ТҮРКІСТАН ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІНІҢ ШЫРАҚШЫСЫ

321 көрілім

Киелі Түркістанға еңбегі сіңген біртуар азамат, көсемсөзші, ақын Нұрмахан Назаров атамен әңгімелесудің сәті түсті. Сексеннің сеңгіріне аяқ басқан ата қолына таяқ ұстағаны болмаса, тың қалпында әңгімесін байыппен айтады, тереңнен толғайды…. Тереңдей түскен әжімдері өнегелі өмір жолынан шежірелі сыр шертіп тұрғандай…

Ұзақ отырып қалдық. Әңгімені кейін жалғастыратын болдық.

-Балам, – деді Нұр ата, – мені облыстық мәдениет басқармасына апарып тастасаң болар еді…

Бұл тынымсыз жанның әлі де сан алуан ой ұшқындарының жетегінде жүргенін аңғартқандай. Қасиетті шаһардың көкорай көкжиегі атамызға қол бұлғап тұрғандай күйге түстік…

Атамыздың кезінде жарық көрген «Түркістаным – тағдырым», «Туған жерді сүю», «Түркістанға тағзым ет», «Тұңғыш қазақ елшісі» атты кітаптарын ақтарып шыққаннан кейін ол кісінің қасиетті Түркістанды бойтұмардай қастерлеп, пір тұтатынына айқын көз жеткізгендей болдық. Аталған дүниелердің бәрі де киелі мекенге арналған. Нұрмахан ата киелі Түркістанды ғұмыр бойы жырлаумен келеді. Жан-жүрегінің от-жалыны. «Менің Түркістаным» деп алаулап тұрғандай! Осынау киелі мекенді өмірінің мәні, жарық жалғанның сәні, күллі мұсылман қауымының қастерлі бойтұмары деп біледі. Атамыздың ғұмырлық ұстанымының, тағдырының тек Түркістанмен тығыз байланысып жатқанына шүбәсіз сенесің. Атаның «Түркістаным тағдырым» және «Туған жерді сүю» атты кітаптарындағы өлең-жырлары, публицистикалық жазбалары Түркістанға, Қазақ еліне, исі қазаққа, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікке толы патриоттық қайраткерлігін паш етіп тұрғандай. Жан-жүрегін жарып шыққан дүниелері ыстық леп, от сезіммен өрнектеледі. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын киелі мекеннің абыройын асқақтатуға арнап келе жатқан атамызды «Түркістанның шырақшысы» деуіміздің астарында терең мән жатыр деп ұғамыз…

Ақын ата «Түркістаным – тағдырым» кітабының беташары ретінде «Түркістан гимні» өлеңінде:

Жоңғар шауып, Қоқан қысып бір тұстан,

Сансыратты сан соғыстар қырқысқан.

Қасіретті аз тартпаған қан жұтып,

Қасиетті қара шаңырақ Түркістан! – деп бастап:

Ақындар мен кемеңгерлер мекені,

Даңқың талай ғасырларға жетеді.

Адамдарда арман сірә, бар ма екен,

Сүйіп өскен сендей сұлу өлкені!, – деп аяқтайды.

Қасиет дарыған киелі Түркістанның әр тасы мен бұтасын бойтұмардай қастерлеп, пір тұтатын қарапайым жандардың арасында Нұрмахан атаның алар өзіндік орны ерекше екеніне ешкім де дауласа қоймас. «Ақындығы азаматтығына сай, ақындығы азаматтығына қуат берген ағамыз Нұрмахан Назаровтың»… (Әліпбек Шәріпбекұлы) ежелгі Түркістан жайлы тебіреніс-толғаныспен жазылған жыр жолдарын құдды бір інжу-маржан дерсің!

Нұрмахан атаның Алматыдағы «Әрекет-Принт» баспасынан жарық көрген «Түркістанға тағзым ет» және «Тұңғыш қазақ елшісі» атты кітаптарын ақтарып шыққан соң бізді жоғарыдағыдай ойлардың баурап алғанын жасыра алмаймыз.

Тәуелсіздік түлетіп,

Тойын жасап гулетіп,

Түркістан тұр, түркілер.

Туыстығын ту етіп…, – дей келе ақын,

Демеп өзі хақ тағалам,

Көрсем сөйлеп азды-көп.

Түркі атын сақтап қалған,

Түркістанға тағзым ет, – деп ағынан жарылады.

«2017 жыл. Түркі халықтарының Мәдени астанасы – Түркістан» Халықаралық мейрамына арналған «Түркістанға тағзым ет» кітабында автордың «Түркі Отаны – Түркістан» тақырыбына арналған өлең-жырлары мен әдеби-көркем дүниелері топтастырылыпты.

Әдетте ақын жандар туған елге, жерге бірлі-жарым ғана арнау өлеңдерін жазады. Ал, Нұрмахан ата болса киелі Түркістанын ғұмыр бойы жырлаумен келеді. «Мен өмірді Түркістан деп сүремін» деген мына жыр жолдарында былайша ағынан жарылады. Оның өмірлік кредосының «Түркістан» екеніне риясыз сенесің.

Туған жерден жоғары,

Елді, жерді білмедім.

«Түркістан» деп соғады,

Менің әзіз жүрегім.

Құзырына Алланың,

Өтсем, келіп реті.

Жанарымда қалады,

Көк күмбездің суреті!

Түркістанда түледім,

Түркістанда гуледім.

Мен өмірді қуана,

Түркістан деп сүремін!

Нұрмахан атаның «Түркістанға тағзым ет» кітабындағы өлең-жырларының тақырыптарының өзі атойлап тұр. Бір сәт бағамдап қараңыз: «Қазақстан республикам – жан анам!», «Сен үшін туған Отаным», «Тәуелсіздік», «Түркістан гимні», «Көк байрақ қолдан түспейді», «Қарашаңырақ – Елтаңбам», «Әнұраным – Елұраным», «Мәртебеңді берген күн!»…

Енді атаның «Түркістан – менің тағдырым» деген мына өлең жолдарындағы шексіз махаббатына назар аударайық:

Әрім де, нәрім – ән жырым,

Шуағым, бұлттар, ән жырым.

Жан нұрым, жауһар ар-нұрым,

Түркістан – менің тағдырым!

… Атан жілік қолыма,

Ұстатпадың дегем жоқ.

Өлсем шындық жолында,

Сенен басқа егем жоқ.

Міне, бұл шын жүректен шыққан махаббат ұшқындары!

Қазақ елін мекендейтін әрбір жанның бойындағы туған жерге деген сүйіспеншіліктің Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласуы, табиғи құбылыс. Әрбір қазақстандық, әр қазақ өз елінің, өз жерінің патриоты болуға міндетті. Патриотизм өз тарихы мен тамырын білумен тікелей байланысты. Осылай десек, ұлттық патриотизмнің жарқын үлгісін Нұрмахан атаның шығармашылығынан айқын көруге болады. Иә, атамыз нағыз ұлт патриоты, қасиетті Түркістанға туын тіккен, өсіп-өнген әзіз жүректі жан. Киелі шаһарға арнаған жыр жолдары тақырыптарының өзі адамды баурап алып, терең ойларға жетелегендей. Бір сәт зер салайық: «Жәдігер қала», «Жаса, жаса, жан Түркістан», «Түркістанда ұлы күш», «Мәртебеңді берген күн!», «Әзіреті Түркістан», «Түркістан менің тағдырым», «Туған жерге», «Есім хан бейіті», «Әзіреті Түркістан шапағаты», «Түркістан музейінде», «Тайқазан», «Түркістанды Гүлстанға айналдыр», «Түркістанды айналып өтпеңдер», «Түркістандай ел қайда»…

Адамзат баласы тарихындағы түркі әлемі деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Қазақ хандығының астанасы болған ежелгі Түркістан тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түркі халықтарының рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Түркістанды өзінің тарихи орнына сәйкес биікке көтеру бүгінгі басты міндет болып табылады. Соның бірі – Түркістан қаласына айрықша мәртебе беру мәселесі. Бұл түркістандық ақын атамыздың жүрегіне тыншу берген емес.

