ШОЙЫН ЖОЛДА ШЫНЫҚҚАНДАР

901 көрілім

Алыс жолға сапар шегіп, ұшы-қиыры жоқ кең даланы көзбен көргісі келген жан үшін пойызға міну нағыз романтика. Бұл өзінің тұрмыс-тіршілігі қайнап жатқан құдды бір жеке мемлекет дерсің. Өзінің басшысы, өзінің халқы бар темір тұлпардың өмірі жайлы біздің білеріміз аз. Қарапайым жолға шыққан жандар көре бермейтін, көрсе де қызметінен бейхабар талай маман тер төгеді бұл салада. Сіз бен біз білетін тепловоз жүргізушісі, вагондағы жолсерік, темір жол вокзалындағы хабарлаушы, тіпті жүйіткіген пойыз вагондарының дөңгелегін ұзын сапты балғамен тексеріп жүруші азаматтардан бөлек жүздеген, тіпті мыңдаған адам біздің жайлы қозғалысымыз үшін тоқтаусыз қызмет жасап жатыр.

Елімізде тамыз айының алғашқы жексенбісі – теміржолшылар күні. Төрт қақпалы Түркістан қаласы ежелден-ақ батыс пен шығыстың жолын жалғаған Ұлы Жібек жолының бойындағы киелі шаһар екені белгілі. Сондықтан да, атаулы мерекенің біздің қалада ерекше тойлануы орынды. Кәсіби мейрамын тойлағалы отырған сала мамандарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Қазақстан темір жолы тарихында ойып тұрып алар орны бар, түрленген Түркістанның өсіп-өркендеуінде өлшеусіз еңбек сіңіріп отырған ұжым «Түркістан локомотив пайдалану депосына» арнайы бас сұқтық.

Депоның тарихы сонау ХХ ғасырдың басында басталған. 1900 жылы Ташкенттен Орынборға дейінгі аралықта теміржол құрылысын салу мәселесі қаралып, сол жылдың күзінде шойын жол құрылысы басталып кеткен. Нәтижесінде, 1901 жылдың 26-сәуірінде Ресей патша үкіметінің Мемлекеттік Думасында алдын-ала бекітілген екі бағыт бойынша, яғни шығыста Орск-Торғай және батыста Илецк-Ақтөбе-Шарқар-Қазалы арқылы шойын жолдар із сала бастаған. Аталған бағыттар бойынша жол құрылысы 8 учаскеге, ал әрбір учаске 3-4 дистанцияға бөлініп, 566 құрылыс, 42 станса, 1 разъезд және Илецкінің тұзды өнеркәсібіне тоқтайтын пункт салынды. 1904 жылы 1-ші қаңтар күні Орынбор-Қазалы телімі пайдалануға берілсе, 1905 жылы 5-қаңтар күні солтүстік және оңтүстік бөліктерін қосу құрылысы Ташкент-Қазалы телімі бойынша түгел бітті. Дәл осы магистральда жолаушылар және жүк пойыздары қозғалысын бастаған күні, Түркістан стансасына жаңа ғасырдың жаршысындай болып Е 511 сериалы паравозымен бірінші пойыз келген. Бұл тарихи оқиғаны көзбен көргендер жайында депо мұражайында күні бүгінге дейін тарихи жәдігерлер сақталып тұр. Магистраль құрылысы аяқталар тұста қиындықтарға қарамастан Түркістанда темір жол торабының негізгі нысандарымен қатар паравоз депосы да пайдалануға берілген.

Ендігі кезекте ғасырдан аса уақыт бойы тоқтаусыз қызмет жасап келе жатқан депоның бүгінгі тынысы жайында айтсақ. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы «ГП-Шымкент бөлімшесі» Түркістан локомотив пайдалану демпосында бүгінгі таңда 322 адам жұмыс жасайды. Оның 22-сі нәзік жанды аруларымыз. Күн-түн демей тер төгіп, экономиканың күре тамырына баланған шойын жолдың бір сәтке де тоқтаусыз қызмет жасауы осы азаматтарға тікелей байланысты. Сондықтан, ерен еңбектері де елеусіз қалмауы маңызды. Жасаған жұмысының жемісін жеп, құрметке ие болғандары да аз емес. Ақтарып айтар болсақ, бүгінгі таңға дейін Асылхан Исабеков – «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталса, 2022 жылы «Қазақстан темір жолының – 25 жылдығы» төсбелгісі 16 азаматқа табысталған. 2010 жылдан бері «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін 7 азамат еншілеген. Сондай-ақ, «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісін 6 қызметкер, «Үздік маман» марапатын да 6 адам кеудесіне таққан. Сонымен қатар, 3 теміржол маманы «Қозғалыс қауіпсіздігі» төсбелгісінің иегері. Бұл тізім алдағы кәсіби мереке күні тағы да толығарына күмән жоқ.

Кәсібін сүйген әр азамат үшін ең жоғары марапат ол – елдің алғысы. Тарихы тереңге кеткен локомотив депосы қарапайым қала тұрғындарынан да өз бағасын алып үлгерген мекеме. Себебі, бұл салада қызмет жасап жүрген жандар «Әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген мақалдың қыр-сырын ұғынған азаматтар. Олай деуімізге қаннан сіңген қызметті дәстүрге айналдырып, аталары мен әкелері атқарған жұмысты бүгінгі ұрпағының жалғастыруы дәлел. Мәселен, Түркістан локомотив пайдалану депосының басшысы Мақсат Танкеевтің өзі бабалары бастаған істі жалғастырушы. Ол тоғыз жолдың торабы Арыс өңірінің тумасы. Екі жарым жылдан бері біз сөз етіп отырған мекемеде басшы болып қызмет атқарады. Мақсат Бейсенханұлы кәсіби мансабын алғаш 26 жыл бұрын темір жолдың торабында слесар болып бастаған. Ширек ғасырдан аса уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан азамат өзі сүйіп таңдаған мамандығынан бір сәтке болса да жалықпағанын мақтанышпен айтады.

«- Ең алғашқы мақсат: қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы міндетті бұлжытпай орындасақ жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Әр маман өз жұмысына адал болса, өзіне жүктелген тапсырмаларға ұқыптылық таныта білсе, біздің ұжымның алмас қамалы жоқ деп ойлаймын. Алғаш темір жол саласына слесар болып орналасқан кезде кезекшілерге қарап қызығатынбыз. Өздеріне жарасымды формасын біздің де киіп көргіміз келетін. Адал еңбегіміздің арқасында сол арманымызға да жеттік. Осы орайда, біздерге, жас буынға ақыл-кеңесін аямай жүрген ардагер ағаларымызға алғыс айтқым келеді. Біздің білмеген тұстарымызда жол нұсқап, үнемі ақ батасын ақтарып жүрген осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ардақты ардагерлерді, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, маңдай терін аямай төгіп жүрген әріптестерімді айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!» – деді Түркістан локомотив пайдалану депосының басшысы.

Түркістан темір жолының тағы бір алтын діңгегі – «Қазақстан темір жолы-жүк тасымалы» Түркістан станциясы ЖТ Шымкент бөлімшесі. Бұл жерде шойын жол вокзалына табан тіреген әрбір пойыздың келуі, әрмен қарай аттануы, жолаушылардың жай-күйі, сонымен қатар, ең негізгісі жүк тасымалының сапасына жауап береді. Осы мекеменің басшылығы арқасында қарт қаланың кәсіпкерлігі өрге дөңгелеп тұр деу артық айтқанымыз емес. Шаһарға келетін тонна-тонна көмір мен мұнай өнімдері, барлық тұрмысқа қажетті шикізат тасымалдау Түркістан станциясының жұмысына тікелей байланысты. Сондықтан, журналистік зерттеу барысында осы мекемеге де ат басын бұрмай кетуіміз әбестік болар еді.

Қайнаған қызу жұмыс. Күніге 30 жүк пойызы, 10-нан аса жолаушылар пойызын қабылдайтын станцияда бір сәт дамыл тауып, босаңситын уақыт жоқ. Күрделі операция жасалынып жатқан ота кабинеті сынды әркім өз жұмысын жетік меңгерген. Бұл жерде әр секунд маңызды. Әр жүрдек пойыздың қай жолға қабылданып, қанша уақыт тоқтап, ақауының жоқтығы анықталған соң, қайта сапарға шығып, алыс жолдарға аттанып кетуі ұқыптылық пен жауапкершіліктің, сайып қырандай қырағылықтың болуын талап етеді. Мұндағы мамандардың өзі: «-Біздің жұмыс кино режисерының қызметі секілді. Кадр сыртында қалып, өлшеусіз еңбек еткеніңмен, барлық атақ басты рөлдегі актерларда» – деп әзілдейтін көрінеді.

Біз сөз етіп отырған Түркістан станциясында 110 қызметкер тер төгеді. Ерең еңбегінің арқасында абыройы асқақтап, түрлі деңгейдегі марапатқа ие болған азаматтар да бар бұл тізімде. Екінің бірі еншілей бермейтін «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері вагон қозғалысын реттеуші болып жұмыс жасайтын Ералы Сариев, сонымен қатар, өзге де марапаттардың иегерлері парк бойынша кезекші Абжаппар Күсембаев, станция бойынша кезекші Пернебай Тәңірбергенов, Баян Сүлейменова секілді мамандар мекеме мақтанышына айналған. Ал, 2022-2023 жылдары құрам 70 пайызға жаңарып, жас буын жаңа леп алып келген. Заманның талабына сай цифрландыру жүргізіліп жатқан бұл сала үшін білімді жастардың көбеюі үлкен қуаныш. Айта кетейік, дәл осы жүйенің өз қызметін арттыруы нәтижесінде штат саны қысқарып, көптеген жұмыстардың компьютер көмегімен реттелуі арта түскен. Алдағы уақытта да, заманауи технологияларды көбейтіп, қызметті оңтайландыру басты мақсат. Осы орайда, өзгерістерден тайсалмай, қоғам қажеттілігіне сай еңбек етуін жалғастырып, Түркістан станциясының өзгелерден оқ бойы озық болуына бастамашы болып жүрген мекеме басшысы Қадыр Сырлыбековті айтпай кетуге болмас. Ол осы саланың нағыз майталманы. 35 жылдық еңбек өтілі бар азамат көрген-білгенін жастарға үйретуден, білмегенін сала ардагерлерінен үйренуден жалыққан емес.

Станцияның күнделікті қызметі мен тіршілігі жайында Түркістан станциясының бас инженері Данияр Нұрмахамбетов баян етті. Ол киелі Түркістандағы шойын жолдың қызығы мен қиыншылығын көзбен көріп, іспен сезіп жүргеніне 11 жылдан асқан білікті маман. Алғашында «өзге істің шебері боламын» деген оймен өзге мамандыққа оқуға түскен азамат сыныптастарының үгіттеуімен теміржолға бет бұрған. Қазір өз таңдауына өкінбейтін жігіт әулеттегі алғашқы теміржолшы екенін мақтан тұтады.

«-Кез-келген жұмыстың өз қиындығы бар. Кейде жұмыстан шаршап, қажитын кездеріміз де болады. Бірақ, Алланың қалауымен жасап жатқан қызметіміз елеусіз қалып жатқан жоқ. Бабаларымыз: «Жас кезіңде бейнет көрсең, қартайғанда зейнет көресің»- деп бекер айтпаған. Алдыңғы буын ағаларымызға қарап, біздің де өз зейнетімізге жетерімізге сеніп, жаңа күшпен еңбек етіп жүре береміз»- дейді Данияр Дүкенбайұлы.

Иә, әр жұмыстың өз қиындығы бар. Жоғары да айтқанымыздай пойызға міну қарапайым жолаушы үшін – романтика. Ал, бұл салада тер төгіп жүргендер үшін – үлкен жауапкершілік. Егемен еліміздің дамуында маңызды рөл атқаратын теміржолға шыққан кезіңізде біз айтқан азаматтардың еңбегін естен шығармаңыз. Себебі, дәл қазір Қазақстан темір жолында 150 мыңға жуық азамат сіз бен біз үшін күні-түні ұйықтамай жұмыс жасап жатыр.

Досхан ТӨЛЕГЕНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы