МӘСЕЛЕЛЕР ӘКІМНІҢ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУЫНДА

1  288 көрілім

Түркістанда жылу жүйесінде техникалық ақау орын алған. Салдарынан I және II мөлтек аудандарындағы көпқабатты тұрғын үй иелері жылудың шарапатын көре алмай отыр. Бұл – шаһар басшысы Рашид Аюповтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланған өзекті мәселенің бірі. Бүгінде ақауды сала мамандарының көмегімен қалпына келтіру шаралары жүргізілуде. Қолайсыздық үшін тұрғын үй инспекциясының басшысы Қаныш Үркінбаев тұрғындардан кешірім сұрап, қолдан келген шара қарастырылуда дейді.


Облыс орталығында білім бөліміне қарасты 32 мектеп ғимараты болса оның 6-ның ішінде әжетхана қарастырылған. Бөлім басшысы Ақмарал Батырбекова екі корпустан тұратын қосымша 6 мектептің ескі ғимаратында әжетхана болмағанымен жаңа бөлігінде заман талабына сай ішкі әжетханасы бар деп мәлімдеді. Қала басшысы білім ұяларына қажеттілігіне қарай модульді әжетхана орнатуды ұсынды. Сондай-ақ, мектеп аулаларына қоршау орнату, бейнебақылау камераларын көбейту мәселесі де кеңінен талқыланды. Қаржылық есебі белгілі болса ұсыныс нақты жүзеге асырылуы мүмкін.


Бекзат Саттарханов даңғылы мен Қазыбек би көшесінің аралығында орналасқан Жолбарыс хан көшесі бойында сенбі-жексенбі күндері қала көлеміндегі іс-шаралар өткізілуі көзделуде. Кәсіпкерлік мақсатта мұнда сауда-саттық жасауға рұқсат беріліп отыр. Бұл жөнінде түркістандықтарды құлақтандыруды жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Байдулла Оразбековке жүктелді.


Әлеуметтік желі арқылы атқарылып жатқан істерді тұрақты түрде жариялауды ұсынған қала әкімі барлық дербес бөлім басшыларына әлеуметтік желіде белсенділік танытып, тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беруге шақырды. Сондай-ақ, «Отырар» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің сапасын сынға алған Рашид Абатұлы аталған мәселелер бойынша жауапты сала өкілдері жазасыз қалмайтынын, ол үшін қосымша қызметтік тексеріс жүргізілетінін қатаң ескертті.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».
Суреттерді түсірген:
Антон ЛЕЩЕНКО.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы