан-жақтан машайықтар жиналып, мешіт құжырасында зікір салып, ауру-сырқауларды шілдеге салатын орын болған екен» деп жазды. Түлкібас ауданы, Абай ауылында орналасқан бұл жер асты мешітінің ұзындығы шамамен 8 метрді, ал, ені 7 метрді құрайды.
Сөзіміздің соңында Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты оңтүстік өңірдегі жер асты мінәжат орындарына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, олар тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қарауына алынса дейміз. Сонда бүгінде ұмыт бола бастаған әрбір жер асты мешіті рухани туризмнің дамуына өз септігін тигізер еді.
Берік БАЙБОЛОВ,
«Әзірет Сұлтан» музей-қорығы ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы.
Түркістан қаласы.