Сенбі күні қала әкімдігінде кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөнінде мекемеаралық мәжіліс өтті. Қала әкімінің орынбасары М.Базарқұлов төрағалық еткен жиынға қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Е.Өсербаев, сондай-ақ, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақдәулет Әуелбековтың баяндауынша, орын алған қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға зерделеу жұмыстарын жүргізе отырып, әр аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері арнайы «Нүктелік», «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Қайыршы», «Жасөспірім – заң – қауіпсіздік», «Абайлаңыз, балалар!», «Зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Бақытты балалық шақ», «Жазғы демалыс» сынды бірнеше іс-шаралар легі өтіп, өз нәтижесін берген. Бүгінде 57 жасөспірім және 35 жайсыз жанұя есепте тұр. Атқарылған жұмыстарға қарамастан, 10 ай қорытындысы бойынша кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қылмыстар 70 пайызға, яғни 20-дан 34-ке өскен. Талдап айтар болсақ, 34 қылмысқа 25 жасөспірім қатысқан. Оның ішінде мектеп оқушылары, колледж студенттері және оқымайтын, жұмыс істемейтіндер де бар. Б.Әуелбеков өз кезегінде аталған мәселелерді жылдам шешу үшін шаһардың зиялы қауым өкілдерін және халық қалаулыларын жұмыла күресуге шақырды.

Ал, қалалық білім бөлімінің басшысы А.Батырбекова білім ошақтарындағы жаңалықтар мен орын алған келеңсіз оқиғаларға тоқталып өтті. 2019-2020 оқу жылында 37 күндізгі мектепте жалпы саны 41691 оқушы білім алуда. Былтыр жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылық саны 36-ны құраса, биылғы жылдың 9 ай қорытындысы бойынша 47 оқушы профилактикалық есепке алынған. Мұндай олқылықтардың алдын алу үшін барлық білім беру ұйымдарына бейнебақылау камераларын орнату, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру және дамыту іс-шараларын өткізу, оқушылардың мектеп қабырғасында ұялы телефон пайдалануға қатаң тыйым салу сынды бірнеше ұсыныстарын айтып өтті.

Шаһар басшысының орынбасары кездесуде: «Біздің қазіргі қызметімізді болашақта жандандыратын да бүгінгі ұрпақ. Біз білім саласына қатысты көрсетілетін қызметтерді автоматтандыратын боламыз. Бос жұмыс орнына орналасу қалай жүретінін кез келген адам онлайн режимде көре алады. Бұл тәсілді алдымен директорларға пайдаланатын боламыз. Мектептердің бірқатарын бағамдап, талдап көрдік. Мүмкіндігінше ішке әжетхана орнатуға және көгілдір отынға қосуға жағдай жасалынатын болады», – деген ақпарат айтып, алдағы мереке күндерде оқушылардың тәртібін қатаң бақылауды тапсырды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».
