ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ СУ ҚОЙМАСЫНА ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛМЕГЕН

Майданталдағы диқандар қауымына жылда ағын су жетіспейді. Оның екі себебі бар. Бірі – «Майдантал су» қоймасындағы судың күзге жетпей таусылып қалуы және ағын су келетін бетонды арықтардың тозығы жетуі. Соған байланысты «Тұран Су» мекемесіне ауыл тұрғындарынан «Майдантал» су қоймасын тиімді пайдалану және егістік алқаптарын суару мақсатында бетонды (лотоктарды) арналарын жөндеу жұмыстарын жүргізсе деген ұсыныс түсіп отыр.
Алайда, кемелденген социализмнің соңғы жобасы осыдан 45 жыл бұрын пайдалануға берілген су қоймасына бұған дейін мүлдем күрделі жөндеу жүргізілмеген. 1978 жылы пайдалануға берілген «Майдантал» су қоймасының сыйымдылығы 9 млн текше метрге дейін барады. Алайда, ағын судың ысырап етілуі жылма-жыл жалғасып келеді. Иелік ететін мекемелердегі бақылаудың кемшіндігі салдарынан болуы мүмкін деген оймен жауапты мекемелердің басшыларын сөзге тарттық.
– Мен Пернехан Шардарбековпын. Мен 1991 жылдан бері осында қызмет етемін. Бұрын энергогидрометр қызметін атқардым. Тоған «Тұран Су» мекемесіне 2022 жылы өткелі, қазаннан бері бөлімше басшысы болып қызметке келдім. Менің кезінде айлық-сыз қызмет еткен жылдарым да болды. Мен бұрын қызмет еткен жылдары арығы таза болмаса, ауылдастарыма қандай сотқа барса да, суды бермейтінмін. Себебі, арықтардың таза болмауы салдарынан берілген елу литр судың жиырма литрі ғана егіске жетуі де, жетпеуі де мүмкін. Егін осындай жағдайдан кейін күнге күйіп кетеді. Үнемсіздік белең алып тұр. Қазір арықтар таза емес, қамыс, арамшөп басып кеткен. Тасарықтар (лоток) шұрық-тесік, ескірген. Менің ойымша тоғаннан жіберілген судың кемі мың литрден жиырма литрі жоғалады.
– Суды беру тәртібі, кестесі бар ма?
– Бұрын да да, «Тұран Су» мекемесіне өткелі бері де, инженер гидрометрге келіп, соған қанша литр суды босату жөнінде мөрі басылған құжатпен тапсырыс беріледі. «Тұран Су» мекемесінен рұқсат етіледі. Биылғы жылы да осындай дау-шарға байланысты «Тұран Су» мекемесінің мамандары сегіз мәрте су өлшеуге келді. Есептей келгенде не артық, не кем берген жеріміз болған жоқ. Артық кетсе, асып кеткенде он литр артық берілуі мүмкін. Кем берсек сотқа берулері мүмкін еді.
Бұл жерде су таратушы кооперативтер СТК «Арна» СТК мен «Қаражон» АӨК. Ал, «ИС Жәңгір» ЖШС су пайдаланушы болып табылады. «Тұран Су» мекемесі 1000 текше метрін 19,1 теңгеден беріп отыр. Су таратушы мекемелер әрқайсысы әртүрлі баға қояды. Біреуі 300 теңге, енді біреуі 400 теңге, бірі 500 теңге болуы да мүмкін. Біз олардың тіршілігіне, ішкі ісіне араласа алмаймыз. Оны өздері шешеді.
ЕГІСТІҢ КӨЛЕМІ НАҚТЫЛАНБАЙ, АҒЫН СУ ШАМАМЕН БЕРІЛГЕН

– Мен «Тұран Су» мекемесінің қызметкері Жалғасбек Төлегеновпін. «Майдантал» су қоймасында инженер-гидротехник болып жұмыс істеймін. «Тұран Су» мекемесіне қараймыз. Биылғы жылы тоғанға 8,5 миллион текше метр су жиналды. «Тұран Су» мекемесінің лимиті бойынша алынды.
-Егер де барлық су пайдаланушылар белгіленген лимиті бойынша ағын су алса, неге онда дау-дамай тоқталмай тұр?
– Судың жетіспеушілігінің сыры былай. Жыл басында кімнің қанша гектар жерге егіс еккені есептелген жоқ. Жоба-жобамен, шамамен ғана есептелді.
Біз ауылдың 1555 гектарына осы 8,5 миллион текше метр суды әр айға бекітілген лимитімен таратып бердік. Лимиті таусылған соң, су беру тоқтатылды. Мәселен, «Тұран Су» мекемесінің тапсырмасы бойынша СТК «Арна», «Қаражон» АӨК, «ИС Жәңгір» ЖШС осындай су алады деп белгіленіп беріледі. Олардың барлығы «Тұран Су» мекемесімен келісім-шартқа отырған. Менің ойымша, судың жетпеуі жер көлемі өлшенбегендіктен көптеу бөлініп кетіп қалған деп ойлаймын. Жерді өлшеу ауыл әкімінің қарамағындағы ауыл шаруашылығы бөлімінің құзырындағы нәрсе ғой. Су беру маусымы басталғанға дейін ағын су берілетін яғни егілетін егістің көлемі нақтылануы тиіс болатын. Ол жасалмады.
– Сіздерге суды пайдаланушылар тарапынан мына шаруашылыққа су көп беріліп жатыр. Маған аз беріліп жатыр деген шағымдар түсті ме?
– Менің қызметім тоғаннан суды өздерінің белгіленген нормасына сәйкес, өлшеп шығарып, бөліп беремін. Одан әрі қарай суды тарату кооперативтері іске кіріседі. Сол кезде кезекпенен суарып тұрады. Суды тарату кооперативтерінің ішкі жұмысына біз араласпаймыз.
«ИС Жәңгір» ЖШС жетекшісі Жәңгір Исмайлов: Мәселен, «Қаражон» СТК 350 литр алса, «Арна» СТК 550 литр, қалған суды мен аламын. Менің су алатын жерлерімде әрқайсысында су ағызу бекеттері орнатылған. Біз суды бөліскен кезде, мен су артық кетіп қалмасын деп линейкамен есептеп, әр ағын су алатын үш құлағымда су өлшегіш құралдарым тұр. Ол арқылы мен 50-10 литр судың жоғалғандығын байқап отырмын. Мәселен, 250 литр су алатын болсам, он литрі жолшыбай жоғалды деп есептеп отырамын.
Осында халықтың ұйымдастыруы-мен осы Жалғасбек Төлегеновті жұ-мыстан босатты. Содан «екі ортада не болған?» деп мен араластым. Мұны қаралағандардың ойынша, Жалғасбек Төлегенов маған суды ұрлап береді екен. Бастықпен сөйлестім. «Рейкіден шығып жатқан судың көлемі 1100 литр болса, 500 литрін біріміз, 400 литрін екіншіміз, 200 литрін мен алсам, бұл маған қайдан артық суды бөліп береді?» деп түсіндіріп айтып, араша түсіп, бұл кісінің жұмысында қалуына себепші болдым. Бұл осы биыл болған оқиға.
Мен биыл 1 миллион 700 текше метр суымды іштім. Бірақ шағымданушылар ол лимитімді тез тауысуға мәжбүрледі. Ол кісілерде 1 миллион 200 текше метр су ішуі керек еді. Олар болса, шу шығарып 3 миллион 600 текше метр су ішті. Оларға тиесілі 3 миллион 200 текше метр бекітіліп берілген болатын. Қаражонның өзі артығымен ішті. Менің шамалауымша, 3 миллион 600 текше метр су ішті.
Жалғасбек Төлегенов: Дәптерім үйде қалып қойыпты. «Тұран Су» мекемесінен осы жерге келіп, жеті рет су беріп жіберді. Қалаған уақытында келеді де суды өлшейді. «Қаражонның» да «Ынталының» да өздерінің люктерінің кілті бар. Маған бермейді. Менде кілті жоқ. Ол суды мен қайтіп көбейтіп беремін?
– Лимит біткеннен кейін қанша рет су тоқтатылды? Қанша рет қайта ашуға мәжбүр болдыңыз?
– Үш рет қайта аштым. Алдымен «Арнаның» лимиті таусылды. Жоғарғы жақтан «Арнаның лимиті таусылуына байланысты суды тоқтатыңыз» деген нұсқау келді. Лимиті 3 миллион 200 текше метр еді. Соны тауысып қойды. Содан ауыл тұрғындары шулап, осында келіп, «Қаражонның» лимиті көптеу екен. Кейінірек басқа дақылдарға беремін деген суын халық шулап кеткен соң, бау-бақшаға деп содан бері қарай «Арнаға» бұрдық. Оны «Тұран Су» мекемесінің рұқсатымен жасадық. «Арнаға» қарасқаны үшін қаражондықтарға рахмет.
– Осы ауылда қанша гектар суармалы жер бар? Онда қандай дақылдар егілді. Оған қанша су керектігін білетін мекеме бар ма?
– Ауыл шаруашылығы бөлімі біледі. Биылғы берген мәліметі 1500 гектар суармалы жер бар. «Тұран Су» соған сәйкес су бөлді. Бірақ нақты қанша гектарына егіс егілгені әлі күнге дейін есептелген жоқ.
Жалғасбек Төлегеновтің айтқан мәселесіне орай, «Майдантал» ауылдық округі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне көз жүгірттік. Онда «Майдантал» ауылдық округінің жалпы егістік жер көлемі 2099,8 гектар, егілгені 1470 гектар деп тайға таңба басқандай етіп көрсетілген.
Егілген жер көлемінің көктемде берілген нұсқасы, мамырдың аяғы маусымның басында нақтылануы тиіс еді. Алайда, «Майдантал» әкімдігі тарапынан ол жұмыс орындалмаған.
Ал енді «Тұран Су» мекемесінің мәліметіне қарағанда, «Майдантал» су қоймасына 8,5 миллион текше метр су жиналған. «Майдантал» ауылдық округтің егіс көлемі -1650,52 гектар деп көрсетілген. Оның ішінде жоңышқа 738,52 га, жүгері 20 га, бидай 275 га, жаздық бидай 60 га, бақша 297 га, мақсары 200га, бау 60 гектар.
Осы шаруашылықтағы үш су пайдаланушы «Тұран Су» мекемесімен келісім шартқа отырған. «Қаражон» АӨК 450,52 гектарға 3,10 миллион текше метр су алды. «СТК Арна» 615 гектарға 3,62 миллион текше метр су ішті. «ИС Жәңгір» ЖШС-ның егіс аумағы 585 гектар болса, ол 1,78 миллион текше метр суды тұтынды. Барлығын қосқанда 8,5 миллион текше метр болып шығып отыр.
Ендеше, неліктен қайта-қайта шу шығып, «Тұран Су» мекемесінің мамандары «Майдантал» су қоймасынан ағытылып жатқан ағын су мөлшеріне күдік келтіріп, жеті мәрте келіп, есептеген. Тексеру қорытындысы бойынша, бәрінде судың шамасы лимиттегіден ауытқымаған.
– Бұл үш су пайдаланушымен келісім шартқа отырдық. Бізге берілгені кәсіпорындармен бірінші сәуірге дейін алдын ала жасалған келісім. Бұл жоба мамырда нақтылануы керек еді. Бізге «СТК Арнаның» шаруалары жиі шағым жасағаннан кейін біздің мамандардың қайта-қайта тексеріп отырғаны рас. Біздің басты міндетіміз «Майдантал» су қоймасынан ағытылған судың көлемін өлшеп беру ғана. Әрі қарай ішкі істеріне араласа алмаймыз,-дейді «Тұран Су» мекемесінің инженер гидротехнигі Ерлан Юлдашев.
Мамандардың айтуына қарағанда лимитпен бөлінген суды «Қаражон» АӨК мен «ИС Жәңгір» ЖШС уақытында, тиімді пайдаланып, әр күніне алынған су бойынша күнделікке қолдарын қойып отырған. Ал, «СТК Арна» жетекшісі Қанат Елеуов күнделікке қол қойып су алу орнына, аптасына, кейде оншақты күннен кейін бір-ақ рет келіп, өздерінің суды аз алып жатқандығы жайлы шу шығарып кетеді екен.
– Соңғы дау-дамай кезінде «Майдантал» су қоймасының басында әкімнің туыстары Марат Әшірбеков, Балтабай Ахатов, Мақсат Досболов, Оразкүл Досболова бастаған топ мүшелері қысым көрсетіп, менің лимитімдегі суымды алуыма мәжбүрледі. Негізі, мен тамыздың 7-сіне дейін су алуды жоспарлап отыр едім,-дейді «ИС Жәңгір» ЖШС жетекшісі Жәңгір Исмайлов.
Бұл жерде ауылдағы егілген егіс көлемі бойынша мамырда жүргізілуі тиіс нақтылау шарасын «Майдантал» ауылдық округінің ауыл шаруашылығы бөлімі жүргізуі тиіс еді. Алайда, бөлім меңгерушісінің ауыл әкімінің бұйрығынсыз басқа адамдардың егіс алқабына аттап баса алмайтындығы рас. Оның сыртында заңды тұлғалардың бау-бақшасына кез-келген адамның баса көктеп кіруіне заң да қарсы. Яғни, бұл жерде егістік көлемін нақтылау жөнінде «Майдантал» ауылдық округінің әкімі Жандос Досболовтың тарапынан кеткен ағаттық болып отыр. Соның салдарынан су ысырабына жол беріліп қана қоймай, су пайдаланушылардың жүйкесі әбден жұқарғаны анық.
БІР-БІРІНІҢ СУ ҚОРЫНА АУЫЗ САЛУДА
«ИС Жәңгір» ЖШС жетекшісі Жәңгір Исмайлов: Менің ойымша биыл «Қаражон» лимит берген жоқ. Бірақ, тоғаннан 400 литрдей артық су бөлінді. Заң бойынша сол 400 литр су осы үш су пайдаланушыға бірдей бөлінуі тиіс еді. Ал, олар тоғандағы барлық су таусылғанша, менің лимитімдегі суымды ерте ішуіме мәжбүр етті. Қайта «Қаражонға» менің де суым кетті. Өйткені, шу шығарғандар тарапынан «лимит таусылмаса, тоқтамаймыз» деген ұран болған соң, менің өзім де қолымды қойып, құлағын ашып, төрт күн суды бердім. Шілденің 4-і күні су тоқтатылды. Қаражон Қаражон өз лимитінен 150 литр артық су ішіп отыр. «Арна» СТК өз лимитінен 400 литр артық су ішіп отыр. Мен өз суымды амалсыз бөліп бергендіктен, ұшпа-ұш шығып тұрмын. Мен артық бір грамм су ішкен жоқпын.
Ауылдағылар қазір 3 миллион 600 литр су ішті. Мен 1700 литр су іштім. Өзіңіз есептей беріңіз. Менің егісім 310 гектар. Ауылдың еншісінде бары 649 гектар. Менің есептеуімше 623 гектары егілді. Мен еккен қант құмайының жанында 40 гектары егілмей тұр. Менің ойымша бұларда 450 гектар ғана жерге егіс егілді. Екеуміздің арамызда айырмашылық 120 гектар. Ол екі есе су ішеді. Бұл бей-берекетсіздік. Неге өлшеммен, үнемдеп ішпейді. Неге ол 2 миллион 600 литр ішпейді. Өтірік тапсырыс беріп, менің суыма тиіспей тұрмай ма?
Менің ойымша, бұлар оны әдейі қасақана істеп отыр деп ойлаймын. Әкім сондай сауатсыз адамды біле тұрып, «Арнаға» жұмысқа қойды. Әкімнің сылтауы мынадай. «Халық сайлады ғой» дейді. Ал, оны таңдау және сауаттылығын тексеру әкімнің қолында емес пе? Өйткені, елге суды тиімді, тиянақты пайдалануға беруге әкім атсалысуы керек еді. Әкім елдің иесі болып табылады. Елге иелік ете алмаған әкім басқа жұмысқа ауысып кетуі керек деп есептеймін.
«Тұран Су» мекемесінің шілденің 26-сындағы мәліметіне қарағанда «Майдантал» су қоймасынан жалпы көлемі 1,841 гектарға 7,907 млн текше метр су бөлінген. Ал, «Майдантал» ауылдық округінің ауыл шаруашылы-ғы бөлімінің мәліметіне қарағанда, барлық егістік жерлердің көлемі 2099,8 гектар болса, оның егіс егілген жер кө-лемі 1470 гектарды құрайды. Егілмеген жердің көлемі 645,8 гектарға жетеді.
Ендеше, Майданталдағы 1,841-ден 1470 гектарды алғанда 371 гектары қалып қояды. Яғни, әр гектарға орташа есеппен 4295 литрден су бөлінгенін есептей келгенде 1,593445 литр судың шығыны келтірілгенін анықтауға болады.
«Майдантал» ауылдық округінің әкімі Жандос Досболовтың айтуынша, жазда судың иесіздігі салдарынан ақабаның сыртқа төгіліп жатқанына талай жұрт куә болды. Оның сыртында тасарықтардың (лоток) шұрық-тесігі арқылы жер астына да сіңіп кетіп жатыр.
– Бұл жерде тағы бір ескеретін нәрсе,мысалы егілген 1,470 гектар болатын болса, оның ішінде «ИС-Жәңгір», «Ынталы» және «Қаражон елді мекендері бар. Су лимитін бөлген кезде бұл жерде шаруа қожалықтары мен жеке үй іргеліктерін де ескере кеткен жөн. Мәселен, Майданталдың орталығы «Ынталыда» 420 үй бар. «Қаражон» елді мекенінде 110 үй бар. Және «ИС-Жәңгір» су пайдаланушы болып табылады.
Мынадай сұрақ туындауы мүмкін. «Ынталы» елді мекенінде егіс көлемі 450-500 гектар болса, «Қаражонда» да соған жақын. Пара-пар болуы мүмкін. Неге бұлардың лимиттерінің ара алшақтығы жоғары деген сұрақ туындайды. Неге Майданталға 3 миллион 300 литр, «Қаражонға» неге 2 миллион 700 литр деген сияқты сұрақ туындайды. Себебі, «Ынталы» елді мекенінде адам саны көп. Соған орай су кезегі де, судың ысырабы да көбейеді. Көп жерде ақаба суды пайдаланбай отырғандарын да көріп отырмыз. Мәселен, бір шаруа қожалығы 30 гектар алқапты 50 литрмен бір тәулікте суарады. Ал, сондай суды ауылдағылар алатын болса, кезегінің ретімен жиырма күн суаруы мүмкін.
Менің қолымдағы нәрсе, «Тұран Су» мекемесіне шаруалар санын, жер көлемін, биылғы егілуі мүмкін шамасын бере аламын. «Тұран Су» осыған қарап, кестесін бекітіп, лимитін белгілейді. Олар суару маусымы кезінде кестені мүмкіндігіне қарай өзгерте алады. Биылғы жылы су қорын «Ынталыға» да, «Қаражонға» да, «ИС-Жәңгірге» де барынша ұлғайтып бердік,-дейді «Майдантал» ауылдық округінің әкімі Жандос Досболов.
«Тұран Су» мекемесінің теңгеріміне толық өткені рас па?
Бұл мәселе бойынша Сауран ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің жауапты мамандарымен пікір алысқанымызда «Майдантал» су қоймасының құжаттары әлі де толық «Тұран Су» мекемесінің теңгеріміне өткізілмегендігін айтты. Бұған дейін Сауран ауданының бұрынғы әкімі Ғани Рысбеков пен қазіргі әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың тұрғындармен кездесуіне бұл мәселе жиі көтеріліп келеді.
Құжаттарға сүйенсек, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 18 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері туралы» №403 бұйрығына сәйкес, аудан деңгейінде су қоймаларын күтіп ұстау бағытында, бюджеттік бағдарламаның болмауына байланысты бюджеттен қаржы бөлуге мүмкіндік жоқ. Ауылдық округі әкімдігі тарапынан коммуналдық меншікке алынған мемлекеттік актіні Сауран ауданына өзгеріс жасап, техникалық төлқұжат пен мемлекеттік қабылдау актісін жасақтау жөнінде тапсырма берілді. Құжаттар толық рәсімделгенен кейін, «Тұран Су» мекемесінің теңгеріміне өткізу арқылы, жөндеу жұмыстарына ұсыныс берілетін болады. «Тұран Су» мекемесі 2019 жылы құрылған. Қазіргі таңда, мекеме Сауран ауданына қарасты есебіндегі су қоймалары мен каналдардың ағын суын реттеп келеді.
Қазіргі таңда Майдантал ауылдық округіндегі барлық арықтар мен бетонды лотоктар Майдантал ауылдық округінің теңгерімінде. Ауылдық округі әкімдігіне мемлекеттік актіні, техникалық төлқұжат пен мемлекеттік қабылдау актісін жасақтау жөнінде тапсырма берілді. Құжаттар толық рәсімделгенен кейін, «Тұран Су» мекемесінің теңгеріміне өткізіліп, жөндеу жұмыстарына ұсыныс беріледі.
«Майдантал» су қоймасы 2022 жылы «Тұран су» ШЖҚ МКК теңгеріміне берілді. Қазіргі таңда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ әзірленуде.
Аудан көлемінде жайылымдық жерлерді суармалыға ауыстыру кезеңінде тік дренажды ұңғымамен суару және ауылдың ортақ жайылымына кедергі келтірмейтін жағдайларда ғана ауыстырылады және жер комиссияның назарына ұсынылды.
Тұрғындар ауылдағы жайылым жер иелерінің жердің нысаналы мақсаттарын суармалы жерге ауыстырып, ауылға келетін ағын су жетіспейді, осыған тиісті шаралар қолданса деген тілектерін жеткізді.
Бұған әкім тиянақты жауап берді. «Тиісті ағын судың меншік иесінің құзырлы мекемелерден (каналдардың иелері: ауыл округ әкімі аппараты, «Тұран Су» МКК, «Қазсушар» РКК ) тарапынан тиісті судың мөлшері жеткілікті деген анықтамасы болған жағдайда ғана нысаналы мақсаттары ауыстырылады. Басқа жағдайларда нысаналы мақсаттары ауыстырылмайды».
Тұрғындар тарапынан суармалы жерді егістікке алу жайы да қаралды.
Әкімнің айтуынша, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1 бабына, 48 бабына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 518 бұйрығына сәйкес, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру үшін суармалы жер телімдерін ұзақ мерзімге жалға беру жөніндегі конкурс негізінде алынатыны хабарланды. Егерде бос жерлер болған жағдайда конкурс әр тоқсан сайын өткізіледі. Ал, Қаражон ауылында тоғанның ағын су қоры суару мүмкіншілігіне сәйкес 1200 гектар суармалы жерге жетеді. Сондықтан, қосымша суармалы жерлер берілмейді.
– «Тұран Су» мекемесінің теңгеріміне өткелі бері су қоймасының маңына ағымдағы жөндеу жасалып, маңын тазалады. Қазіргі таңда екі шақырымдай жерге электр бағаналарын тартып, трансформатор орнатып, жарықтандыру жұмыстарын жүргізуде. Дабылқаққыш орнатылды. Қазірдің өзінде біраз жұмыстар жасалып қалды. Тасарықтарды күрделі жөндеуден өткізу жөніндегі құжаттарын енді аяқтадық. Олардың құжаттарын да аяқтасақ осы айда «Тұран Су» мекемесінің балансына бергелі отырмыз. Таяу жылдары «Тұран Су» мекемесі «Қаражон» мен «Ынталы» елді мекенінің тасарықтарын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізсе, суды ысырап болуы едәуір азаятын болады. Бұрынырақта Майдантал су қоймасының сыйымдылығын 14 миллион текше метрге жеткізу жобасы болған екен. Өңірде халықтың саны күн санап көбеюіне байланысты құрғаған кезде су қоймасының табанын тазалап, дамбасын биіктетіп, ауқымын кеңейту жұмыстарын қолға алмақпыз. Қыс айларында тоғанда 12-14 миллион текше метр су жиналса, қосымша жеті-сегіз құдық қазсақ, Майданталда су тапшылығы болмайды,-дейді «Майдантал» ауылдық округінің әкімі Жандос Досболов.
ҚАНТ ҚҰМАЙЫ ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚТАН ҚУРАП ҚАЛДЫ
Майданталдық кәсіпкер Жәңгір Исмайлов қашанда жаңалық атаулыға жаны құмар болғандықтан осы өңірге қант құмайы өсімдігін жерсіндірудің мүмкіндігін қарастырып көрді. Биылғы жылы өнімі мүлдем аз. Құрғақшылық салдарынан, бойы төрт метрге баруы тиіс қант құмайының бойы метрге де жетпейтін сәтінде алқапта қурап қалды. Мұның себеп-салдарын толық айтып беруін өтіндік.
-Биылғы көктемде Түркістан облыстық «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау орталығы басшыларымен ақылдаса отырып, Қызылорда ғылыми-зерттеу орталығы және «Атамекен» басшылығымен бірлесіп, Сыр өңірінде тәжірибелік сынақтан өткізіліп жатқан осы қант құмайының тұқымын көріп қайттық. Онда жоғары тиімділік көрсетіп жатыр екен. Таулы, суы тапшы жерге қолайлы дегеннен кейін біз де Алматы ғылыми институтынан тұқымын алдырттық. Ауыл әкімі, «Атамекеннің» басшылығы бар, «Түркістан» телеарнасын шақырып, арнайы семинар секілді өткізіп, 20 гектар жерге сынақ ретінде ектік.
– Бұл сонда су тапшылығына байланысты ғана өсіріліп отырған өсімдік пе?
– Қант құмайын баптап өсірсе, табыс шаш-етектен болады. Бірақ сол кезде су тапшылығы болатындығы ескертілді. «Атамекен» басшылығы да суды үнемді пайдалану мүмкіндігімізді есептей отырып, егіп болғаннан кейін, «судың лимиті бітіп болғанға дейін аласыз» деген әкімнің уағдасына ауылдастарымыз көп кедергі келтірді. Оған не ауыл әкімі не «Тұран Су» мекемесі иелік ете алмай қалды. Екі рет су ішкеннен кейін, үшінші рет суды іше алмай қалды. Негізі, қант құмайы дақылы үш мәрте су ішіп алғаннан кейін, суды онша қажет етпейді. Мұның биіктігі 3,5 метрге дейін өседі екен.
– Сынақ өткізгенде қандай дәйекке сүйендіңіздер?
– Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қант қызылшасының өнімін 43 пайызға дейін жеткіземіз деген тапсырмасы негізінде орындалып жатқан сынақ-тәжірибе болатын. Егер жақсы нәтиже көрсетсе, өңірдегі басқа ауылдарда да өсіру мақсатымен Түркістан облысы әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы басқармасының қадағалауында тұр. Бұл өсімдік 19-27 пайызға дейін қант шырынын береді екен. Егер биыл ойдағыдай өнім алғанда, келер жылы халықты осыған жұмылдырып, тұрғындардың табыс көзін және су үнемділігін арттырамыз деген ниетте болған едік. Алайда, оншақты адамнан құралған тұрғындардың маған барынша су бермеудің амалдарын жасау барысында су уақытында берілмей, осындай күйге түстік.
– Мүлдем өспей қалыпты ғой. Жалпы тыңайтқыш бердіңіздер ме?
– Жапырақ арқылы берілетін сұйық тыңайтқыш бар. Оны бір мәрте беріп шықтық. Екінші судан кейін тағы да беремін деп отырғанымда екінші суға жете алмай қалдым. Жазда екі өнім аламын деп астына жоңышқа еккен едім. Үстінде қант құмайы. Сондықтан жаңадан бастаған сынақ тәжірибем осындай қиындыққа ұшырап отыр. Шамамен әр гектарына 100 мың теңгедей жұмсадым. Жиырма гектарға екі миллиондай ақшам кетті.
-Сіздің ішкі есебіңіз бойынша жиырма гектардан қанша өнім шығуы керек еді?
– Негізі ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша қант құмайының әр килосынан он процент беретін болса, ең кемі 19 пайыз қант шырынын береді. Ал, енді мал азығы ретінде бір жазда төрт рет орып алуға мүмкіндік болады екен. Ол кезде әр гектарынан орғанда 16-80 центнерден келтіруге болатын көрінеді. Үш-төрт рет орып алған жағдайда, 360- 380 центнер мал азығын береді деген есебіміз болған. Алайда, дәл қазір гектарынан бір тоннадан да бермейді. Яғни, мен биылғы жылы қолдан жасалған банкроттыққа ұшырадым.
– Бұған (субсидия) қайтарымсыз қаржы алған жоқсыз ба?
– Ешқандай қолдау қаржы алған жоқпын. Тек қадағалауда тұрмын. «Атамекен» басшылығы келіп-кетіп көріп жүр. Енді қалған азғантай суды неге беремін деген сұрақ туындағанда, 36 гектар «Бакинка» атты қауынымды сынақ тәжірибе ретінде өсіріп жатқандықтан, қалған суымды тоғанға арнайы дизел орнатып, соған қауынға бар суды беріп жатырмын. Ертең менен «неге сынақ-тәжіриеге арналған алқапқа су бермедің?» деген сұрақ туындайды. Өйткені, қант құмайдан түсетін табыстан қауын өсіруден түсетін табысым ең кемі 70 миллион теңге көлеміндегі табыс көзі болғалы отыр. Сондықтан, өздеріңіз куә болған қиындықпен болса да, сол қауынды сақтап қалу мақсатында жасап жатырмын. Енді тағы да 30-40 литрден шығаруға болғанда, қант құмайына қайта су берер едім. Бұл бір жылдық өсімдік. Маңынан мал бордақылауға және сауын сиыр өсіруге өте ыңғайлы мекен. Президентіміздің жарлығы бойынша қант құмайы өсімдігінен мол өнім алатын болсақ, ол кезде қызылшадан гөрі әлдеқайда тиімді болғалы тұр. Әрі қант шырынын, әрі құнарлы мал азығын іргемізде дайындайтын боламыз. Диқанға барынша тиімді әрі табысты болғалы тұр.
– Биыл бұл алқаптан күткендегідей өнім бермесе де келесі жылы қайта егесіз бе? Басқа тыңайған жеріңіз бар ма?
– Менің осы Майдантал ауылдық округінде 623 гектар жерім бар. Су тұрақтылығын тапса, егу тұрақтылығы бар. Менің суды барынша үнемді пайдалану жөніндегі өзіме –өзім қойған сертім бар. Бір гектар жерді 18-20 литр суменен бір суарып ала аламын.
– Енді осы алқапты, су тапшылығына байланысты тамшылатып немесе жаңбырлатын суғару мүмкіншілігі бар ма?
– Егер де инфрақұрылымы жақсарған жағдайда, жаңбырлатып суару мүмкіндігі бар. Бұрын жаңбырлатып суару жүйесін мемлекеттің қолдауымен алдық. Енді іске кіріскен кезімізде, мемлекет тарапынан инфрақұрылымға қаржы бөлінбей қалды. Жеке кәсіпкер жаңа өздеріңіз көргендей амортизациялық пайдалану мерзімінен өтіп, тозығы жеткен немесе қырық жыл болған жарамсыз жер асты құбырларын тиімді пайдаланып жатқан жағдайым бар. Тағы да бір жарым шақырымдай Кеңес Одағы кезінде жер астынан жүргізілген құбырларды іске асыру мақсатында ауыл әкімінен он рет сұрап барған шығармын. Әкім: «Оны қауымдастық береді. Ол халықтың мүлкі» деген сылтаумен шығарып салады. Осыған байланысты әкімдіктен ешқандай қолдау көре алмадым. Өйткені, әкім мемлекет қолдап отырған кәсіпкерге көмек көрсету орнына, өзінің маңындағы бір фамилиялас туыстарының немесе менің өнімімді болдырмауға атсалысып жүрген жандарды қолдап отыр деген ойдамын. Болмаса, маған қарсы шығып жүрген өз бауырларына, ауылдастарға тыйым салуға, өзіміздің жергілікті тұрғындарға көл-көсір пайдасы бар саланы дамытуға қолдау көрсетпесе, неге отырғанын түсінбеймін.
Әкімнің де, ауылдастарының да қолдауына ие болмай отырған майданталдық кәсіпкер «ИС Жәңгір» ЖШС-інің жетекшісі Жәңгір Исмайловтың сынақ-тәжірибелік мақсатта егіп отырған қант құмайы (сорго) дақылы жөнінде Қызылорда облысында өткізілген сынақтан кейінгі жағдай туралы білгеніміз жөн. Осыған орай алтынға бергісіз елуден астам өнім шығаруға болатын табысты сала қант құмайын өсіру туралы ғылыми мақаладан үзінді келтірелік.
Қызылорда облысындағы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары кейінгі кездері оны тәжірибелік негізде сынақтан өткізді. Өнім деңгейі көңіл көншітерлік.
– Қант құмайы біздің өңірге өте қолайлы. Олар топырақтағы тұздарды өзіне сіңіреді, тамыры жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы ол өскен кезде балауса күйінде орып, жермен қоса жыртып тастаған жағдайда биоорганика болады. Қант құмайы – жүгері секілді өсетін дақыл. Әлемде одан 50-ге жуық өнім алуға болатыны дәлелденген. Биоэтанол, спирт, қант шырынын алуға және одан қалған қалдықтан мал азығындық өнім өндіруге мүмкіндік бар. Балауса күйінде жем-шөп есебінде пайдалана аласыз, – дейді институт директоры Бақытжан Дүйсембеков.
Оның айтуынша, қант құмайы – негізінен Африкада өсетін дақыл, суға оншалықты тәуелді емес. Тіпті, су тапшылығы болған уақытта да ол жасыл күйінде тұра береді, ылғалдығын сақтайды. Содан кейін су берсең, қайтадан көктеп, жапырағын жая түседі. Мұндай жағдайда жүгері сарғайып, қурай бастайтыны белгілі. Оны өндіріске пайдаланған жағдайда екі-үш жылда өз шығынын толық ақтайды. Әлемде одан өндірілген 1 келі шырын 4 АҚШ долларына жуықтайды екен. Есепке салып қарасақ, бір шаруашылық 150 гектарға қант құмайын егіп, одан түрлі өнімдер алса, табысқа кенеледі. Бұл дақыл құрамының 20 процентін қант құрайды. Оны сүт бағытындағы сиырларға берсе, сүттілігі 2-3 есеге дейін артады. Демек дақылдың мал шаруашылығына да тиімділігі зор екенін бағамдау қиын емес.
PS: Сауран ауданының орталығынан ең шетте орналасқан Қаратау бөктеріндегі Майдантал ауылдық округінің жері негізінен құрғақ, мал өсіруге қолайлы мекен. Алайда, 9 миллион текше метрге дейін су жиналатын «Майдантал» су қоймасының мүмкіндігін барынша үнеммен, кесте бойынша пайдаланып, жаңбырлатып, тамшылатып суаратын технологияларды өндіріске енгізсе, лезде елдің еңсесі көтеріліп қалатын түрі бар. Алдымен «Тұран Су» мекемесінің теңгеріміне өткен күннен бастап тасарықтарды (лоток) күрделі жөндеуден өткізіп, бағбандар бау-бақшаларға су баратын арықтарды тазалап, жөнге келтірсе жиырма пайызға дейін суды үнемдеуге болады екен. Оның сыртында мамандар «Майдантал» су қоймасына күрделі жөндеу өткізіп, жылына 12-14 миллион текше метр су жинауға болатындығын айтып отыр. Бәрінен бұрын ауылдастардың ауызбіршілігі мен ынта-жігері бір мақсатқа бағытталса, алынбайтын асу жоқ.
Ескендір ЕРТАЙ.