Бүгін қалалық мәдениет үйінде “Ақ баталы Абыз – 2019” атты батагөй қариялар байқауы өтті. Атадан балаға деген ұғымды халық арасында ұрпақтың бойына сіңіру, ата-бабамыздан қалған бай мұрамызды жаңғырту, жас ұрпақты мейірімді, зерделі, арлы болып өсуге баулыған шара үш кезеңді қамтыды.

Қала әкімінің орынбасары М.Базарқұлов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетовтер игі істердің бастамасында әрдайым ақсақалдар мен аға буын өкілдерінің үлес қосатынын алға тартып, ата-әжесінің батасын тыңдаған бала алғыр, намысшыл, тәрбиелі, батыл болатынын айтып, сәттілік тіледі.

Данагөй ақсақалдар алдымен “Сәлем – сөздің анасы” кезеңінде өздерін таныстырып өтсе, “Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” кезеңінде қолдан жасаған ат әбзелдерін, ас үйге қажетті құралдарын, қолға қалам алып жазған шығармаларын көпке көрсетті. Ал, соңғы “Білгенге маржан” кезеңінде елін, жерін, шаңырақ, дүниеге келген нәрестені баталарында арқау етті.

Аламан бәйгеде парасат пайымымен қалалық “Қазақ тілі” қоғамдық қорының төрағасы Мұсахан Дүйсекейұлы I орынға ие болса, қалған 4 ақсақалымыз да кезекті орындармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
“Түркістан-ақпарат”.