«Түркістанға тағзым ет» кітабында Нұрмахан ақынның Түркістан өңірінде кіндік қаны тамған қазақтың біртуар асыл азаматтарына арнаған «Нәзір Төреқұлов», «Сұлтанбек Қожанов», «Саттар Ерубаев», «Нұртас Оңдасынов», «Өзбекәлі Жәнібеков», «Абыз», «Міртемір» өлең-жырлары жүрек тебірентеді.

Нұрмахан атамыздың аталмыш кітаптағы «Тәуелсіздік тарихындағы Түркістан» тақырыбымен берілген көлемді тарихи очеркі назар аударады. Еңбекте Х ғасырға дейін Шауғар деген атпен белгілі болған Түркістан қаласының қазірге дейінгі тарихы жүйелі түрде көрініс тапқан.

Әрбір халықтың баршаға ортақ қасиетті жерлері болады. Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыру тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтынын айтады. Қасиетті Түркістан мен ұлы баба Ясауи егіз ұғым. Ұлы ақын-әулиені рухани көсем санаған мұсылмандар тоғыз жүз жылдан бері оның ілімімен бірге жасап келеді.

Орта ғасырдан бұл заманға жеткен әлемдегі ең үлкен қазанды кезінде Әмір Темір Түркістанға таяу Қарнақ ауылында жасатып, өзі салдырған Ахмет Ясауи кесенесіне сыйға тартқаны белгілі. Бес ғасырдан бері қойған орнынан қозғалмай, қазандық бөлмесінде тұрған жәдігер қазан 1939 жылы Санкт-Петербургтегі көрмеге қойылған болатын. Тайқазанның қалай, қайтып оралғаны жөнінде қисынды-қисынсыз хикаялар аз емес. Нақты шындық сол, жәдігер қазанды мавзолейге қайтаруға алғашқылардың бірі болып қозғау салған, басы-қасында алаөкпе болып жүрген 1988-1995 жылдары «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайында директор қызметін атқарған Нұрмахан Назаров болатын.

-Тайқазанның туған Отанымызға оралуына ең алғаш мұрындық болған көрнекті мемлекет қайраткері, Алаштың ардақты азаматтарының бірі, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков еді, – деп еске алады Нұрмахан ата. – Мавзолей кешенін түгел музейлендіруге теңдессіз еңбек сіңірген Өз-ағам болатын…

Нұрмахан атаның «Тұңғыш қазақ елшісі» атты кітабы қазақтан шыққан тұңғыш елші, аса дарынды саясаткер, Кеңес Одағының Сауд Арабиядағы тұңғыш елшісі, сол дәуірдегі Одақтың ең маңдайалды дипломаттарының бірі аталған Нәзір Төреқұлұлы туралы сыр шертеді. Материалдар мен шығармаларды жинақтаған, құрастырып, баспаға әзірлеген Нұрмахан Назаров.

Қазақ халқының тарихында шолпан жұлдыздай жарқыраған Нәзір Төреқұловтың есімін елімізге оралту Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғана қолға алынғаны белгілі. 1993 жылы «Ана тілі» газетінде журналист-жазушы Жолтай Әлмешовтың «Нәзір» деген мақаласы жарияланғаннан кейін Түркістанда «Нәзір» қоры құрылады. Бұл қорды құруға бастамашы болған әрі жетекшілік жасаған Нұрмахан Назаров еді. Қордың жұмысына басшылық жасаған Нұрекең Нәзір қызмет еткен Ташкент, Қоқан қалаларында әлденеше рет болып, мұрағаттар мен кітапханаларда зерттеу, материалдар іздеу жұмыстарымен үзбей айналысты. 1994 жылы жинаған материалдарының негізінде Шымкент қаласындағы өлкетану музейінде Нәзір Төреқұловқа арналған тұңғыш ғылыми-практикалық конференцияны да ұйымдастырған атамыз болатын. Осы жиынға қатысушылар Н.Назаровтың Нәзір Төреқұлов жайында жазылып, «Егемен Қазақстан», Халықаралық «Түркістан» және «Жас Алаш» газеттерінде жарияланған үш бірдей мақаласымен танысқан еді.

Тұңғыш қазақ елшісі, Алаш ардақтысы Н.Төреқұловтың есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қыруар шаруа атқарылды. Айталық, Түркістанда Нәзір музейі құрылды, Мешіт бой көтерді, орта мектепке Нәзір есімі берілді, «Дипломат» кітап үйі ашылды, үлкен көше Н.Төреқұлов атымен аталды, «Әдебиет және өнер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырылды. Осы ізгілікті істердің басы-қасында Нәзіртанушы атанған Н.Назаров жүрді. Нұрмахан атаның Нәзірге арнаған жыр жолдары қаншама!

Саңқылдаған сахарамның қыраны,

Сенсің қалған өмірімнің жыр-әні.

Есіміңді есіне алар елің де,

Ұрпақтарға жеткізерміз мұраңды, – деп толғайды өлеңдерінің бірінде.

Қызметін ауыл мұғалімі болып бастаған Нұрмахан атамыз қазір түркістантанушы атанған. Бүкіл ғұмырын мәдениет саласына арнап келе жатқан ол кісі кезінде мектеп директоры, мәдениет үйінің директоры, қалалық партия комитеті мен атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, Әзірет Сұлтан, Саттар Ерубаев және Нәзір Төреқұлов музейлерінің директоры болған. Талай жылдардан бері «Әзіреті Түркістан» газеті мен «Түркістан нұры» журналын өз қаржысына шығарып, тегін таратып келді.

Ағаның екі кітабын тағы да парақтап отырмыз. «Соңғы қайырым» айдарымен берілген «Бұдан өзге не сөйлейін Түркістан» деген өлеңі ойға қалдырды. «Соңғы қайырымы несі» ағамыздың?» дей отырып, жыр жолдарына үңілдік.

Біткенше дем жырласам деп – арманым,

Тағдырыңды толғай өтіп барамын.

Шырылдатып шыбын жанды сен үшін,

Тақымыңа толмай кетіп барамын.

Бұдан өзге не сөйлейін, Түркістан?! – деп ағыл-тегіл ақтарылады ағамыз. Қимастыққа, өкінішке толы бір мұң…

Ақын ата Түркістанды ессіз сүйіп, жырлаумен қатар өзі қызмет еткен жылдары киелі шаһардың даңқын асқақтату жолында қаншама тер төкті десеңізші! Ежелгі қасиетті қаланың лайықты мәртебесіне ие болуын жаңғыртып, көтеруге бағытталған өзекті мақалалары республикалық, облыстық басылымдарда ұдайы жарияланумен болды. Осы тұрғыда ресми орындарға талай-талай хаттар да жазды. Олардың бәріндегі негізгі ой «Түркістандай қалаға дербес мәртебе беру ең алдымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік бедел-абыройы үшін керек. Қазақ халқының рухани-мәдени, саяси келешегі үшін керек. Сайып келгенде, еліміздің тәуелсіздігі бекіп, беріктене түсуі үшін керек» деген жолдарға келіп саяды.

Қазір Нұрмахан ата өзін бақытты санайды. Қасиетті Түркістан облыс орталығына айналды. Уақыт өткен сайын жасарып, жаңғырып, түрленіп келеді. Шаһардың қазіргі келбеті қандай ғажайып! Көркіне көрік қосқан киелі қаланың таяу арада еліміз ғана емес, күллі түркі әлемінің мәдени және тарихи Елордасына айналатынына түркістандықтар сенімді.

Материалдың басында таяғына сүйенген атаның облыстық мәдениет басқармасына жол тартқанын айтып едік. Киелі Түркістанның қазіргі мәселелері жайына тыншу бермейді-ау. Шаршамаңыз, Нұрмахан ата! Армандар орындалады!…

Ысқақ САДЫҚ,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы